Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Авторлық қоғамдар жұмысына сын аз айтылмайды

21.11.2024, 12:00 48

Қазақстандағы шығармашылық иелерінің авторлық құқығы тиісті деңгейінде қорғалмай отыр. Әрі қаламақы да дұрыс төленбейтіні шындық. Том-том кітабын шығара алмай жүрген ақын-жазушылар мен олардың шығармасын тиын-тебенге бағалайтын авторлық қоғамдардың шикі жұмысы мәжілісте өткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің тақырыптық отырысында талқыланды. «Креативті индустрияны дамыту туралы» деп аталған тақырыпта депутат Нартай Аралбайұлы елдегі шығармашылық мамандарына жасалған қиянатты сөз етті.

Депутат өз сөзінде 14 жыл бұ­рынғы оқиғаны еске алып, журналистік зерттеуі барысында бір күнде қос ақынның туындысына авторлық  иелік  еткенін  жеткізді.

– Мемлекет басшысы «Біз елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Оның ішінде зият­керлік меншік құқықтық құралдармен қорғалуы қажет» деді. Бірақ, осы зияткерлік меншігінің құқығын қорғау барысында да бізде көп мәселе бар. Неге? Өйткені, біз креаторларды тізімге қосып алғанға мәзбіз. Бірақ, олардың авторлық құқығын қорғауға келгенде ешкім бас ауырт­қысы келмейді. Қашанғыдай әр креа­тор адвокат жалдап, сан соғып, сабы­лып  жүруге  мәжбүр.

Елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Олардың жұмысына да көптеген сын айтылады. Бір үлкен мәселе авторлық қоғамға шығармашылық адамдардың туындыларын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70 пайызын авторлық қоғам өзі алып қояды, 30 пайызын авторға береді. Айта кетейін, 2010 жылы журналистік зерттеу жүргізіп, авторлық қоғамға барып, 20 мың теңге төлеп, Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаевтың бір-бір өлеңінің авторы атанған адаммын. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Мұқағали мен Жұмекенді  тексермегенде, басқаны тексере  ме? – деп  ашынды  депутат.

Ән королі Шәмші Қалдая­қовтың келіні Ботагөз Қалдаяқова «елімізде авторлық сыйақы төлеу атымен орындалып жатқан жоқ» деп  отыр.

«Б.Қалдаяқованың Шәмші әлемі» қорының атқарушы директоры шетелдік авторлар шағым түсірсе, халықаралық дау болатынын  ескертті.

– Біз қазір халықаралық даудың алдында тұрмыз. Неге екенін ай­тайын ба? Өйткені, «Ғаламат ғасыр: Сүлеймен сұлтан» сериалының саундтректері деген сияқты концерттер қаптап кетті ғой. Соны өткізіп жүргендердің ешқайсысы әлем жұлдыздарына, орындаушыларға авторлық сыйақы төлеп жатқан жоқ. Оның бәрі – «пираттық контент». Шетелдік авторлар өз елінен бізге шағым түсірсе, аса ірі халықаралық дау  болады,  –  деді  ол.

Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқовтың келіні бұл мәселенің шешімін де  көрсетіп  отыр.

– Мен қазақстандық авторларды айтып отырған жоқпын. «Біз жарайды, өзіміз ғой» деп қоя саламыз. Оның шешімі бар. Ticketon, «Кассир» сияқты билет операторларын сатыл­ған билет айналымынан авторларға сыйақы аударуға міндеттеу керек. Заң бойынша концерт ұйымдастырушылар билет сатудан түскен ақшаның 4 пайызын авторлық қоғамдарға немесе тікелей мұрагерлерге авторлық сыйақы ретінде беруге міндетті. Ән болса, 2 пайызы саз авторына, 2 пайызы мәтін авто­рына беріледі. Ол тәртіпті ешкім сақтап жатқан жоқ. Өйткені, ешкім мұны тексере алмайды, – деп сөзін  жалғастырды  ол.

Айтпақшы, елдегі авторлық қо­ғамдардың Шәмші әндеріне айына 6 мың теңге ғана төлегені белгілі болған. Депутат Нартай Аралбайұлының сөзінше, шығармашылық өкілдері өз туындыларын өзі қор­ғауға мәжбүр. Ол «композитордың әндерін арзан бағалаған авторлық қоғамдардың жұмысын ретке келтіру  керек»  деп есептейді.

– Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғамыздың шығармаларын орындағаны үшін ұрпағына авторлық қоғам бір маусымда, яғни 3 айда бір рет 18 мың теңге ғана төлеген. Шәмшінің әні орындалмайтын кеш бар ма, қазақта?! Біздің автор­лардың құқы қорғалмайтынын осыдан-ақ көре берсеңіздер болады, – дейді  ол.

Жақында ғана жазушы Ақберен Елгезек басқаратын «Абай» баспасының еліміздегі 155 автордың кітабын шығарып әрі оларға қаламақы төлегені туралы ақпарат тараған еді. Өкініштісі, қазіргі күні баспа саласында мұндай іс бірізге түскен жоқ.

Жалпы, Қазақстандағы авторлық құқық туралы дау-дамайлар ара-тұра көтеріліп тұрады. Кейінгі жылдары, яғни әлеуметтік платформалардың көбейген тұсында шығармашылық адамдарының еңбектері жиі ұрланып, өзге авторлықпен жариялануда. Жиынға қатысқандар мұның алдын алмаса, алдағы уақытта бұған қатысты сот процестері көбейетінін және оны бақылау тым қиынға  соғатынын айтады.

Ш.ШАТҚАЛ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: