Қазір үлкендермен бірге балалар мен жасөспірімдер де тәулігіне кем дегенде 4-5 сағат әлеуметтік желілердегі ақпаратты тұтынады. Ақпараттық технологиялар адамзатқа зор мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлерді көбейтті. Жақында америкалық ғалымдар гаджетке тәуелділік туралы зерттеу жүргізіп, күн сайын әлеуметтік желіден 2 сағат бейнематериал көретін 3 жасқа толмаған балалардың сөйлеуге деген қабілетінің тез нашарлағанын жария етті. Яғни, 3 жасқа дейінгі балаға мүлдем смартфон бермеу керек. Қытайда қазір 8 жасқа толмаған балаларға интернетті күніне 40 минут қана қарауға рұқсат ететін заң жобасы қызу талқылануда. Демек, балаға әлеуметтік желінің пайдасымен қатар зияны, қаупі артып отыр деген сөз. Енді осы мәселеге талдау жасайық.
ЗИЯНДЫ КОНТЕНТТЕН ҚАУІП КӨБЕЙДІ
Қазақстандағы балалардың 15 пайыздан астамы күнделікті интернеттегі зиянды ақпаратпен бетпе-бет келеді. Биыл наурызда Оқу-ағарту министрлігінің ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізген «Kazakhstan Kids Online» атты әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін жариялаған мамандар осындай тұжырымға келген. Әлеуметтанушылардың пікірінше, Қазақстандағы балалардың 5 пайызы (!) 3-4 жасына дейін жаһантордағы ақпаратты тұтынады. Ал 9-дан 10-жасқа дейінгі балалардың 60 пайызы, 11 жастан 12-ге дейінгі балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерден өз аккаунтын ашып, ойын ойнайтын платформаларды белсенді пайдаланады.
ЮНИСЕФ мамандары анықтағандай, еліміздегі балалардың 15,3 пайызы аптасына я болмаса айына бір рет интернеттегі жағымсыз ақпаратты тұтынады. Соның нәтижесінде балалардың 11,7 пайызының мінез-құлығы бұзылып, психикалық тұрғыдан зиян шегеді. Статистикалық деректерге үңілетін болсақ, қазіргі кезде кибербуллингке ұшыраған балалардың (52,1 пайызы) ол туралы жан баласына тіс жармайтыны анықталып отыр. Қазақстандық ата-аналардың 17,6 пайызы ғана интернетте таралатын тыйым салынған контент пен зиянды ақпаратты сүзу құралдарын пайдаланады. Көбінесе күндіз жұмыстан қолы босамайтын ата-аналар балаларының қауіпсіздігі мен амандығын біле тұра смартфондағы «Ата-аналар бақылауы» деген қызметті назардан тыс қалдырады. Өкініштісі сол, мұндай жағдайды өз мүддесіне сәтті пайдаланатын интернеттегі алаяқтар мен арам ниеттілер ойына келгенін істейді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – ЖАУЫЗДЫҚ ТЕРЕЗЕСІ
Өткенде әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан балабақшадағы кішкентай балалардың, соның ішінде бір қатыгез баланың өз тобындағы бір баланы жерге жығып салып, аяусыз тепкілегенін көрдік. Басы жарылып, миы шайқалған баланың әке-шешесі полицияға арыз жазған соң, ана сотқар баланың әке-шешесіне сөгіс беріп қана жазалады. Мектептегі оқушылар екі күннің бірінде біреуді сабайды я болмаса құрдасын не мұғалімді пышақтайды. Павлодардағы жантүршігерлік оқиға осыған дәлел. Ақтаудағы соңғы қоңырау салтанатындағы қып-қызыл төбелесті де БАҚ, әлеуметтік желілер жарыса жазып, жаманшылықты жалпақ жұртқа жеткізді.
Үлкендермен бірге мұндай масқараны балалар да көріп отыр. Психолог-мамандардың айтуынша, өзінің жасына сай келмейтін ақпаратқа қолжетімділік баланың психикасын бұзады, моральдық нормалар мен шынайы өмірді түсінуін бұрмалап жеткізеді. Зорлық-зомбылық, жауыздық пен хайуандық көріністер әр баланың өзі мен жақындарының қауіпсіздігі үшін уайымға салып, депрессияға, сенімсіздікке, әлеуметтік фобияларға деген үрейін ұлғайта түседі. Олай болса, жауыздық пен зорлықты насихаттайтын мұндай ақпараттарды таратуға заң жүзінде тыйым салуымыз керек.
Datareportal халықаралық цифрлық қызметінің мәліметтері бойынша Қазақстандағы әлеуметтік желілерді тұтынушылардың саны биыл 3,7 млн адамға көбейген. Еліміздегі халықтың 71,5 пайызы әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Соның ішінде, өткен жылы TikTok-ты пайдаланушылар саны 3,7 млн адамға (35 пайызға), Instagram-ды пайдаланушылар саны 1,7 млн адамға (16 пайыз), Facebook-ті пайдаланушылар саны 400 мың адамға (18 пайыз) өсіпті. Осы жерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген кемшілікке жол беріп отырмыз. Мұны прокурорлар мен депутаттар ашық мойындап, өз ой-пікірлерін қоғамға естіртіп жүргеніне куәміз.
ҚОРҒАНСЫЗ БАЛА – ҚОҒАМНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ
Астана қаласы прокурорының кәмелет жасқа толмағандар жөніндегі аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова кейбір мектеп басшылары күйзеліске ұшыраған балаларды анықтай алмай, мәселені жасырумен әлектенетінін айтады. «Қазір мектеп балаға ең қауіпсіз жер болуы керек. Алайда прокурорлар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы көптеген кемшіліктің барын анықтады. Қылмыстың алдын алу жұмыстары жүргізілмегендіктен я болмаса әлсіз жүргізілгеннен балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс, суицид оқиғалары азаймай отыр. Мысалы, биыл Астанада балалар арасында жыныстық сипаттағы қылмыс өршіп кетті. 24 балаға қатысты жыныстық зорлық жасалғаны анықталды. Былтыр 83 бала суицид жасады, соның ішінен 12 баланың өмірін арашалап қала алмадық. Биыл да өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелді. Бұл – бір ғана отбасының қайғысы емес, күллі қоғамның қасіреті» дейді А.Өмірзақова.
Ол қазір балалардың өмірде физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық тұрғыдан да қорғансыз қалғанын ашық айтты. «Мектептерде баланың психологиялық жағдайына назар аудармаймыз. Мектеп психологі тығырыққа тірелген, жаны күйзелген баланы анықтай алмайды. Көп жағдайда сынып жетекшісі мен директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары жеткілікті дәрежеде жұмыс жүргізбейді. Бұдан бөлек, мектеп әкімшіліктері осындай мәселе туындаса оны жасырып-жабумен әлек болады» дейді ол.
ЖАЗАЛАУ ЕМЕС, БОЛДЫРМАУ ТИІМДІРЕК
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков балаларға қатысты заңсыздыққа жаза тағайындағаннан, оның алдын алған тиімдірек деген пікірде. «Өкініштісі сол, мұндай келеңсіз жайттар адамзатпен бірге «өмір сүріп» келе жатыр. Бұл тұрғыда, бүлдіршіндер психологиясының бұзылуына ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуі, көңіл бөлмеуі, көкөрім баланың смартфон немесе теледидардан сүзгіден өтпеген дүниелерді көруі, отбасындағы зорлық-зомбылық сынды факторлар әсер етеді. Әлбетте, әрбір кінәлі адам тиісті жазасын алуы шарт. Әйтпесе, орынсыз жасалған жеңілдік өзгелердің немқұрайды қарауына соқтыруы ықтимал. Дегенмен, заңсыздыққа жаза тағайындағаннан, оның алдын алған тиімдірек» дейді ол.
Халық қалаулысы қазір балалар өзіне қажетті дүниені әлеуметтік желіден алатынын айтады. «Бүгінгі жастарды телефон тәрбиелеп жатыр. Әлеуметтік желімен азықтанып жатқандар көп. Бұл мәселені Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да: «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес» деп атап айтты. Қазіргі заманның шындығы – осы. Үйде «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмағандықтан, балалардың интернеттен қолы босамайды. Өзіне керек дүниені әлеуметтік желіден алуда. Үлкендік жасап, ақыл айтып, кеңес беретін әке мен шеше де телефонға телміріп кеткен. Осының салдарынан бүгінгі күні жастар мен бүлдіршіндер арасында дұрыс сөйлей алмайтын, ойын жеткізе алмайтын аурулар түрі көбейді. Біз бұл үрдіспен күресу үшін жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда санасы өсіп, білімі жетіледі. Өмірге деген көзқарасы өзгереді. Жалпы, қазіргі жастардың барлығы бірдей емес. Өздеріне пайдасыз істермен айналысып, өмірін құр өткізіп жүргендер бар. Кітап оқып, білім алатын, спортпен шұғылданып, түрлі жетістікке қол жеткізіп жүрген өскелең ұрпақ басымырақ деп ойлаймын. Ал, қоғамға қауіпті кеселдерді еңсеру процесі әрбір жанұядан басталып, балабақша, мектеп, түрлі үйірме мен жоғарғы оқу орындарында жалғасуы керек. Мұндай үрдістің салтанат құруына сіз де, мен де, өзгелер де жауапты» дейді Ұ.Сәдібеков.
TIKTOK-тың ТЕРІС ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Қазір еліміздегі мектеп оқушыларының 9 пайызы буллингтен зардап шегеді. Әлеуметтанушы-мамандардың айтуынша, әрбір 13-ші жасөспірім төбелеске қатысады. Ұлдардың 12 пайызы және қыздардың 4 пайызы сыныптасын не өзге оқушыларды ұрып-соғуға үнемі дайын тұрады екен. Қазақта «бала көргенін істейді» деген сөз бар. Әлеуметтік желіден көрген жауыздықты өмірде қайталағысы келетін жасөспірімдердің саны артуда. Бәріне себеп – әлімжеттік пен жабайылықты насихаттайтын әлеуметтік желілер. Парламент депутаттары бұл мәселеге бірнеше рет үн қосып, Үкіметке ұсыныстарын айтты.
Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев қытайлық TikTok-қа «Ұлттық құндылықтарға жат» және «Адамдық қасиеттердің жоғалуына себеп болатын материал» деген тетіктер қосуды талап етті. «Ақтөбе облысының 28 жастағы тұрғынының 8-11 жас аралығындағы етегін жинап үлгермеген жеткіншектеріміздің жалаңаш суреттерін порнографиялық сайтта саудалағаны үшін бас бостандығынан айрылуы және азаматтар тарапынан өтініш-шағымдардың көп түсуі бұл салада бақылаудың әлсіздігін меңзейді. TikTok желісінде «Менің өтінішімді орындасаң 10 мың теңге беремін» деп жазбалар қалдырып, жеткіншектерді арбауына түсірген қаскөй 700 мың теңге үшін 48 жалаңаш сурет пен 9 порнографиялық мазмұндағы видеоларды жинап, жариялап үлгерген. Бұл жағдай – өрімдей жастарымыздың ғаламтордағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі» деді депутат Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.
Халық қалаулысы бүгінгі жастарымыздың ұлттық менталитетке жат контенті көп негізінен қытайлық TikTok платформасын қолдануға әуестігін қадап айтты. «Статистикалық мәліметтер бойынша бұл желіні қолданушылардың 75 пайызға жуығы 13-24 жас арасындағы жастарды құрайды. Тіпті 4-5 жас аралығындағы балалардың өзі күнде 75 минут уақытын сонда өткізетінін зерттеулер көрсетті. TikTok-тың ауқымы кеңейген сайын Қазақстанда деградацияға ұшыраған өскелең ұрпақ санының күрт артқанымен тікелей байланысты. Өзгеге деген өшпенділік, қатыгез мінез-құлық көрсететін, эмоциясы жұтаң жастар көбейді. Әсіресе TikTok-тағы тікелей трансляциялар, стримдер кезіндегі ұлттық менталитетімізге жат контенттер уайым туғызуда. Стримдердегі әйелдер киімін киген ерлер, еркектің қылығын жасаған қыз-келіндер, бетін зеленкамен бояған, шашын қиған, бет-әлпетіне ұятсыз сөздер жазған, бір сөзбен айтсақ, құбыжық кейіпке енген «жұлдыздар» жастардың көзайымына айналуда. Жас ұрпақ сауатсыз пікір жазып, бейәдеп сөйлеуге дағдыланып барады. Әлеуметтік желідегі араздасу желіден тысқа шығып, қантөгіске дейін жалғасуда. Масы бар, расы бар, ұлтаралық алауыздық тудыратын сөздер айтып, тіліне ерік бергендердің, оларды тауып жазалауға үгіттегендердің бейнежазбалары жиі-жиі кездесуде. Тікелей эфирде құмар ойындары еркін ұйымдастырылуда. Ниқаб, бұрқаға тұмшаланғандар да қалың аудиторияға еркін дәріс беріп отыр. Жат діни ағымдарға үгіттеп ілім беретін парақшалар самсап тұр. Осындайда «Соқыр соқырды жетектесе, екеуі де орға құлайды» деген халық даналығы еріксіз еске түседі» деді депутат.
Ол батыс елдері TikTok синдромының теріс әсеріне қарсы күрес жүргізіп жатқанын, Қазақстанда да сондай шектеулер енгізу қажеттігін алға тартты. «Еуропаның көп елінде TikTok-ты тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тексерістер жүргізілгені дәлел. Соның нәтижесінде балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіні анықталып, Еуроодақ тарапынан TikTok-қа қатысты 368 миллион еуро сомасында айыппұл салынды. Бұл TikTok-қа қатысты жалғыз шара емес. Кәмелетке толмағандардың мәліметтерін сақтаудағы және өзге де олқылықтары үшін TikTok АҚШ-қа 5 млн доллар, Нидерландыға 750 мың евро, Ұлыбританияға 15 млн евро көлемінде айыппұл төлеген. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан өз аумағында ТикТокты толық бұғаттады» дей келе нақты ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та TikTok-қа шектеу қоюға қатысты ұтымды, өткір ұсыныстар айтты (сілтемесін қараңыз: https://astana-akshamy.kz/tiktok-qa-shektew-qoyajyq/).
ТҮЙІН. Сәуір айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok-ты бұғаттау туралы мәселе қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Ал TikTok-тың өкілдері министрдің мәлімдемесіне «таң қалумен» жауап берді. Бір әлеуметтік желіні бұғаттасақ, екінші бір желіні ашып алатыны анық. Өйткені, ол – адамдардың табыс табатын, «өмір сүретін» жері. Ең бастысы, баланы зиянды ақпараттан қорғаймыз десек, әр ата-ана шынайы көңіл бөліп, бос уақытын бақылап, дұрыс адам болуына ықпал етуі керек.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист.
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!