Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Анаға тағзым жасау қызға қорған болудан басталады

21.01.2026, 8:00 116

Бұл тақырыптың айтары көп. Себебі тағзым – гүл қою, көрме аралау, ән тыңдау, сахнада жылы сөз айту ғана емес, ол – алдымен амандықтың, қауіпсіздіктің, қорғанның аты. Ал қызға қорған болу неден басталуы керек? Cауалды дөп қойғанмен, жауабын табу қиын. Кейде тіпті мүмкін емес те сияқты. Өйткені бұл сұрақтың жауабын бір адам айтпайды, қоғам да нақтысын тап басады дей алмаймыз. Ойлап қарасақ, сауалдың жауабы әр қыздың күнделікті өмірінен басталады екен. Қараңғы көшеден қорықпай өтуінен, бейтаныс біреу соңынан қалмай аңдығанда, есік қағатын жер табуынан, полицияға арыз жазып, ертеңіне сол арыздың «қағаз күйінде» қалмайтынына сенуінен басталады. Десе де, қазір қыз тағдыры алаңдатарлық жағдайға жетіп тұр. Бірақ сол жанайқайдың көбі Полиция департаментінің табалдырығын тоздырғаннан емес, әлеуметтік желіге шыққаннан кейін ғана естіліп жатыр. Неге? Өйткені бізде арнайы мамандарға арыз жазғаннан гөрі, сол шағымыңды жұртшылыққа айтқаннан ғана әрекет басталады. Қорған  іздеген  қыз  заңға  емес,  резонансқа  сенеді. Бұл – қалыпты  жағдай  емес,  қасірет.

«Ашынғанда шығады ащы дауысым» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Қызын қияға қондырып үлгермеген күйі қабірге жерлеп жатқан ата-ана аз емес. Бірі өз баласын қорғай алмадым деп өзегін өртейді. Басқасы «мен арыз жаздым, бірақ ешкім тыңдамады» деп жанын жейді. Ал енді бірі «қызым тірі жүргенінде қолдау көрмеді, өлген соң ғана дау болды» деп егілуде. Сонда қоғам өз көріктісін қорғай алмайтын  деңгейге  жетті  ме? Сауал  көп  болғанымен, жауабы  жоқ.

Жә, ол туралы сәл кейіндеу, әзірге айтпағымыз – қыз баласының құқығының қорғалуы жетеғабыл еместігінде. Осындайда «Анаға тағзым» орталығы бірден ойға келеді. Атауы әдемі. Ғимараты еңселі. Іс-шарасы жоспарлы. Бірақ дәл осындай кезеңде жұртшылықтың күткені басқа. Қыз баласы қудалауға ұшыраса, қысым көрсе, зорлықтың шетіне іліксе, құқықтық жағынан қорғап, психологиялық тұрғыдан демейтін, қауіпсіздікке шығаратын тірек керек. Ал бұл орталықтың «тағзым» ұғымын тек музей мен мәдени іс-шара шеңберінде қалдырмай, тірі адамның тағдырына араша болатын нақты қызметке айналдырғанын қалар едік. Өйткені анаға тағзым дегеніміз, ең алдымен, қызға қорған болу. Ал қорған болмай, құрметтің  құр  сөзі  кімге  керек?

Аймақтағы «Анаға тағзым» орталығы 2023 жылы салтанатты ашылғанымен, бүгінде көбіне музейлік-мәдени бағыттағы жұмыстармен шектеліп отыр. Облыс әкімі орталықта ұлттық құндылықтарды дәріптейтін экспозициялар мен түрлі клуб жұмыс істейтінін атап өткен еді. Шынында да, жаңа ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы сияқты үйірмелер мен залдар құрылған. Алайда орталықта заңгерлік не психологиялық кеңес беру қызметі жолға қойылмағаны байқалады. Орталық құрылымында бір психолог-медиатор кабинеті көрсетілгенімен, нақты құқықтық көмек көрсетілетіні жөнінде дерек жоқ. Яғни, «Анаға тағзым» атауы бар мекеме ана мен қыздардың құқығын қорғауға емес, негізінен тәрбиелік-мәдени іс-шараларға басым­дық беруде. Бұл аталған орта­лық өзінің бастапқы мақсатына сай жұмыс істемей отыр деген деректі қуаттайды. Неге бұл орталық қыз-келіншектерге құқықтық, психологиялық нақты қолдау көрсетпейді? Өңірдегі осындай әлеуметік инфрақұрылымның формализмге ұрынып, тек көрме, мереке өткізумен шектелгені қыздар мен аналардың шынайы мұқтаждық­тарын  өтей  алмайды.

Қазақстанның басқа өңірлерінде де «Анаға тағзым» орталықтары бой көтерген. 2018 жылы Ақтөбе облысында тұңғыш рет ашылған осындай орталық өзін рухани-­адамгершілік тәрбие беру мекемесі ретінде таныстырды. Одан кейін 2021 жылы Жамбыл облысында іске қосылған «Анаға тағзым» орта­лығында да көпбалалы және жас аналарға түрлі курс ұйымдас­тырып, психологиялық әрі құқықтық тұр­ғыдан жан-жақты қолдау көрсету жоспарланған еді. Демек, кей өңірдегі орталықтар ана мен қыздарды қолдау бағытында кеңес беру қызметін қосқан. Бірақ жұмыс барысында  оны  байқау  қиын.

Сәл шегініс жасайық. Соңғы жылдары қыз баласының өлімі мен тұрмыстық жағдайда қаза болу статис­тикасы артып келеді. Соның бір дәлелі – Нұрай Серікбайдың қазасы. 21 жастағы студент Нұрай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкент көшесінде бұрын  өзін алып қашып, қуғындап жүрген танысының қолынан пышақталып қаза тапты. Ең сорақысы, бойжеткен былтыр күдіктінің зорлықпен алып қашқаны үшін арызданған, кейін оның қайта мазалауын тоқтатпағаны жөнінде ата-анасы прокуратура мен полицияға бірнеше рет шағым жазған, бірақ ешқандай қорған болмаған. Полиция шағымдарды «номенклатуралық іс» деп жылы жауып қойған, тек ауыр қылмыс жасалған соң ғана ІІМ істі бақылауға алып, қызметтік тексеріс бастағаны белгілі болды. Бұл жағдай құқық қорғау органдары деңгейіндегі немқұрайдылықтың құрбаны бір Нұрай емес екенін аңғартты. Жазира Қуанышбайдың оқиғасы да осыған ұқсас. Нұрайдың өлімінен кейін қызылордалық Жазира әлеуметтік желіге «Нұрай сияқты қашан өлетінімді күтейін бе?» деп жанайқайын жазды. Ол жарты жылдан бері бейтаныс біреу соңына түсіп, аңдып жүргенін, полиция мен прокуратураға бірнеше арыз жазса да, нәтиже жоқ екенін ашына айтқан. «Тірі жүргеніме ғана жауап береді, ал мен жоғалып кетсем ше?» деген бойжеткеннің сөзі қоғамды бейжай қалдырмады. ҚР заңында «сталкинг – адамның еркіне қарсы байланыс орнатып, аңду арқылы зиян келтіру» деп танылып, заңсыз қудалау ретінде белгіленген. Алайда Нұрайдың жағдайында бұл заңнама жұмыс істемеді, полиция арызды қозғамады, соның салдарынан қайғылы қылмысқа жол берілді. Енді бұл тағдырды Жазира жалғағысы келмейтінін жазған парақшасында.

Сонымен бірге, жуырда әнші Маржан Арапбаеваның тұрмыстық зорлыққа ұшырауы қоғамда үлкен шу тудырды. Осы қаңтарда Арапбаева азаматтық некедегі күйеуінің соққысына жығылып, полицияға шағым түсірді. Алғашында күйеуі­не тек «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша 10 тәулік қамау жазасы берілді, яғни қоғамдық орында боқтық сөз айтқаны үшін ғана жазаланды. Ал әйелді ұрып-соғу ісі қосымша қаралуға қалды. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде құқық қорғау өкілдеріне деген сенімнің сарқылып жатқанынан хабардар етті. Көпшілік «әйел ұратын еркек – қылмыскер, оны тек 10 күнге қамап қою жеткі­ліксіз» деп, тұрмыстық зорлық үшін жазаны қатаңдатуды талап етті. Нәтижесінде істі қайта сара­лап, күдікті қамауға алынғаны хабар­ланды. Бұған дейін ұзақ уақыт талқыланған Салтанат Нүкенованың өлімі де елді дүрліктірген еді. 2023 жылы  9 қарашада бұрынғы министр күйеуі Қуандық Бишім­баев ауыр соққыға жығып, 27 жастағы жұбайы Салтанатты өлтірді. Бұл іс сотта кеңінен талқыланып, 2024 жылы мамырда қылмыс­кер 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, Нүкенова трагедиясы қоғамдағы тұрмыстық зорлықтың қаншалықты қорқынышты екенін әлемге жария етті. Әрине, олай болмағанда қайтеді, мемлекеттік басқару құрылымының, заңды жақсы білетін элита­лардың бұлай жасауы басқаларға сенім қалдырмайтыны түсінікті ғой.

Жоғарыдағы оқиғалар аясын­да елімізде қыздар, әйелдер және жастардың құқығын қорғау­ға арналған ресми мекемелердің қыз­меті сын көтермей тұрғанын аңғартты. Қазақстанда Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты, Ішкі істер органдары жанында әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдері сияқты құрылымдар бар. Алайда олардың жұмысы қоғамда жиі күмән тудырады. Мысалы, ІІМ жанындағы әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшелерінің саны аз, әр өңірде бірнеше инспектор ғана істейді. Полиция статистикасына сенсек, соңғы жылдары үй ішіндегі зорлық-зомбылық деректері азайып келеді  делінеді, бірақ бұл көптеген факті тіркелмей қалып жатқанын  аңғартып  тұр.

Негізі жастардың құқықтарын қорғайтын мекемелер бар. Әр облыс, қалада Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді, университеттер мен колледждерде студенттік омбудсмен лауазымы енгізілді. Сонымен бірге «Қазақстан студенттер альянсы» атты респуб­ликалық ұйым 2005 жылдан бері бар. Оның  мақсаты студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау деп жарияланған. Бірақ мұндай құрылымдар өз қызметін жоғары деңгейде атқарып отыр деу қиын. Өкініштісі сол, олардың көпшілігі формалды іс-шаралар өткізумен шектеледі.

Жастар ресурстық орталық­тарын мемлекет жыл сайын қаржыландырады, олар арқылы жастар саясатына қатысты іс-шаралар атқарылады. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Жоспар бар, индикатор бар, есеп бар, фотоесеп бар. Бірақ қоғамға керек нәрсе – есеп емес, нәтиже. Ал нәтиже көрінбейді. Себе­бі жастар орталықтарының негізгі функциясы нақты көмек көрсету болуы керек еді. Жұмыссыз жүрген жасқа еңбек нарығына жол көрсету. Құқығы бұзылған студентке бағыт беру. Дағдарысқа түскен жасөспірімге психолог­қа қолжетімділік жасау. Заңдық сауатсыз­дыққа  ұрынған жасқа құқықтық кеңес беру. Осы қызметтердің бәрі бар деп айтылады, бірақ нақты жағдайда жастар ол көмекті ала алмайтынын жиі айтып жүр. Осыдан кеп, Жазира секілді жастар өз қиындығын мұндай орталыққа емес, әлеу­меттік желіге жария­лау­ға мәжбүр. 2023 жылғы зерттеу нәтиже­сінде өңірлердегі ЖРО жұмы­сы­ның   тиімділігі   небәрі    40% деңгейін­де бағаланған. Іс-шара­лар санын қуалап, есеп беру үшін жүздеген форум, семинар өткізіледі, бірақ нақты проблемасы бар жас­тың сол орталықтан  көмек ала алмауы пара­докс емес пе?! Бұл жерде мәселе – жастардың енжарлығында емес, жүйенің дұрыс құрылмауында. Егер жастар орталығы шынымен сенімді мекеме болса, жастар әлеуметтік желіге шағым жазып, қоғамдық резонанс іздемес еді. Ең алдымен сол орталықтың есігін қағар еді. Демек, мәселе – сенімде. Ал сенімсіз құрылымның атауы қанша әдемі болса да, қоғам үшін пайдасы шамалы.

Тағы бір маңызды сұрақ бар. Жастар орталығының қызметі жас­тардың өміріне нақты әсер етіп жатыр ма, әлде ол тек есеп үшін ғана бар ма? Егер орталықтардың басты жұмысы жастарға нақты қолдау көрсету болса, неге жастардың көбі ондай орталықтың қызметін білмейді? Неге орталықтардың байланыс арналары әлсіз? Неге жастардың шағымын қабылдайтын тұрақты, ашық жүйе жоқ? Неге тегін заңгерлік көмек пен психологиялық сүйемелдеу нақты іске айналмай отыр? Бұның бәрі қоғамда күмән  тудырады.

Қазақстан студенттер альянсы туралы да студенттердің көзқарасы екіұдай. Бұл ұйым ресми түрде студенттердің білім сапасын көтеру, жемқорлықпен күресу, жатақхана жағдайын бақылау мақсатын көздейді деп жарияланған. Бірақ қатардағы студенттердің басым бөлігі бұл ұйымның нақты қандай көмек көрсететінін білмейді. Тіпті көп оқу орнында студенттер альянстың барын естігенімен, оның жұмысы студенттің күнделікті мәселесіне араласады дегенге сенбейді. Бұл ұйым туралы ақпарат көбіне форумдар, жиналыстар, ресми кездесулер аясында ғана көрінеді. Ал студенттің нақты проблемасы шыққанда, ол ұйым алдыңғы қатардан байқалмай қалады. Тағы да парадокс.

Нақты айтайық. Егер студенттер альянсы шын мәнінде студенттердің құқығын қорғайтын институт болса, онда студенттердің ең өзекті мәселелері оның күн тәртібінен түспеуі керек еді. Жатақхана тапшылығы, оқу ақысының өсуі, сапасыз білім беру, шәкіртақы мәселесі, академиялық әділетсіз­дік, психологиялық қысым, буллинг, оқытушы тарапынан қысым көрсету, жемқорлық тәуекелі. Мұның бәрі студенттердің өмірінде бар, күнде кездесетін жағдайлар. Бірақ осы мәселелердің шешілуіне студенттер альянсы жүйелі түрде ықпал етіп отыр деген нақты нәтиже байқалмайды. Бүгінде студенттер құқығы бұзылған жағдайда альянстан гөрі әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы дабыл қағып, әділдік іздеуі жиі байқалады. Себе­бі студентке керегі – патриоттық іс-шара емес, құқықтық тұрғыдан қорған бола білу. Студентке керек нәрсе – форум емес, нақты әрекет. Ал альянс көбіне жоғары жаққа ұнамды форматта ғана көрінетін ұйымға айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Сонда бұл ұйым студент үшін жұмыс істей ме, әлде жүйе үшін  жұмыс  істей  ме?

Студенттер альянсының тағы бір әлсіз тұсы оның институционалдық салмағының жоқтығы болуы мүмкін. Өйткені ол оқу орындарының әкімшілігіне нақты ықпал ете алмайды. Студенттердің мүддесін қорғау үшін альянсқа құқықтық тетіктер керек. Университеттерде студенттердің арызын қарауға міндеттейтін нақты регламент керек. Оқытушы тарапынан заңсыз талап қойылса, студентті қорғайтын механизм болуы тиіс. Бірақ мұндай механизмдер көп жағдайда қағазда ғана қалып отыр. Студенттің өзі шағымданса, ертең оқудан шығарып жібере ме деп қорқады. Ең сорақ­ысы, студенттердің құқықтық сауаты төмен болғандықтан, көп жағдайда олар өз құқығын қалай қорғау керегін білмейді. Ал дәл осы жерде студенттер альянсы белсенді болуы керек еді. Құқықтық са­уат ашу, тегін заңгерлік кеңес беру, шағым жазудың жолын түсіндіру, қажет болса студентке құқықтық сүйемелдеу ұйымдастыру. Бірақ альянс бұл бағытта тұрақты, жүйе­лі қызмет көрсете алмай отыр. Ақпараттық жұмысы әлсіз. Ашық қабылдау алаңдары жоқтың қасы. Университеттердегі филиалдары нақты жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, ол да көп студентке беймәлім.

Сондықтан студенттер альянсына стимул жетіспейді деген ой орынды. Бірақ мәселе – тек стимулда емес, міндетте. Егер бұл ұйым студенттердің құқығын қор­ғауға жауапты құрылым ретінде көрсетілсе, онда ол өзінің жұмысын нәтижемен дәлелдеуі тиіс. Қоғам студенттер альянсынан «жылына қанша форум өткіздіңдер?» деген есепті емес, «қанша студентке нақты құқықтық көмек бердіңдер, қанша мәселе шештіңдер?» деген нәтижені  күтеді.

Бірін айтып, біріне кетіп жатыр­мыз ғой. Әйел құқығы, қыз баласының қорғалуы, студенттің заңдық тұрғыдан қорғалмауы, жастардың заң аясында білімінің аздығы турасында айтқанымыз­ды тоғысты­ратын ортақ тақырып бар, ол – елімізде құқықтық инстутиционал­дың жұмысы тоз­ған. Жоғарыда талданған деректер мемлекетімізде көзбояу­шылықтың үстем екенін аңғартып отыр. Мемлекет және қоғам деңгейінде біраз бастама, бағдарлама, заң қабылдан­ғанымен, олардың көпшілігі қағаз бетінде қалып, іс жүзінде толық жүзе­ге аспай жатыр. Қызылорда­дағы «Анаға тағзым» орталы­ғы Нұрай мен Жазира, Маржан мен Салтанат секілді бұрым­дылардың құқығын қорғаса, тереңге кеткен құқықтық қолдау мәселесі бірте-бірте  азаяр  ма  еді?

Осындай жүйелі шаралар атқа­рылмай, біз жоғарыдағыдай қайғы­лы жағдайлардың қайталануынан сақтана алмаймыз. Қыз бала – қоғамның болашағы, ал жастар – елдің ертеңі. Олардың қауіпсіз өмір сүріп, білім алып, өз ойын ашық айтып, әділдікке қол жеткізуі – жай ғана база емес пе, оны атойлап тойлаудың қажеті жоқ. Дегенмен, формализм дендеп бара жатыр. Ондайда аталған әрекетті көзбен көру мұңға айналады. Мәселені көріп тұрмыз, шешімін ұсынып тұрмыз, енді тек сәл ойланып, формализмді фактіге айналдыратын кез келді. Оқып отырған құзырлы мекеме болса, әрекет  күтеміз.

К.ҚҰРМЕТ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: