Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын барынша әдемі қып тойладық, көрсеттік, шен тағып, шекпен кидік. Енді «қызғылт» көзілдірікті шешіп, шынайы өмірге тура қарайық. Сол баяғы бір мәселе төңірегінде айналып, тіпті айтып та шаршадық. Дегенмен, өзекті мәселенің нүктесі қойылмай, біз де кері қайтпақ емеспіз. Біздің билік құсап «анау-мынау» деп көлгірсімей, жауыр болса да, өткір күйінде қалған мәселеге көшейік.
2016 жылы шілдеде Қызылорда-Жезқазған трассасының бойынан бір күнде 6600 азаматқа жер телімі табысталды. Сол шағын ауданға «Бәйтерек» деген атау берілді. Бүгінде ол мөлтек ауданда біраз отбасы қоныстанған. Алайда жұпыны күйінде қалған «Бәйтерек» туралы сын бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Кезінде «Аузыңнан ақ май ағызамын» деп келген басшылар «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып тұрыпты. Ал, тап қазіргі халі пұшайман күйдің о жақ, бұ жағында. Барып қарасаңыз, ойлы-қырлы жолдар көрер көзге сүйел болды. Мемлекет тарапынан қарастырылған қыруар қаржының қызығын халықтың өзінен сұрап көрген едік. Жолдың нашарлығына қатысты «Бәйтерек» тұрғындары да базынасын айтты. Олардың айтуынша, бұл мәселені жергілікті әкімдікке бірнеше рет айтқан, алайда жауап берер ешкім жоқ. Асфальттың жоқтығынан барыс-келіс жасау қиындық туғызып отырғанын да жасырмады.
– Осыдан 3 жыл бұрын халыққа берілмеген жерге жарық, су жүргізді, кәріз жүйесін де тыс қалдырмады. Бәрін істеп тап-тұйнақтай қып кетті. Жер берілмеген орынға барлығын істеп, ақшаны керек емес жерге жұмсаған. Әне тұр шаң басып, әбден тозығы жетіп, құлап та жатыр. Ол жаққа үй салынған жоқ, халыққа берілмеді. Енді соның орнына жол салынған болса, осы жаққа автобус дұрыс қатынар еді, жеңіл көлік те келер еді. Арғы жақтан көпбалалы отбасына берілген үйлер бар. Сол жерге 500 метрдей асфальт жүргізген. Болды. Бір көше болсын асфальт жүргізілсе ғой. Автобус 2 сағатта бір айналып келеді, бар болғаны екі автобус жүреді. Такси бағасы шарықтап тұр. Оларды да түсінуге болады. Кім айдалаға келгісі келеді. Бұл жердің бітпес мәселесін айтсаң, жағаңды ұстайсың, – дейді «Бәйтерек» мөлтек ауданының тұрғыны Алданияз Жұқашов.
Расында да, ойлы-қырлы жолмен жетемін дегенше көліктің сау-тамтығы қалмасы анық. Автобустың да қатынау жиілігі ақсап тұр. Оқырман сөзіне көз жеткізу үшін сенбі күні арнайылап шыққан едік. Бірақ 4 сағат аялдамада сірескен күйде тұрып, ақыры күткен көліктің сиқын да көре алмадық. Әупірімдеп жетсе де, әйтеуір келер деген үміт болды. Келмеді. Қала әкімі Ғанибек Қазантаевқа жолыққан тұрғындар автобусты жүргізіп берді деп бөріктерін аспанға атып еді. Көрдік. Интервалы көпке ұзамай тұрақты жүріп тұрған автобусты күтіп, «тірі ескерткіш» бола жаздадық. Жеңіл көліктер «Бәйтерек-1-ге» 2 мың теңге, «Бәйтерек-4-ке» 5 мың теңгеден жеткізетіндігін айтып, таңдай қақтырды.
Шын жаны ашып, соқыр көзден жас шығарып батырып айту бір бөлек, байыбына бармай, байбалам салып, бақырып айту бір бөлек демекші көзбен көргенді, көңілге түйгенді айтуды жөн көрдік. Сондықтан еңсесі түскен бәйтеректіктердің пәс көңілін көтеру үшін тағы да жолға шықтық. Бірақ бұл жолы апта басы дүйсенбіде. Жұмыс күні болса да, автобус 1 сағаттан кейін келді. Міне, енді қызық басталды…
Кедір-бұдыр жердің көптігінен қоғамдық көлік жыландай ирелеңдеп әрең жетті. Соның арқасында терезеге телміріп біраз жағдайды көрдік. Өткенде ҚР Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі: «Халықтың бағаға көңілі толмаса, қоғамдық көлікке отырсын. Бұл проблема ма?» деп айтқан еді. Кеңесі кәдемізге жарап, мән-жайдың қаншалықты өзекті екенінің куәсі болдық. Бейресми ақпарат бойынша жауаптылар өткен жылдың қазан айында келген-ді. Қымбат көлікпен емес, қоғамдық көлікпен келгенде түйткілді мәселенін түйіні тарқар ма еді? Жә, содан не керек, таза ауаның хош иісі мұрынды жарып, көк аспанның тұңғиық теңізін барлап тұрғанымызда көзіміз сәл төмен түсіп еді, аяқкиім мен балағымыз балшыққа былғаныпты. О, тоба, дамушы елдің сиқы құрысын! Жазда құмы көтеріліп, нөсерлетіп жаңбыр жауғанда көл болғанын ысырып қойғанда, қыстыгүні халықтың жағдайын елестетудің өзі ауыр. Әрбір үйде бір бала деп есептеген күннің өзінде мың баладан асатыны анық. Олардың қытымыр қыста алыстағы мектепке қатынауы қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазақтың ат төбеліндей шағын тобы ғана үрлеп ішіп, шайқап төгіп өмір сүрсін де, қалғаны қаңғып кетудің аз-ақ алдында жүргені қаншалықты орынды?
«Бізде бәрі жақсы, ешқандай мәселе жоқ» деген айтары басқа тұрғындар да бар. Олардың сөзінше, қала басшысы 25-інші бағыттағы автобусты тұрғындардың тіршілігін едәуір жеңілдету үшін қосыпты. «Егер жүрмей қалса, хабарласатын жауапты азаматтардың номерін де берді. Мектеп салынып жатыр. Осы жылы бітеді. Құдайға шүкір! Одан артық бізге не керек?» деп кейбір тұрғындар ризашылығын білдірді. Әрі қарай шынында да өзгерістер болғанына қуанған күйі сұрағымызды жаудырып едік. Мырс етіп, дауыс көтеріп, қарсы шабуылдады. Соған қарағанда бір жасырғаны бар-ау. Алайда «көріпкел» болудан жалықтық. Өз жайы емес, өзгенің жайын айтып журналистер «Бәйтеректің» мәселесін көп қозғаймыз. Дұрыс қой. Айтқанымызбен билікке осы мәселенің шырайын шығарта алмай жүргеніміз де рас. Десек те шешінген судан тайынбас, бұл жолы жазғанымыз құлаққа жетер.
2020 жылы 600 орынды мектеп құрылысы басталып, кірпішін қалауға облыс әкімінің өзі қатысты. Бірақ екі жылда да аяқталмады. «НИШ» сұрамаған сияқты едік, сонда да сағызша созылып, мектеп мәселесіне қатысты жауаптылар жақ ашпай келеді» дейді тұрғындар. Мектеп 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асады. Білім ошағын салуға 1,2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Жаңа мектеп өткен жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бірақ, (тағы да бірақ деуге мәжбүрміз) кейінге шегеріліп қалыпты. «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданында мектеп жасындағы оқушылар саны 1 500-ге жуық. Олардың қазіргі күні бізді алаңдатып отыр. Дегенмен «ханның қызы» деп кекететіндердің ернін шығаруы жөн емес. Өйткені әйел заты болса да, кейбір екі сөйлейтін ерлерден жүз есе, тіпті мың есе артық болып тұр. Сылдыр су емес, іспен дәлелдеп, қазір алды бар, арты жоқ мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бәлкім, көптің қорқытатынын, тереңнің батыратынын ұғынды ма екен.
Мектептің проблемасы шешілуге жақын қалды. Сонда да мөлтек ауданда толғақты мәселелер тізбегі таусылар емес. Бұған да өзіміз айыптымыз. Дер кезінде қолға алмай, енді қайсысына жабысарымызды ұқпай жүрміз. Дәріхана, емхана, монша, ірі сауда орындары да жоқ екен. «Жол салу оңай, көпір салу қиын…» деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар. Көбінің тілеуі де көпір болып тұр. Олардың пайымынша күрмеуі қиын мәселенің түйіні осымен қойылар еді. Қаңғыбас иттерді көргенде тұрғындар, әсіресе балалар шыбын жанын шүберекке түйіп өтетін болды. Амал нешік? «Ауруын жасырған өледі» деуші еді, айтудан кем емеспіз, сыздаған жерге ем берер басшылар болмай тұр. Ойқы-шойқы жолдардан әбден жүйкесі тозған тұрғындардың мәселені алға тартып бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған.
«Иә, мөлтек ауданда түк те жоқ. Қала орталығына шығып аламыз. Мысалы, азанда кеткен кемпірім кешқұрым мезгілде әрең жетеді. Не істейміз? Көрер күніміз осы. Жауаптыларға айтудан жалыққан емеспіз. Қашанға дейін бұлай жалғасады?» деп Алданияз ақсақал қынжылады.
– Әй, балам-ай. Көшелердің аты да жоқ қой. Тек санмен айтып жүреміз. Таксистер келгенде үйді таппай қаңғалақтап жүреді. Құдай ауыртпасын! Ауырсақ, жедел жәрдем жолдың нашарлығын айтпаған күннің өзінде үйді дереу тауып келуі қиынға соғады. Бір күні такси келді. 32-інші көше қайда деп. Мен қайдан білейін, аты жоқ көшелер. Өткенде сантехник шақырғанмын, сонда «келіп-кету жолыма 5 мың теңге, жұмысыма бөлек ақша» деп талап етті. Амал жоқ, сұрағанын бердік. Бірнәрсені шұқыды да кетті. Беті аулақ, бір адам құлап қалса, жедел жәрдемнің қашан келетіні белгісіз. Оларға да кінә таға алмаймыз. Келсе, көмек қолын созуға әрдайым дайын, – деді ашынған ақсақал.
Қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық бюджеттерден, Ұлттық қордан қаражат бөлінген бастама болатын. Қаржының 5,3 миллиард теңгесі «Қызылорда-Жезқазған» автожолының бойынан белгіленген 980 гектар аумақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын бастауға жұмсалды. Қосымша 4,6 миллиард теңге қаралып, барлығы 10 миллиард теңгедей қаражат бөлініп отыр. Бұл қызыл лента кесілген кездегі айтылған ақпарат еді. Одан кейін де халық үшін қаражат бөлінген жоқ емес, бөлінді. Мемлекеттің қаражаты тиімсіз жұмсалып, кімнің қалтасына кеткені жұмбақ болып қалары даусыз.
Жұпыны күйінде тұрса да жаппай күйе жағу – біздің болмысымызға жат дүние. Халықтың жағдайына көңіл бөлген басшылар тегін жер беріп, су, жарық, газ, кәріз жүйесін де жүргізген жақсылығын жоққа шығару дұрыс емес. Тек бұл игі істері бүтіндей болса, тұрғындар жадырап қалар еді. Ал, біз бен сізге жемқорлардың ісін қаралай салу түкте емес қазір. Бірақ одан мәселе шешіле ме? Әрине, жоқ. Тек бүйте берсек, бір-бірін жақтырмайтын, көз сұғын қадайтын, бетке күліп, сыртынан ғайбаттайтын өсекші қоғамды тәрбиелейміз. Сол себепті «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды.
Азамат АБИМОЛДА.
Суреттерді түсірген автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!