Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыр жол атанды сынайды, ауыр іс адамды сынайды»

28.07.2022, 10:30 282

Қазіргі таңда елімізді қымбатшылық қысып, жұртқа тықыр таянды. Сеніміне селкеу түскен халқымыздың үміт отын референдум қайта жаққан еді. Дегенмен әлі күнге де­йін баяғы жартас сол жартас қалпында секілді көрінеді. Мемлекет басындағылар қазынаны қымқырып, халық қара басын күйттеп жүр. Қоғамның жебір құрты болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізілгенімен нәтиже жоқ. Қазақтың сол баяғы «аға-көкеге» сенген дағдысы бойына сіңіп кеткен. Өкінішке қарай, жемқорлық барлық салада жеткілікті. Жетесізге сан рет айтсаң да ұқпайды, қолының сұғанағы барлар да тартпайды ғой, шіркін. Қазақ елі намысты, арлы, «анадай-мынадай» деп мақтау сөзді айтып жаудырамыз. Сонда өз елін тонайтын халықты қандай негіздерге сүйеніп, намысты деп айтамыз? Ой қозғалып, сана сілкінгенмен солқылдақ заң барда «жемқорлық» дегеннен бойымызды аластата алмайық деп тұрмыз. Дей тұрғанымен, ел азаматтары мұндай тақырып аясында жиі кездесу өткізіп, мәселенің мәнісін талқылайды. Есті сөз айт­қанмен естір құлақ жоқ екені рас. Әйтпесе осы уақытқа дейін мәселе бір жағаға шығар еді. Жақында ғана жол саласына қатысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Дос­тық» үйінде келелі басқосу өткізілді. Қызыл­орда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен бір­қатар мәселелер талқыланды. Жиында Нау­рызбай Байқадамов ел президенті Қ.Тоқаевтың әрбір Жолдауындағы сыбайлас жемқорлыққа қатыс­ты сөздеріне тоқталып, кешегі үкіметтің кеңейтілген  отырысындағы мән беретін маңызды  функцияларды  атап өтті.

– Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасынан бастап, әр Жолдауы мен үкіметтің отырысындағы сөздерінде сыбайлас жемқорлық туралы өзектендіріп келе жатқаны белгілі. Ал, нәтиже қандай? Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселеге арнайы тоқталған еді. Және соңғы 10 жылдағы жобаларды арнайы тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бүгін­гі басқосу Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыру, осы бағыттағы атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттыруға көмек көрсету бағытында құрылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Нұрлыбек Мұқанов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы филиалының басшысы Ляззат Шайзадақызының бастамасымен ұйымдастырылды. Ашық қоғам, азаматтық қоғамның тек қана белсенділігін арттырмай, мемлекетке арқа сүйеу бізді көптеген тығырыққа тіреп келе жатқаны бар, – деді Наурызбай  Сейтқалиұлы.

Рас, масылдық көзқарас елімізде қалыптасып кеткен. «Мемлекет маған беруге міндетті». Не үшін? Иә, мемлекет азаматтарының қауіпсіздігіне, бостандығына жауапты. Алайда тікенді гүл қылу оның функцияларының біріне кірмейді. Сондықтан аузынан су аққанша ұйық­тап, кейін мемлекетке отбасымды асыраңызшы деп көзден қан ағызып барғаннан түк те шықпас. Сағаттың сыңғырын ермек қылып отырғанда, өмірдің қалай өткенін байқамай қаласыз. Сол себепті еңбек түбі – береке екенін ұмытпаған жөн. Барлығына өз күшіңмен жеткеннен кейін мемлекеттің мүмкіндігі шектеу­лі екенін аңғарасың. Себебі бір-біріне жіптей байланған басшылар, солқылдақ заң, тағысын тағы факторлар тайға таңба басқандай көрінеді. Неге мемлекеттік қызметкер болуға өзінің күшімен жеткен жастар қызықпайды? Өйткені жүз істің басын бастатып, аяғына апармайтын тапсырма  олар үшін қызық емес.

Айта кету керек, басқосуға мемлекеттік мекеме басқармасының басшылары, әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, азаматтық қоғамның өкілдері, жол саласындағы мекеме басшылары, мердігерлер, барлық аудандағы осы салаға жауапты орынбасарлары қатыс­ты. Ең алдымен, автомобиль жолдарын салу, жөндеу, күтіп-ұстау, осыған дейінгі салынған жолдардың сапасы қалай? Кім салды? Кім қабылдады? «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі осы сұрақтардың жауабын саралады.

– Жемқорлықпен күресу тек қана жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы емес. Барлығымыз бірлесе жұмыс істесек, еліміздің экономикасы өседі деп санаймын. Сондықтан ел болып, жемқорлыққа қарсы жұмыс атқаруымыз керек. Ал енді, жол саласына қатысты айтатын болсам. Жолдардың сапасы халыққа тиімді болуы тек қана жол басқармасының міндеті емес. Жолға қатысты наразылық болады. Дегенмен бюджеттік кодекске, мемлекеттік заңға байланысты өзіндік бір үрдісі бар. Бюджеттік тапсырыс беруден бастап, шешім шығып, оның бірнеше процесі аяқталамын дегенше шамамен 5-6 жыл өтеді. Біраз құжат дайындалып жүргенде, былтырғы екі-үш жыл болған жоба құнымен қазіргі нарықтың құны бір-біріне сәйкес келмейді. Бірақ ақша бөлінді, жұмыс басталу керек. Ал кәсіпкер минусқа кіргісі келмейді. Оны түсінуге болады. Дегенмен жұмыс бәрібір жасалуы керек. Міне, жемқорлықтың бірден-бірі себебі осыдан туындайды деп ойлаймын. Егер біз автожол саласына реформаға ұсыныс беретін болсақ, осындай мәселе бір жолға түсер  ме  еді?, – деді  Нұрлыбек  Мұқанов.

Жөн сөз. Қағазбасты жұмыстар істі оң қоры­тындымен аяқтауға мүмкіндік бермей тұр. Бұны өзгертуге ұсыныс беру керек дегенді қос қолдап қолдаймыз. Егер басың ауырса, дәрі ішіп салдарын емдемей, себебін іздеген дұрысырақ. Сондықтан автожол саласындағы бұл мәселе мен мұндалап тұрғаны анық. Оны шешуге қадам жасалған жөн. Өткір мәселе өткір күйінше қала берсе, еш өзгеріс болмасы сөзсіз. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жамау-жамау жолдардың сапасы алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз. Тағы да жол саласын­дағы бірқатар мәселені Қызылорда облыс­ының жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин  Шамұратов  тарқатты.

– Жалпы, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар деп үшке бөлінеді. Барлығы 3420 км болатын болса, соның респуб­ликалық маңызы бар жолдар 1086 км, облыс­тық маңызы  бар жолдар 555 км және аудандық маңызы бар жолдар 1826 км. Қазіргі таңда біздің индикаторлық көрсеткішіміз 75 пайыз болып тұр. 3420 шақырымға мемлекеттік бағдарла­малар аясында қаражат бөлінді. Мәселен, «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы елді мекендерді, ауылдың жол саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша да көмек алдық. Басқа  өңірлермен салыстырғанда біздің жол  сапамыз  нашар деп айтуға  болмайды. Бүгін­гі  күні  біздің көрсеткішіміз әлдеқайда жақсы. Бірақ бізде жол салынғанымен, жолды күтіп-ұстау мәселе болып тұр. Осы мәселе бо­йынша  республикаға  ұсынысымызды бердік. Жыл сайын облысқа 2,5 миллиард теңге бөлінетін  болса, бұл жолы межемізді көтеріп алдық. 5 миллиард теңгеден астам қаржы мәселені шешу­ге керек деп есептеп отырмыз. Бізде асфальт төсеуге ең қажетті бетон материалының қымбаттауы мен жетіспеушілігі туындап отыр. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі де бар. Бұған қоса, дизель отынының қажеттілігі мәселе  болып  отыр, – деді  ол.

Бағаның  шарықтап тұруы жұмыстың жүйе­лі атқарылуына кедергі екені рас. Оның үстіне дизель отыны жетіспей тұрған соң, кезекке тұрып алуға мәжбүр боласың. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, жұмысың жүргізіліп жатқанда кезекті күтіп тұру қолайсыз екені жасырын емес. Жиынға қатысушылар Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына наразылығын айтты. Олардың айтуын­ша, басқарманың атауы  тар екен. «Әуе, теміржол жолдары кірмей ме?» деп сауа­лын қойды. Алайда сұрақ бар, жауап жалқы боп қалды. Басқарма басшысына Нұрлыбек Мұқанов­тың  да  сұрағы  бар  екен.

– Мемлекеттік мекеме ретінде жол саласы бойынша мемлекеттік қаржыны іске асырып, халықтың пайдалануына тиімді, сапалы жолды жасап беруге заң жүзінде, мемлекеттің берген құзыреті тұрғысынан халықтың алдында жолдың дұрыстығына облыс бойынша Пакуатдин Сыражадинұлы, сіз жауап бересіз. Иә, бетон қымбат, баға өсті, дизель жоқ тағысын тағы мәселе қылып айта беруге болады. Бірақ бәрібір халық алдында жауап беруіңіз керек. Өйткені мемлекет сізге ақша мен лауазымды берді. Барлық адамның салығының есебінен мемлекеттік қызметкер айлықтарын алып отыр. Осы мәселелерді біледі екенсіз, келгеніңізге үш ай болған соң, шешу үшін қандай жұмыс атқармақсыз? Жоспарыңыз бар болса айтыңыз, жоқ болса ой қосайық, – деді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

Сұраққа Пакуатдин Сыражадинұлы былай жауап қатты.

– Жалпы, технозорларға байланысты айта­тын болсам. Тек өңірге ғана емес, республика бойынша қадағалау керек. Дегенмен мекеме емес, мамандар жұмыс істейді. Мамандардың тұрақсыздығы жайында мәселе бар. Бұны шешуіміз керек. Білікті мамандарды жұмысқа орналастырып, қадағалау қажет, – деп қысқа қайырды.

Жиын барысында «Әділдік жолы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің Қызыл­орда облысы филиалының басшысы Ляззат Бақтыбаева, Қызылорда облыстық тәжік-ау­ған қоғамдық  бірлестігінің  төрағасы Марат Орынбайұлы, Қызылорда облыстық мәсли­хатының депутаты Бақдаулет Махашев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетов және т.б. сала өкілдері автожол бойынша мәселелерді тізбектеп, шешу  жолымен  бөлісті.

Жол саласындағы мәселені айту да күрделі секілді. Өйткені жиын соңында іштегі айта алмай бұғып жүрген мәселемізді шығаратын басқосу болғанына разылығын білдіріп жат­қанынан аңғаруға болады. Алдағы уақытта мәселе кезең-кезеңімен қаралып, шешілетін күн де туар. Қазақта «ауыр жол атанды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» деген тәмсіл бар. Біздің жолдарға қарасақ, кімді сынасаң да, сүріндірмей қоймайтыны хақ. Миллиардтар бөлінгенімен ойқы-шойқы жолдар азаймай тұр. Содан темір тұлпарымызды тік жүргізе алмай, әлекке түсеміз. Есепке мезі болып жүр едік, енді мәселені шеше алмай мұңын айтқан басқарма басшыларын тыңдайтын болдық. Иә, шикізаттардың жетіспеушілігі бар. Бірақ қомақты қаражат бөлініп те жатыр емес пе? Сол баяғы сыбайлас жемқорлық дендеп тұр ма? «Сен кінәлі, мен кінәлі» деп айып таққаннан түк шықпас. Одан да жол саласына қайта жан бітіру үшін жұмыла жұдырық болып, жұмыс  істеу  керектігін  ескерейік.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: