Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«БӘРІ – СЫНШЫ, БӘРІ – САРАПШЫ…» неге біз тек сөздің адамына айналып барамыз?

08.08.2024, 12:00 766

Өткен жыл еліміз үшін алапат өрт оқиғасымен есте қалды. Ал, биыл су тасқыны бірнеше облыс тұрғындарын әбден әбігерге салды. Әр оқиғадан соң «осыдан сабақ алу керек!» деген мәтіндегі пікірлер айтылады һәм жазылады. Әрине, апат айтып келмейді. Дей тұрғанымен, кез келген табиғаттың тосын «мінезін» болжауға болады әрі оған дайындық қажет. Алдын ала буынып-түйініп отырмасақ та, қауіп-қатерге қарсы тұрарлықтай іс-әрекет жасалуы керек. Әлеуметтік желілерде болары болып, бояуы сіңгеннен соң, «я өртті сөндіре алмаймыз, я суға қарсы тұра алмаймыз» деген сарындағы кекету жазбаларын көп кездестірдік. Мүмкін жанашырлық шығар. Әйтеуір, бәрі – сыншы, бәрі – сарапшы.

Жалпы, кез келген сала ғылыми зерттеу мен көпжылдық тәжірибені қажет етеді. Яғни, ғалым мықты болса, мемлекет те қуатты саналады. Сосын елдегі әрбір оқыс оқиғадан соң кадр тапшылығы, білікті мамандардың жоқтығы сөз болады. Оған материалдық-техникалық базаның ескіргенін тағы қосыңыз. Әлбетте, орынды сын керек-ақ. Сын шын болса, диагноз да дөп тиеді деген сөз. Дамыған елдерде барлық жайтқа ғылыми көзқараспен қарайды. Ол жерлерде өнерпаздың емес, өнертапқыштың беделі басым.

Дәл осы кезде төртжылдықты түйіндейтін Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Десе де, нағыз талас-тартыс әлеуметтік желіде жүріп жатыр ма дерсің!? Спорттың «иісі» мұрнына бармайтындар да сынап жатыр, диван батырлары да – жанкүйер емес, қаралы хабарды жеткізуші сияқты әсер етуде. Әлгінде жазғанымыздай, бәрі – сыншы, бәрі – сарапшы.

– …«Олимпиададағы жеңіс имидж үшін керек» дейді біреулер. «Қазақстанды әлем таниды» дейді.

Білмеймін, Ермаханнан кейін Қазақстанды бүкіл әлем танып кеткен жоқ. Өткен жылы Еуропаға бардым. Қазақстан деген мемлекетті көп адам білмейді.

Бұл жерде Олимпиадаға ешкім қатыспасын деп жатқан жоқ. Қатыссын. Алтын алсын. Қуанамыз. Бірақ, қатты фанатизмге берілудің қажеті жоқ. Чемпиондардан «Ұлттық герой» жасаудың қажеті жоқ.

Одан да балаларымызға машина, телефон жасауды үйретейік. Нано технологияны насихаттайық. Кәсіп ашуды үйретейік. Дұрыс тамақтануды үйретейік. Жаяу жүруді үйретейік.

Қалтасында ақшасы бар, жағдайын түзеген адам спортпен өзі-ақ айналысады, – деп жазды журналист Данияр Есен әлеуметтік желіде.

Шыны керек, журналист сөзінің жаны бар секілді. Рас, даттайтындар да, жақтайтындар да  табылар.

Осы орайда, «біз неге тек сөздің адамы болып барамыз?» деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік желілерде кейбір жаңалықтарға бот секілді жапа-тармағай «жамырай» жөнелеміз. Ақпараттың маңыздылығына, шынайылығына да қарамай сөгуге бейім тұрамыз. Сұхбатқа үйірміз, сөз қуалаудан алдымызға жан салмауды шығардық. Сөздің емес, істің адамы болуға не немесе кім кедергі? Сол, тағы да сөз…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: