Елімізде балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келеді. Мұнымен мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдаудың басымдығын аңғарамыз. Балық шаруашылығының дамуы – еліміз үшін маңызды. Сондықтан, балық шаруашылығына байланысты бағдарламалар қолға алынып, қарастырылып келеді. «Қызылорда облысында балық шаруашылығын Өңірлік дамытудың 2030 жылға дейін бағдарламасы» қабылданған болатын. Тауарлы балық өсіру елде енді дамып келеді. Жалпы, бұл мәселе «Балықшылар слетінде» жыл сайын талқылануда. Осыған орай өңірімізде қанша балық өңдеу зауыты бар, олардың тарихы және балық өндеу кәсібінің қыр-сырын бүгінгі тақырыбымызда қаузайтын боламыз.
Жалпы, балық шаруашылығын дамытудың жан-жақты пайдасы көп. Балық өнімдерінің құнарлылығынан бастап айтатын болсақ, оның бабын табу да мал баққаннан оңайырақ көрінеді. Бірақ, не нәрсенің болса да, әсіресе өнім өндіру, балық өсіру саласының өзіндік ыждағаттығы болады. Ал бар төзімділікпен өсірілетін балық өнімдерінің жүрек-қан тамырларына, ми талшықтарына, иммунитетке берер пайдасы мол, көптеген дәруменнің қайнар көзі десек те болады. Соған сай оған сұраныс қашанда жоғары. Бүгінде бастау алған бағдарлама негізінде өңір бойынша балық көлемін 16 мың тоннаға дейін өсіру жоспарлануда. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста тауарлы балық өсірумен 93 шаруашылық айналысады. Өткен жылы облыс бойынша 1 001,2 тонна балық өсірілді. Бүгінгі таңда облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның ішінде 4 зауыт Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алған. 2024 жылы облыc бойынша 4010 тонна балық өнімдері 13 шет мемлекетке экспортталды. 2023 жылмен салыстырғанда (3394 тонна) 18 пайызға ұлғайып отыр.
Мұнымен өңіріміздегі зауыттардың жұмысы тыңғылықты екенін байқауға болады. Десе де, адам ағзасына ұшан-теңіз пайдасы бар балықтың түрлерін өндіріп, экспортты көбейту – қазіргі басты міндет. Облыс бойынша салқындатылған және мұздатылған балық және көксерке филесі ішкі нарықта экспорттық өнімдер мен сатылымның айтарлықтай үлесін алады. Өңдеуге арналған негізгі шикізат – көксерке, табан, шортан, торта, тұқы. Дайын өнімнің ассортименті – филе, кептірілген, ысталған, салқындатылған және мұздатылған балық, қанаттар, фарш, балық ұны. Бұл өнімнің барлығы дерлік балықтың әр түрінен дайындалады. Яғни, облыс су айдындарында 16 түрлі балық ауланады. Олар – торта, көксерке, табан, алабұға, қылышбалық, шортан, аққайран, қызылқанат, мөңке, жыланбас, камбала, сазан (тұқы), ақмарқа, жайын, айнакөз, ақ амур. Бүгінде бұл балықтарды қорғау, көбейту және пайдалану саласында бақылау жұмыстары қарқынды көрінеді.
– Балықтардың табиғи популяциясын сақтау мақсатында жыл сайын күріш егістіктерінде, суару каналдарында шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы «Шабақ құтқару» акциясы аясында 7,3 млн дана балық шабақтары күріштік алқаптардан құтқарылып, Сырдария өзеніне және резервте орналасқан көлдерге жіберілді. Сонымен бірге, Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерімен қыс мезгілінде резервтік су айдындарында балық шаруашылығы балықтардың қырылуын (өлімін) болдырмау мақсатында аэрациялық жұмыстар жүргізілді. Яғни, 2 мыңнан астам шұңқыр қазылып, 126 қамыс бау орнатылды. 2024 жылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау мақсатында облыстық бюджеттен 9 524 мың теңге бөлініп, 4 балық өсіру шаруашылығы 3 бағыт бойынша толығымен субсидияланды, – деді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз маманы Нұрлыбек Әметұлы.
Өңірдегі балық кәсіпкерлігі бойынша жылдық қуаттылығы 40 мың тоннадан асатын 11 зауыттың жұмысы күн санап даму үстінде. Тиісінше, бұл істі берекелі кәсіпке айналдырып, еңбегінің жемісін жеп отырғандар да аз емес. Ірі балық өңдеу зауыттарының көпшілігі ауыл тұрғындарының негізгі шаруашылығы екені белгілі. Бұл – 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр деген сөз. Оның ішінде Арал ауданындағы «Қарашалаң» ірі балық өңдеу зауытын айтсақ болады. Бұл зауыт 2024 жылы ашылса да, ірі өндіріс кәсібіне айналып үлгерген. Зауыт қуаттылығы жылына 6000 тоннаны құрайды. Зауыттан мұздатылған балық, балық филесі, балық фаршы өндіріледі. Оған 30 адамның тері төгіліп қызмет атқарады, маусымдық уақытта одан да артады. Бұл зауыт жеке кәсіпкердің қаражат есебінен 1 гектар жер аумағына салынған. Кәсіп иесі де өндіріс кезіндегі ерекшеліктер мен жұмыстың қыр-сырын, қиындығын тілге тиек етті.
– Балық өңдеудің де өзіндік қиындықтары бар. Балықты қабылдап алғаннан кейін жұмыс процесі қызу жүреді. Яғни, балықтың салмағын өлшеп, тазалау, қабығын аршу, кесу, өңдеу, жуу және т.с.с. жұмыстар істеледі. Әрқайсысын атқаратын мамандар және аппараттар бар. Арнайы балық сақтау орнында өнімді қаптап, орап, ыңғайлы температурада сақтаймыз. Дайын өнім болуы үшін мұздатып, арнайы қорапқа салып, басқа қалаларға, елдерге жөнелтеміз. Барлық заманауи құрал-жабдығы, қатыру құрылғысы, бөлмесі, ең бастысы, өз ісін жетік білетін мамандарымыз бар. Алдағы уақытта өнім өндіру көлемін арттыруды көздеп отырмыз, – деді зауыт басшысы Нұрсұлтан Сапарбаев.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық өсіріп, асырау қазіргі таңда белең алып келе жатқан оңтайландырылған кәсіп көзі болып тұр. Себебі, елімізде балық өнімін тұтыну едәуір есе көбейіп келеді. Осыған сай өңіріміздегі Шиелі ауданының тұрғыны Асқар Жолшыұлы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық өсіріп, шаруашылық иесі атанып отыр. Бір жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы 23 млн 200 мың теңге қаражат алып, қазіргі таңда балықтың бабын табу үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Арнайы Алматыдан сазан, карп, амур балықтарының 35 000 дана шабағын сатып алып, 0,46 гектар көлге өсіруде.
– Балықтарды әкелгеннен кейін кемі 6 ай өсіріп, бағып барып сатылымға шығару керек. Қазіргі таңда көлде балықтың түрін көбейтіп, оны баптау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Салмағы 1 келіден асқаннан кейін сатуға шығарамыз. Әзірге тек балық саны мен түрін көбейту – басты мақсатымыз. Арнайы балыққа деп арналған бидай жемін Қостанайдан алдырып, күніне 3 мезгіл тамақтандырамыз. Негізі балық шаруашылығы да оңай емес екен. Қыңырлық жағы жетерлік десек те болады. Уақытылы көлдің суын, астын тазалап, күні-түні кезекшілікпен қарап отыру, балық ауырғанда дәрілеу, айта берсең, майда-шүйде жұмыстарымен қолды байлайды, – дейді Асқар Жолшыұлы.
Көлдің басына шаруашылығын әбден орнықтырып алған кәсіп иесі қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттен 30-50 пайызға дейінгі берілетін көмекке құжаттарын әзірлеп, дайын десек те болады. Себебі, қыста балықты көлде қатырып, ауыртып алмай өсіру қиын екен. Қыстың күні судың айналасына жылу беретін компрессордың көмегімен балықтарды өсіріп отырған. Ал көл беті қатып қалатын болса, ауа бармай балықтар өліп қалады екен. Одан бөлек қыста балық су бетіне шықпай, көлдің астында жем де жемей ұйқыға кететін көрінеді. Кейін күн жылынған уақытта су бетінде секіріп, тойып тамақтанады. Дәл осы мезгілде балықтар уылдырық шашып, көбейеді.
– Дегенмен, бұл кәсіп шыдамдылықты өте талап ететінімен бірге тәжірибеңді де арттырады. Әзірге кіріс көзі болмағанымен, шығыс қаражаттарының барлығы несиеге алған ақшадан, өз қалтамнан кетіп жатыр. Мемлекеттен қандай қолдау болса да күтетініміз, қуанатынымыз анық. Сондықтан, мемлекет тек пайдалы өнім болатын шаруаға жиі көңіл бөлсе дейміз, – деді ол.
Сондай-ақ, химиялық заттарсыз тек таза көлде балықтың бабын тауып келе жатқан Асқар Жолшыұлы кемі 1-2 айда балықтарын сатылымға шығаратынын айтты. Сонымен қатар, күз айынан бастап шабақтарды да сатуды қолға алмақшы. Әрине, бұл ісімен өңіріміздегі балық шаруашылығы саласына қосып жатқан сүбелі үлесі екенін білеміз. Бүгінін емес, болашағын, шаруа көзін ойлаған осындай азаматтарды көргенде шын қуанасың.
«Мал баққанға бітеді» дегендей, балық та бабын тапқанға бітетінін білу қажет. Өңірде балық шаруашылығын дамытып, өсіру, өнім шығаруға мүмкіндік көп. Бірақ, осындай берекелі кәсіппен айналысатын азаматтар қатары көбеймей тұр. Алдағы уақытта бұл шаруашылық түрін мықтап қолға алып айналыссақ, халық үшін де, ел экономикасына да тиімді болары сөзсіз.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!