Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астананы қалдық судан қалай тазартамыз?

12.03.2024, 9:15 446

HALYQLINE.KZ

МӘСЕЛЕ

Қазіргі кезде елорданың ең түйткілді мәселесінің бірі – қалдық суды тазарту. Бас қалада жалғыз ғана кәріз тазарту қондырғысы бар. Алайда, оның жұмыс жүктемесі шамадан артық. Мәңгілік ел даңғылы, Керей Жәнібек хандар көшесі және Тұран даңғылы арқылы өтетін магистральды коллектор 16 жыл бұрын салынған. Ұзындығы 6 шақырымға созылатын коллектордың жұмысында апат та, ақау да, үзіліс те көп болады. Соның нәтижесінде тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластап жатыр. Қазір қолданыстағы бұл құбырды одан әрі пайдаланудың салдарынан ағынды су жер бетіне көтеріліп, бірқатар көшені басып қалуы мүмкін. Өзекті мәселе қалай шешіледі? Қала билігі бұл мәселені шешудің қандай жолын ұсынып отыр? Осыған келейік.

Кәріз  ағынға  төтеп  бермейді

Астанадағы қалдық суды тазарту мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте ашық көтергені мәлім. Президент сол жолғы жиында Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаладағы ахуалды жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт берді. Аталған басқосуда Президент қаладағы тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластап жатқанын айтып, қатты алаңдаушылық танытты. «Мұндайға жол беруге болмайды және ол өте қауіпті. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы осы кеңесте.

«Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырамын. Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда. Үкімет осы ағызылатын қалдық судың көлемін нормативтік тұрғыдан реттеуі қажет. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сондай-ақ, жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді. Бұл да өзекті мәселе болып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткір әрі өзекті мәселе – қалдық суды тазартуға ерекше назар аударды. Қазір қалада бір ғана кәріз тазарту қондырғысы бар екенін, яғни оның жұмыс жүктемесі шамадан тыс болып тұрғанын ескертті. «Бүгінде тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазарту қажет. Осындай екінші қондырғы үшінші сорғы-сүзгі стансасымен қатар салынуға тиіс еді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілейін деп жатыр. Ал, кәріз тазартудың екінші қондырғысын жобалау жұмыстары әлі біткен жоқ. Жұмысты дұрыс жоспарламаудың кесірінен түйткілдер қордалана береді. Сондай-ақ келесі жылы төртінші сорғы-сүзгі стансасын салуға кірісу керек. Тельман елді мекеніндегі сорғы стансасынан техникалық су құбырын тартудың екінші желісінің құрылысын да бастау қажет» деді Президент.

«Кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмайды. Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты іс-шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің және су тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл – тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті басты талаптардың бірі» деп нақтылады ойын Мемлекет басшысы.

Кәріз  коллекторы  наурызда  салынады

Президент сол жиында тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазартатын кәріз тазартудың екінші қондырғысын тездетіп жобалау мен салуға тапсырма берді. Ал биыл жылдың басында нысанның жобалау жұмыстары аяқталып, магистральдық кәріз коллекторының құрылысы басталды. Осы құрылысқа орай 21 ақпаннан бастап Тұран даңғылындағы (Орынбор мен Роза Бағланова көшелерінің арасы) жол учаскесінің бір бөлігі уақытша жабылды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындарға арнайы ақпарат берді.

«Өздеріңіз білетіндей, 21 ақпаннан бастап Тұран даңғылындағы (Орынбор мен Р.Бағланова көшелерінің арасы) учаскенің бір бөлігін уақытша жаптық. Қазір мұнда магистральды кәріз коллекторының құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл нысанның қалаға қаншалықты маңызды екенін қысқаша айтып өтейін. Қазіргі уақытта қаланың Есілдің сол жағалауындағы бөлігінің нысандары шаруашылықта және тұрмыста қолданатын су Мәңгілік ел даңғылы, Керей Жәнібек хандар көшесі және Тұран даңғылы арқылы өтетін магистральды коллектордың көмегімен ағызылады. Коллектор 16 жыл бұрын салынған. Оның ұзындығы – 6 шақырым» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында елорда әкімі. 

Жеңіс Қасымбек бас қаланың қарыштап дамып, ағынды судың көлемі ұлғайғанын атап айтты. Ал коллектор өз мүмкіндігінің шегінде ғана жұмыс істейді. Коллекторға түсетін жүктеменің артуына байланысты оның жұмысында іркілістер болады, ал апаттық және қалпына келтіру жұмыстары күткен нәтижені бермей отыр. Елорданың дәл осы ауданында ағынды суды ағызудың өзге жолы жоқ. Ал қолданыстағы құбырды одан әрі пайдаланудың салдарынан ағынды су жер бетіне көтеріліп, бірқатар көшені басып қалуы мүмкін. Сол сияқты техногендік, экологиялық сипаттағы жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.

«Шаруашылықта және тұрмыста қолданылатын судың қалдығын ағызу үшін арнайы жоба әзірледік және осы айда Тұран даңғылындағы магистральды кәріз коллекторының құрылысын бастадық. Оның ұзындығы – шамамен 8 шақырым. Аяқталу мерзімі – 9 наурыз. Құрылыс қарқынын жылдамдатуды және мерзімінен бұрын жол қозғалысын қамтамасыз етуді тапсырдым» деп түсіндірді әкім.

Ал Полиция департаменті жол қауіпсіздігін сақтау үшін жүргізушілерге өз бағдарын алдын ала жоспарлау қажет екенін ескертті. «Тұран даңғылындағы Орынбор мен Роза Бағланова көшелерінің аралығында инженерлік желілерді төсеу жұмысы жүргізіледі. Осыған байланысты 21 ақпан мен 9 наурыз аралығында көлік қозғалысы екі бағытта да шектеледі. Астана әкімдігінің мәліметінше, іргелес учаскелерде тиісті жол белгілері орнатылып, бағдаршамдардың жұмыс тәртібіне түзетулер енгізілді. Қосымша ақпараттық белгілер орнатылды. Баламалы бағыттар Шыңғыс Айтматов көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы болып саналады. Жаяу жүргіншілер де сақ болуы керек» деген хабар таратып, автокөлік жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де құлақтандырды.

«Елорданы дамытуға қатысты барлық мәселені жан-жақты ойластырып шешу маңызды. Ол үшін «Астананың мәртебесі туралы» заңға шұғыл түрде тиісті өзгерістер енгізу қажет. Заң арқылы әкімдіктің құзыреті мен жауапкершілігін күшейту керек. Астана тұрақты даму үшін оны тиімді әрі сапалы басқару қажет. Жалпы, Астананы өркендету үшін, ең алдымен, әкімдік, кәсіпкерлер және тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Басты міндет – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осыны дұрыс түсінген жөн» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың жазындағы алқалы жиында. Қала басшылығы Президенттің айтқан сынынан қорытынды шығарып, қалдық суды тазарту мәселесін шешу үшін нақты іс-әрекеттерге көшкенін көріп отырмыз. Ал Президент тапсырмасының  қалай орындалатынын уақыт көрсетер.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: