Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асфальт астындағы ақиқат

05.09.2024, 10:20 385

Жол мұраты – жету. Бірақ ұлы жол үстінде үйіне жете алмай қалғандар қаншама!? Әдетте жол апаттарына көліктерді не тізгіншілерді кінәлап жатамыз. Дегенмен, техника құралдарынан болатын қақтығыспен қатар, сүрлеу жолдың да сапасыздығы адамды үйінен бұрын о дүниеге апарып жатыр. Қазақ үйінен ұзаған жолаушыға «жолың болсын» деген тіркесті тілек білдіреді. Оның сырына үңілсеңіз, жүретін бағыты құм-топырақ емес, тегіс жол (асфальт) болсын деген мағынаны білдіреді екен. Жә, қысқасы, әңгіме жолдың сапасы жайында.

Жақында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің директоры Болатбек Айтбаевқа хат жолдап, сауалдарымызға жауап алдық. 

ЖОЛ  САПАСЫНЫҢ  ЖАЙ-КҮЙІ  ҚАЛАЙ?

Жол сапасы – әрбір жолаушы үшін маңызды мәселе. Жолдардағы сапасыздық туралы әңгімені бастамас бұрын, еліміздегі жолдарды тексеру барысында анықталған негізгі мәселелерге  тоқталайық.

Мекеменің басты қызметтерінің бірі – жол жөндеу жұмыстары барысында мемлекет тарапынан ішінара сапа сараптамасын жүргізу. Қазіргі таңда республикалық желінің 100%-ы сапа сараптамасымен қам­тылған, ал жергілікті желі бойынша бұл  көрсеткіш  84%-ды  құрайды.

– Республикалық желідегі құрылыс нысандарына ай сайын орташа есеппен 3-4 инспекциялық тексеріс жүргізіледі. Алайда, жергілікті желіде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Мысалы, өткен жылы жергілікті желі бойынша сапа сараптамасына қамтылған 3 мың жол жөндеу нысанының 1,3 мыңы ғана бір рет тексерілген. Бұл жағдай әкімдіктер тарапынан сапа сараптамасына қажетті қаражаттың бөлінбеуімен байланысты. Өткен жылы мекеме жүргізген ішінара сапа сараптамасының нәтижесінде 12 мыңнан астам талаптарға сәйкес келмейтін сынама анықталған, олардың 95%-ы жергілікті желідегі нысандарға тиесілі болған. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам ақау мен кемшіліктер тір­келген. Ең жиі кездесетін қателіктер – асфальтобетон қоспасының және қиыршық тастың сәйкессіздігі, сондай-­ақ, жабынды құру жұмысындағы технологияның бұзылуы, – деді орталық  басшысы.

Бұл фактілер жергілікті желі бо­йынша жол жобаларын іске асыру кезінде жұмыстардың сапасының төмен екенін көрсетеді. Мұның негіз­гі себебі – техникалық қадағалау қызметінің жол-жөндеу объек­тілерінде жобалық және технология­лық талаптардың сақталуын тұрақты түрде бақыламауы. Мәселен, өткен жылы құрылыс алаңында техникалық қадағалау қызметкерлерінің болмауының 200-ден астам жағдайы анықталған. Бұл жағдайлар инженерлердің бір уақытта бірнеше жобаларға қатысуымен байланысты. Мыса­лы, өткен жылы бір инженер 28 нысанға жетекшілік еткен, ал кейбір инженерлер бірнеше өңірлерде немесе ұйымдарда тіркелгені анықталыпты.

– Тағы бір маңызды мәселе – жергілікті атқарушы органдар құрамында жол саласы бойынша мамандардың тапшылығы немесе мүлде болмауы. Соның салдарынан жол жөндеу жұмыс­тарының сапасы толықтай техникалық қадағалау инженерлері­нің құзіретінде қалып отыр. Алайда, олардың қызмет көрсету деңгейі жеткіліксіз, ал тапсырыс беруші тарапынан бақылау әлсіз, өйткені олар жол мамандары емес. Бірақ, қадағалау жұмыстары қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс, – дейді Б.Қабланбекұлы.

Анықталған бұзушылықтар тура­лы алдымен тапсырыс берушіге, мердігерге және техникалық қадағалау қызметіне хабарланады. Содан кейін бұзушылықтардың жойылуы қолға алынады. Өкініштісі сол, жергілікті желіде бұл жұмыстар әлсіз атқарылып отыр. Осы жұмыстың нәтижесінде, өткен жылы «Қаз­АвтоЖол» және жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс шеңберінде мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге жұмыстарды қайта жасаған. Сондай-ақ, сапасыз жөндеу жұмыс­тарына жол берген техникалық қадағ­алау  ұйымдарына  қатысты   107 шағым жолданып, нәтижесінде 58 млн  теңге  айыппұл  салынған,  ал  8  инженердің  аттестаты  алынған.

Биыл еліміздегі 400-ден астам асфальт­бетон зауыттарына өндіріс­тік технологиялық процестердің сақталуына және нормативтік-­техникалық құжаттаманың сәйкестігіне тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жыл  сайын  жалғасады.

Жол сапасындағы маңызды мәсе­лелердің қатарына, жолды күтіп-ұстау жұмыстары да жатады. Бұл құзірет «Каж Сервис» ЖШС меке­ме­сіне жүктелген. Мекеменің жұмы­сына шұңқырларды жөндеу, жарықтарды битуммен өңдеу, жол белгілерін орнату, жол таңбаларын сызу, жолдарды қардан тазарту және басқа да маңызды міндеттерді қамтиды. Күтіп-ұстау жұмыстарына бөлінген қаржыны бақылау «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ мекемесінің жауап­кершілігінде, олар мердігер мекемелердің атқарған жұмыс көлеміне және сапасына қарай ай сайын  төлемдер  жүргізеді.

– Алайда, жергілікті желіде жағдай оңай емес. Мұнда бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай төмен болып отыр. Асфальтбетон жабын­дарындағы ұсақ зақымдарды дер кезінде жөндемеу олардың үлкен ақауларға айналуына әкеледі. Мысалы, кішкентай жарықшақтың өзі уақытында жөнделмесе, ол тез арада шұңқырға айналуы мүмкін. Бұл, әсіресе, температураның күрт өзгеретін кезеңдерінде ерекше әсер етеді. Түнде жарық­шақтарға енген су мұзға айналып, асфальт қабатының жарыла бастауына  себеп  болады, – деді Б.Айтбаев.

Жолдарды күтіп-ұстауда бөлінген қаржыны тиімді пайдалану және уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізу – жолдардың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті деңгейде бұл мәселелерді шешу  үшін  қосымша  іс-шаралар қажет. Жауапты мекеме басшылығы да  осыны  меңгейді.

САПАНЫ  ТҰРАҚТАНДЫРУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН  ТЕХНОЛОГИЯ

Республикалық желідегі жолдардың сапасын арттыру мақсатында бүгінде заманауи технологиялар мен материалдар кеңінен қолданылуда. Асфальтбетон жабындарының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету  үшін қоспалар мен битум­ға полимерлер енгізіліп, жоғары тығыздық пен беріктікке ие қиыр­шық тас-мастикалық асфальтбетон қоспалары қолданылады. Сонымен қатар, жол жабындарын жөндеу кезінде шығындарды азайтып, жол жамылғысының сапасы мен берік­тігін арттыруға мүмкіндік беретін суық ресайклинг әдісі де пайдаланылады. Өкінішке қарай, өңірлердегі жергілікті желіде бұл технологиялардың қолдану деңгейі айтарлықтай төмен, ал аудандық жолдарда және шағын елді мекендер көшелерінде мүлде қолданылмайды. Болатбек Қаб­ланбекұлы бұл мәселе ауылдық аймақ­тарда  өзекті  екенін жеткізді.

– 2023 жылы «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол-құрылыс материалдары  мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын әзірледі. Бұл базаның негізгі мақсаты – отандық ғылым мен өндірісті дамыту, олардың сапасын арттыру және тиімділігін анықтау. База ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етіп, жаңа және инновациялық материалдар мен технологиялардың сынақтан өткен және монит­оринг барысындағы мәліметтерін жинақтайды.

Қазіргі уақытта база бірнеше маңызды  компоненттен  тұрады: жол-құрылыс материалдарының бір­ыңғай базасы (карьерлер, зауыттар), жаңа технологиялар тізілімі, асфальтбетон зауыттарының тізілімі, аккре­диттелген зертханалар тізілімі (іске қосу сатысында), сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігінің техникалық құралдарының тізілімі. Жаңа технологиялар тізілімі сынақтан өткен және мониторинг жүргізілген жаңа материалдар мен технологияларды қамтиды. Бұл тізілімде өндірушілер, жеткізушілер, қолдану салалары, әзірленген нормативтік құжаттар, сынақ хаттамалары және т.б. туралы егжей-тегжейлі ақпараттар  ұсынылған.

Техникалық кеңестің (ТК) нәтижелері бойынша, тізілімге 98 жаңа технологиялар мен материалдар енгі­зілді, олардың ішінде: «жасыл мәртебе» – 36 (жобалау-сметалық құжат­тамаға енгізуге ұсынылған жаңа технологиялар тізілімі), «сары мәртебе» – 17 (аккредиттелген зертханадан зертханалық қорытындысы бар, тәжірибелік жер теліміне мониторинг жүргізу процесінде), және «сұр мәртебе» – 45 (тәжірибелік жер телімін бөлу сатысында, аккредиттелген зертханадан қорытындысы бар).

Мекеменің барлық негізгі қыз­меттері цифрландырылған. «Казроудлаб», ведомстволық сараптама порталы сияқ­ты ақпараттық жүйелер құрылып, сынамаларды штрихкодтау, сынақтарды автоматтандыру, жол ақауларын авто­матты түрде тану жүйесі, сынақ зертханасының виртуалды тренажері сияқты элементтер қосылған, – деді Жол активтерінің ұлттық   сапа  орталығының  басшысы.

Мұнан бөлек, Аймақтық жолдардың сапасын арттыру мақсатында мекеме белгілі бір жұмыс жүйесін құрған. Қазақстанның әр облысында және республикалық маңызы бар қалаларда 20 жергілікті филиалы бар, олардың барлығы халықаралық ISO 17025 және ILAC стандарттары бо­йынша аккредиттелген сынақ зертханаларымен жабдықталған. Меке­ме өкілетті орган атынан жұмыс атқарып, тек ішінара сапа сараптамасын жүргізеді. Жұмыс жүйесіне келсек, бірнеше  жаңашылдық  бар.

Біріншіден, жол инженерлері арнайы автокөліктермен құрылыс нысандарына шығып, жұмыстардың сапасын тексереді. Олар жол құрылысының нормативтер мен жобаға сәйкестігін қарап, ақауларды анықтайды. Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алып, оларды зертханалық тексеруге  жібереді.

Екіншіден, алынған сынамалар мекеменің зертханаларына жібері­леді. Бұл зертханалар заманауи аспаптармен жабдықталған және жол құрылыс материалдарының сапасын тексеру үшін 220 түрлі сынақ жүргізе алады. Зертханалар Қазақстан Рес­публикасында қолдануға рұқсат етілген аспаптар мен жабдықтарды пайдаланады. Мекеменің инженерлері жол құрылыс нысандарына бару үшін 50 арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жолдың тегіс­тігін анықтайтын датчиктермен жабдықталған 16 диаг­ностикалық авто­көлік  те  қолданылады.

ЖОЛ  ҚҰРЫЛЫСЫНА  ҚОЙЫЛАТЫН  ЭКОТАЛАП  ҚАНДАЙ?

Республикалық жолдардың жағ­дайын жақсарту мақсатында жыл сайын 16-17 мың шақырым жол диагн­остикадан өткізіледі. Бұл зерттеу нәтижесінде жолдардың нақты жай-күйі, қалдық ресурсы анық­та­лып, жөндеуге қажетті шаралар мен конструктивтік қабаттарды орна­лас­тыруға негіздеме беріледі. Бұл тәсіл жолдардың өткізу қабілеттілігін арттырып, олардың беріктігін ұзақ уақыт бойы  сақтауға  мүмкіндік  береді.

Алайда, жергілікті  желілерде  жағ­дай күрделірек. Мұнда автожолдарды  жөндеу  түрін анықтау көбінесе тек визуалды түрде жүргізіледі. Бұл әдіс жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына, шұңқырлар, жарық­тар және басқа да ақаулардың пайда болуына әкеліп соғады. Сонымен қатар, жергілікті жолдардың кең тармақтылығы және олардың негіз­гі өндірістік қуаттардан шалғай орналасуы жөндеу жұмыстарын ұйым­дастыруда қиындықтар тудырады. Мысалы, асфальтбетон қоспасы облыс орталығынан шалғай жатқан жол құрылыс алаңына жеткенше суып кетуі мүмкін, бұл қоспаны нормативтік талаптарға сәйкес тығыздау мүмкіндігін азайтады. Нәтижесінде, жаңа асфальтбетон жабынының сапасы төмендеп, жолдың мерзімінен бұрын тозуына және қозғалыс жағдайларының нашарлауына әкелуі  мүмкін.

Жергілікті желіде тағы бір маңызды мәселе – мердігер мекемелер мен асфальтбетон зауыттарының өз меншіктерінде сынақ зертханаларының болмауы. Бұл құрылыс материалдарының сапасын дұрыс бақыламау­ға, сапа­сыз материалдардың қолданылуына және жолдардың сапасына теріс әсер етуге әкеледі. Сондай-ақ, жолдардың тез тозуына шамадан тыс жүктемемен қозғалу, жолдарды уақытылы күтіп-ұстау жұмыстарын ұйымдастырмау сияқты  факторлар  да  әсер  етеді.

Жол құрылысы мен жөндеу бары­сында экологиялық талаптардың сақталуы да – маңызды мәселе. Жобалық-сметалық құжаттама қоршаған ортаны қорғау бойынша экологиялық тармақты қамтиды, онда жұмыстарды атқару кезінде экологиялық талаптардың сақталу тәртібі мен ережелері қарастырылған. Бұл құжаттама экологиялық сараптамадан міндетті түрде өткізіледі, ал жоба­ларды іске асыру кезінде мердігер мекемелер сол талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Дегенмен, экология­лық талаптардың орындалуы мекеменің  құзіретіне  кірмейді.

АЙМАҚТАҒЫ  АХУАЛ  ЖАЙЫНДА…

Қызылорда өңіріне тоқталсақ, облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3580,5 шақырым. Оның 1014,5 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға, 555 шақырымы – облыстық, ал 2011 шақырымы аудандық маңызы бар жолдарға тиесілі.

– Облыс бойынша 2024 жылдың алғашқы жеті айында 125 нысанға 525 рет сапа тексерісі жүргізіліп, 2037 сынама алынған. Бұл сынамалардың 300-і нормативке сәйкес келмеген. Сонымен қатар, аспаптық тексерулер барысында 81 ақау анықталып, оларды жою мақсатында мердігерлерге хаттар жолданған. Нәтижесінде, мер­дігерлер  өз  есебінен  жалпы  сомасы     47 млн теңгеге 14 472 шаршы метр негізгі қабаттарды және 1 336 шаршы метр асфальтбетон жамылғысын қайта қалпына келтірген, – деді Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Қызылорда облыстық филиал­ының директоры Көштаев Ерболат.

Қызылорда қаласы бойынша  912 шақырымды құрайтын 823 көше тіркелген. Оның 673 шақырымы асфальт жабындысымен, 163 шақырымы қиыршық тас қабатымен жабылған, ал қалған 76 шақырымы – топырақ жолдар. Жол сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кейбір көше жолдарында ақаулар әлі де кездеседі.

Жалпы, елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 168 мың шақырым­нан асады. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 70 мың шақырымы – облыстық және аудандық жолдар, ал 73 мың шақырымы – елді меке­ндердің көшелері. Республикалық маңызы бар жолдарды дамыту, пайдалану және жөндеуді ұйымдас­тыру мәселелерімен Автомобиль жолдары комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ айналысады. Облыстар мен аудан­дардың әкімдіктері жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жауап береді. Қалалар мен елді мекендердегі көшелерді жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарын жергілікті әкімдіктердің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары» бөлімдері  жүзеге  асырады.

Соңғы бес жыл ішінде жол сапа­сын тексеру барысында 20 мың жол-­жөндеу нысанына 70 мыңнан астам инспекциялық шығу жасалып, жол-құрылыс материалдарының сынамаларына 160 мыңнан астам зертханалық сынақтар жүргізілді. Мысалы, өткен жылы ақаулар көбінесе аудандық автожолдарда байқалған, атап айтқанда 1,3 мың көше-жол желісінде 800 ақау (31%) анықталды, ал облыс­тық жолдарда 500 бұзушылық (19%)  тіркелген.

Жол сапасын арттыру бағытында қоғамдық пікірлер мен халықтың талап-­тілектері де ескеріліп отыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК сенім теле­фоны (8 7172 736 736) арқылы халықтың шағымдары мен ұсыныстарын қабыл­дап, оларға жауап береді. Соны­мен қатар, әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен арыздар мен шағымдар да назардан тыс қалмайды.

Алдағы жылдарға арналған жос­парлар бойынша, биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымы реконструкцияланып, жөнделеді. Оның ішінде 2,5 мың шақырым жол немесе 109 нысан орташа жөнделеді, олардың барлық техникалық құжаттамалары ведомстволық сараптамадан өткен. Бүгінгі таңда 25 мың шақырым республикалық жолдардың 23 мыңға жуығы немесе 92%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар, үкімет 2030 жылға дейін жергілікті жолдардың сапасын 95%-ға жеткізуді  жоспарлап  отыр.

ТҮЙІН. Жол сапасы – тек асфальт пен қиыршық тастың сапасы емес, ол әрбір жолаушының қауіпсіздігі мен елдің болашағына деген көзқарастың көрінісі, елдің мәртебесі.  Бұл мәртебені  қорғау – біздің міндетіміз, ал жолдарды сапалы ету – сол міндеттің нақты көрінісі. Мұндай мәселені жай ғана жөндеу жұмыстарымен шешуге болмайды. Шынайы жанашырлық қажет. Асфальттағы ақаулар – жауапсыздықтың ізі, ал жауапсыздықтың нәтижесі – жолаушының басына түскен қауіп. Жағдай осыған бармасын десек, қазірден әрекет ету керек.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: