Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алақан жайып, су сұрау қашанғы жалғасады?

21.08.2025, 12:00 763

Арал теңізін зерттеуші ғалымдардың өткен ғасырда (XX ғ.) 50 жыл ішіндегі жасаған бақылау деректеріне қарағанда (1911-1960 жж.), Арал теңізі жағалауының тіршілігі қалыпты деңгейде болған. 1960 жылға дейін оған келіп құятын екі өзеннің табиғи су қоры шамамен 120 текше шақырымға (км3), оның ішінде жылдық көлемі Сырдария суы – 40, Әмудария суы 80 текше шақырымға тең болған. Жылдық балық аулау 400-450 мың центнерге, ондатр терісін  дайындау 21 миллион данаға жеткен.

Қызылорда облысының ауылдық жерде өмір сүріп жатқан халқының тіршілік көзі Сырдария өзенінің тағдырына тәуелді. Облыстағы жеті ауданның күнкөрісі Сырдария өзенінің суына байланысты, алты аудан күріш пен ауылшаруашылық дақылдарын ексе, Арал ауданы мал шаруашылығы мен Кіші Арал мен көлдер  жүйесіндегі  балықпен  тірлік етіп отыр.

КСРО-ның кезінде С.П.Толстов бастаған экспедиция Әмудария мен Сырдария өзенде­рінің бойындағы көне суармалы жерлерді зерттеп, осы зерттеудің қорытындысымен 1937 жылы «Земли древнего орашения» атты кітабы баспадан шықты. Бұл еңбекті Одақтық Жоспарлау Комитеті (ГОСПЛАН) пайдаланып, Әму мен Сыр бойына қанша гектар мақта мен күріш егуге болатынын алдын ала жоспарлаған. Жоспарды іске асыру үшін 1938 жылы Ташкент қаласында «Средгипроводхлопок» пен «Средазгипрохлопок» жобалау институт­тары құрылды. Осы екі институт Әмудария мен Сырдария бойына орналасқан республикалардың суландыру жүйесі бойынша салынатын құрылыс­тары мен мақта мен күріш егетін аумақтың жобасын жасады. Одақтық Жоспарлау комитеті (ГОСПЛАН) Қызылорда об­лысында күріш дақылынның көлемін көбейту үшін Сыр­дария өзенінің төменгі ағысында су тоспасын салу қажет деп, КСРО Халық  Комис­сарлар  Кеңесі  мен  БКПб  Орталық Комитеті  Қау­лы қабылдады (16 сәуір 1940 жыл). Сырдария өзені бо­йындағы «Тас­бөгет» (Қызыл­орда) су тоспасын (плотинасы) 1939 жылы «Средгипроводхлопок» зерттеу-жо­балау инс­титутының білікті маманы, профессор В.Пославскийдің басшылығымен инженер-гидротех­ник Г.Прозоров бастаған топ жасаған. Жобада «Тасбөгет» плотинасы 120 мың гектар ауылшаруашы­лық  дақылы  мен  2 миллион гектар мал жайылы­мына  Сырдария суының  деңгейін қажетті мөлшерде  тұрақты  көтеріп  тұру  жоспарлан­ған. Құрылыс 1940 жылы басталып, 1956 жылы    27  маусымда  аяқталды.

КСРО Мемлекеттік жоспарлау (ГОСПЛАН) Мемлекеттік сараптау комиссиясының 1973 жылғы 7 ақпандағы  №2 Қаулысы бойынша республикадағы жалпы  суармалы  жер көлемі 2 960 мың гектар деп белгіленген болатын, бірақ бұл көрсеткіш Сырдария бассейнінің суландыру мүмкіндігі тұрғысынан қайта қаралып, 3 160 мың гектарға, яғни 7 процентке көбейтілді. Қызылорда облысындағы Қызыл­орда, Қазалы, Түгіскен, Жаңақорған, Шиелі суармалы алқаптың (массив) 264,4 мың гектар жердің 250,5 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілді.

Кезінде ғалымдар Арал теңізінің тартылып бара жатқаны туралы дабыл қаққан болатын. «Приаралье – крупная зона рисосения, здесь сосредоточено около 75% посева республики. Интенсивный расход воды Амударьи и Сыр­дарьи на орашение ведет к значительному снижен­ию  уровня  Аральского  моря.

Динамические процессы, протекающие в Приаралье, привлекают пристальное внимание ученых. Так, в 1976 г. по инициативе ГКНТ организована Временная научно-техническая комиссия во главе с академиком И.П.Герасимовым для оценки влияния снижения уровня Аральского моря на окружающую среду и экономику прилигающего региона. К ее работе привлечен ряд научно-исследовательских институтов Академии наук СССР, Академии наук КазССР и республик Средней Азий, а также институтов, подведомственных союзными и республиканским министерствам» деп Арал теңізінің тағдырымен ғалымдар сол уақытта мемлекетті басқарып отырған ОК мүше­сі, үш мәрте Еңбек Ері Д.Қонаевқа Аралдың құрып, жойылып бара жатқанын хабардар етіп отырған. (Академия наук КазССР. Проблема  Аральского моря. Для служебного ползования. Экз. №334. Алма-Ата, 1983, стр.3)

Сырдария өзенінің алабында орналасқан мемлекеттер арасында су бөлу проблемасы жыл сайын өткір туындауда. Осы «бөлістен» Қазақстан өз үлесін толық және уақытылы ала алмай жүргені де жасырын емес. Оның басты себебі, ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін 20.12.1990 жылы таратып, коми­тет етіп құрғаны. Осы отыз үш (33) жыл ішінде Су комитетін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, содан кейін Экология министрлігіне қосты. Осы жылдары Су комитеті «жетім баладай» күй кешті. Министрлікке қарайтын инженер-гидротехник бен гидротехник маман дайындап отырған екі институт (Тараз, Қызыл­орда), үш техникум (Қызылорда, Вановка, Алматы) жабылды. Комитетті басқарған екі басшысы сотталды. Біріншісі – Рябцев Анатолий Дмитревич, мамандығы – инженер­-механик, екіншісі – Әбішов Ислам Әлмаханұлы, мамандығы – инженер-электрик.

ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі таратылғаннан кейін орнына жаңадан Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет (1990-1994) болып қайта құрылды, 1990-1995 жылдары Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитетті бұрынғы ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев басқарды. Комитет 4 жыл жұмыс істеді. Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің  кейінгі  тағдыры:

1. ҚР  Министрлер  кабинеті  жанындағы  Су ресурстары  жөніндегі  комитеті  (1994-1995); 1 жыл.

2. ҚР Су ресурстары жөніндегі комитеті (1995-1997); 2 жыл.

3. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті (1997-1999); 2 жыл.

4. ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған орта­ны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитеті  (1999-2002); 3 жыл.

5. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су  ресурстары  комитеті (2002-2013); 11 жыл.

6. ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитеті (2013-2014); 1 жыл.

7. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су  ресурстары  комитеті (2014-2019); 5 жыл.

8. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті (2019-2023); 4 жыл.

2024 жылы республиканың 10 облысында болған көктемдегі қар мен мол жауған жаңбырдан кейінгі су тасқыны кезінде елімізде су маман­дарының (гидротехниктердің) жоқты­ғын кеш болса да, Үкімет айқын байқады және су қоймалары мен каналдар жекешелендіріліп, жеке кәсіпкерлердің құзырына өтіп кеткені белгілі болды. Осыны ескере отырып амалсыздан отыз үш (33) жылдан кейін, ҚР Су ресурс­тары және ирригация министрлігі болып 01.09.2023 жылы қайта құрылды. Министр етіп мамандығы инженер-механик Нұржан Нұржігі­товті  тағайындады.

Байқап тұрғанымыздай, осы 33 жылдың ішінде үш рет (3) Ауыл шаруашылығы министрлігіне, үш рет (3) Экология (Табиғи ресурстар, Қоршаған орта) министрлігіне қосылып, «Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеті» аталып, «жетім баланың» күйін кешті. Кеңес­тер  Одағының кезіне ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің республиканың барлық облысында мекемелері болды. Мысалы, Қызылорда облысында «Кызылордаводстрой», «Риссовхозстрой», «Облводстрой», жоба­лау институты, аудандарда күріштік жерлерді инженерлік жүйеге келтіретін ПМК-­лары, «Райводхоздар», көлік базалары, темір-бетон зауыты, т.б. мекемелері жұмыс істеп  тұрды. Кейін  көбісі  жабылып  қалды.

Сырдария өзенінің су деңгейін гидромет­риялық бақылау жасау патшалық Ресейдің кезінде 1910-1913 жылдары Сырдария бойына төрт гидропостты салған. Олар: Төменарық, Қызылорда, Қараөзек, Қазалы. Қазіргі уақытта Қазақстан жерінен ағып өтетін Сырдария өзенінің бойында 8 тірек гидропост жұмыс істейді. 1. «Чиназ»-«Көкбұлақ» Өзбекстан мен Қазақстан шекара сызығына жақын орналасқан. «Чиназ» гидропостысы – Өзбекстан жерінде,  «Көкбұлақ»  гидропостысы Қазақ­стан жерінде орналасқан. 2. Шардара. 3. Көк­төбе. 4. Төменарық. 5. Тасбөгет (Қызылорда).  6. Қара­өзек. 7. Басықара (Қазалы). 8. Қара­терең  (Ақлақ).

Ескерту: «Шардара» су қоймасындағы Арнасай су каналы есепке алынбаған, себебі қыс пен көктем айларында жоғарыдан жіберілген су «Шардараға» сыймаған жағдайда Арнасай арқылы  Айдаркөлге  жіберіледі.

«Чиназ»-«Көкбұлақ» гидропостысы кеңес­тік кезеңде салынған, әбден тозығы жеткен және  ескі  қондырғылармен  жұмыс  істеп  тұр.

Су объектілері мен су ресурстарының мемлекет­тік мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы ҚР Су ресурстары және ирри­гация  министрінің  2025 жылғы маусымдағы №115-НҚ Бұйрығы шықты. Сонда №23 «Шардара»  су  қоймасы  туралы:

1). Су қоймасының деңгейі және көлемі тура­лы  мәліметтер.

2). Су қоймасына ағып келген («Көкбұлақ» гидропастысы) және ағызған су туралы мәлі­меттер күн сайын есептеліп  тұру  қажеттілігі  айтылған.

Сырдария  бассейніндегі  су  қоймалары:

Автордың ескертпесі: Қырғызстандағы Нарын өзенінің бойында «Қамбар-Ата» үш каскаттан тұратын ГЭС жоспарланған. Бірінші ГЭС-ін біріккен үш мемлекет (Қырғызстан, Өзбек­стан, Қазақстан) салып жатыр. Келешекте бұл су қоймасына 5,4 км3 су жиналады.

Кестеден көріп тұрғанымыздай, өзен бойын­дағы салынған су қоймалары екі бағытта жұмыс  істейді.  Бірінші  егіндікке  қажетті су  жинаса,  екінші  электрэнергия  өндіреді. Су қоймала­рына салынған ГЭС (Әндіжан, Тоқтағұл, Қайрақұм, Шарбақ, Шардара) жаз айларында су қоймаларына  мол су жинап, қыс айларында тұтынушылардың  қажетін өтеу үшін турбиналарды тез айналдырып, көп электрэнергия алу мақсатында су қоймаларынан төменге мол су жібереді. Бұның зиянды жақтары, жоғарыдан келген мол су, қыс айла­рында «Шардара» су қоймасына сыймаған суды төменгі жаққа жібереді, мол су Сырдария өзенінің бойына орналасқан елді мекендерді су алып кету қаупін тудырады. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. «Көксарай» су қоймасы салынғанға дейін «Шардараға» сыймаған суды Арнасай арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге ағызуға Қазақстан мәжбүр болды. Айдаркөлге құйған су өзбек ағайынға тегін  бергендей, қайтымы жоқ су болғандықтан, Қазақстан осындай жағдайлар қайталанбасы үшін су сыйымдылығы 3,0 км3 «Көксарай» қарсы реттегішін  (контррегулятор)  салды (2010 ж).

Өзбекстандағы Айдаркөл* мен Арнасай* сурет­тегіші кезінде «Шардара» су қоймасымен  бірге жоспарланған болатын. Сырдария өзенінде судың мол жылдары жоғарыдан келген су «Шардара» су қоймасына (4,7 км3) сыймаған жағдайда артық суды Арнасай арқылы Айдаркөлге құйған. Мысалы, 1969 жылы «Шардара» су қоймасына сыймаған 21,8 км3 суды «Шардара» плотинасын аман сақтап қалу үшін амалсыздан Арнасай арқылы Айдаркөлге құйды. Бұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Қазіргі уақытта Айдаркөлдегі судың 90-95 пайызы Қазақстанға тиесілі. 5-10 пайыз Сырдария мен Жизақ облыстарының «Шөл дала» мақта массивінің қашыртқы су құяды. Өзбекстан жерінен бастауын Сырдария өзенінен алатын «Достық» каналы (200 м3/сек) арқылы Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарының суармалы мақта алқаптарының қашыртқы сулары «Шардара» су қоймасына құяды.

Өзбекстандағы «Айдар (Айдаркөл) – Арна­сай» көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына 08.02.2008 жылдан бері қабылданған. Ал Қазақстан Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария атырауы (ауданы – 330 000 га және «Барсакелмес» қорығы) 02.02.2012 жылдан бері Рамсар конвенциясының тізімінде. Яғни, Өзбекстан 17 жылдан бері, Қазақстан 13 жылдан бері мүше.

Халықаралық   Рамсар  конвенциясы  заңын негізге ала отырып Өзбекстан мен Қазақ­стан  Үкіметі Айдаркөлді қарсы реттегіш (контррегуля­тор) есебінде пайдаланудың жолын  қарастыруы керек. Екі жақтың ғалымдары мен су мамандары келісе отырып, Айдар­көлден қанша су алу керектігін есептеп шығарып, екі жақ келіскен жағдайда, жобалау институты Айдаркөлден «Шардара» су қоймасына айдайтын су насостары мен құрылыс жұмыстарына кететін сметалық құнын есептеу керек. Бұл жұмыстарға онша көп қаржы кетпейтіні анық. Су насостарын электрэнергиямен қамтамасыз ету үшін «Шардара» ГЭС-нен  алуға  болады.

Премьер-минстрдің  орынбасары  Қ.Бо­зым­баев Қырғызстан мен Өзбекстанға сапары кезінде Түркістан мен Қызылорда облысында егінге су жетпей жатқандықтан, «Тоқтағұл» су тоспасынан төмен қарай 350 м3/сек артық су жіберуді сұраса, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов Түркістан (Жетісай мен Мақтаарал аудандары (28.07.2025 ж.) мен Қызылорда облыстарына сапары кезінде есепте жоқ артық күріш егіп, су пайдаланып отырған қожалықтарды анықтап, облыстық су шаруашылық мекемелерінің (облводхоз) Қызыл­орда мен Түркістан басшыларына сөгіс жариялады.

«Арал-Сырдария бассейндік инспекция­сының мамандары Сырдария өзенінен суды заңсыз алып келген 9 сорғы қондырғысын анықтады, арнайы су пайдалануға рұқсатсыз суды пайдаланған 62 адамды анықтап, құқық бұзушыларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 12,4 млн теңге болды», деп «Егемен Қазақ­стан» (29.07.2025 ж.) газеті жазды. Елу жылдан  бері  есепте жоқ артық күріш егіп, артық су пайдаланып, КСРО-ның кезінде аудан­аралық социалистік жарыста кім гектарынан артық күріш алады, күріш тапсырудан жоспарды  артық орындайды деп, аудан басшылары жарысса, енді артық күріш егіп отырған латифунис­терді (қожалықтар) биыл анықтап, жерден «жеті  қоян  тапқандай»  жарыса  жазып  жатыр.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Қызыл­орда облысына сапары (31.07.2025 ж.) кезінде негізгі басты мәселе су үнемдеу технологиясын енгізу және су инфрақұрлымын дамыту, «Қараөзек» су қоймасын салу туралы облыс  басшысына  тапсырма  берді.

Сонымен 2-3 айдың ішінде Қызыл­орда облысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов­тан бастап, орынбасары Қ.Бозымбаев (03.08.2025 ж.), министрлер Н.Нұржігітов пен Е.Нысан­баев болып кетті. Халықтың үні енді ғана «құлақтарына» жеткен болуы керек, Кіші Аралға қалай су жеткізу жолдарын қарастыра бастаған сыңайлы. Дегенмен, «Әліптің артын бақ» деген қазақ, Үкіметтің берген тапсырмалары  қашан  іске  асар  екен?

Қызылорда облысында 1960 жылға дейін 2582 көл болды. 1962 жылдан бастап өзен суының күріштік жерлерді суландыруға көптеп пайдалануының нәтижесінде Арал теңізінің деңгейі төмен түсіп, көлдер құрғай бастады. Соңғы жылдары көлдер тек Сырдария өзенінің бойында, көлге құяр сағасында ғана, соның ішінде Қазалы мен Арал аудандарында небәрі 11-ақ  көлдер  жүйесі  қалды.

Қараөзек көлдер жүйесі бірнеше топқа бөлінеді. Оларға Қарарым, Малтай, Қаракөл, Байсары, Қаракеткен, Бесқопа және Майкөл учаскелері кіреді. Осы учаскелер бірнеше шағын көлді қамтиды. Осы өңірдегі Торпақсор, Шолақ Бабан, Ақжар, Шотан, Бақкөл ірі-ірі көлдердің көбісі 70-жылдардың басында-ақ құрғап қалған болатын. (2-кесте)

«Қазалы» су тоспасы (плотинасы) күрішке қажетті су (вегетация кезеңі) беруді аяқтағаннан кейін, шілде айынан бастап 300-500 м3/сек су өткізе отырып, Аманөткел су тоспасы арқылы Қазалы, Арал аудандарының аумағындағы 11 көлдер жүйесін толтырып, судың бір бөлігін Сырдария бойымен Ақлақ су тоспасы арқылы ары қарай Кіші Аралға құюға болады. Тек көлдер жүйесін толтыру үшін 1,5 км3 су қажет.

Қазақ күріш  шаруашылығы ғылыми-­зерттеу  институтының  ұсынысы бойынша Қызыл­орда облысында күріш егетін алқапты 60-70 мың  гектардан асырмау керектігін айт­қан болатын. Күрішке бөлінген суды ұтымды пайдаланып, су  үнемдейтін  прогрессивті жүйе­лерді практикаға енгізудің маңызы бар екеніне  айрықша назар аудару керек. Күріштен босаған жерлерге суды аз қажет ететін дақылдарды егуді қолға алып, шетелдік инвестиция тарту керек. Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-­зерттеу институты (ҒЗИ) мамандарының ұсыныстарын пайдалана отырып, егін суғару, су үнемдеу жаңа технологияларды пайдаланып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісе отырып  шешудің  жаңа  жолын  қарас­тыру  керек.

Қорыта айтқанда: Бірінші маңызды мәселе – «Шардара» су қоймасының жанындағы, Өбекстан жеріндегі Айдаркөлді қарсы реттегіш есебінде пайдалану жолын қарастыру. Бұдан  ұтатынымыз – қыс айларында «Әндіжан», «Тоқтағұл», «Қайраққұм» су қоймаларынан келе­тін мол суды «Айдаркөл» мен «Көк­сарай» су қоймасына қарай бұру. Сырдарияның төменгі бойында орналасқан елді мекендерді су  алу  қаупінен  сақтау.

Екінші мәселе, «Чиназ»-«Көкбұлақ» гидробекеті кеңестік кезеңде салынған, әбден тозығы жеткен және ескі қондырғылармен жұмыс  істеп, «Шардара» су қоймасына қанша су түсіп жатқанын дәл анықтауға мүмкін болмай отырғаны жасырын емес. Гидромет тарапынан дәйекті дәлелдемелермен осы постыларды жаңартуды қолға алу қажеттігі жөнінде Үкімет алдына мәселе қою қажет. Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге «Шардара» су қоймасынан су жіберіп жатқанымыз заңды ма? Екі ел арасында қандай келісімшарт бар екенін жария ету. Келісімшарт  болмаған  жағдайда кім жауап береді?

Үшінші мәселе, жоспарда көрсетілмеген, артық күріш егетін, су ұрлайтын қожалықтарды заңды түрде қылмыстық жауапқа тартуды қарастыратын мезгіл жеткен сияқты. Ұсталып қалған жағдайда олар аз ғана айыппұл төлеп құтылып кетеді. Сондықтан жаңа қабылданған ҚР Су кодексіне (9 сәуір 2025 ж. №178-VIII) арнайы  бап қабылдау керектігін қарастыратын  кез  келді.

Төртінші мәселе, жоғарыда айтып өттік, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Қызыл­орда облысына сапары (31.07.2025 ж.) кезінде, «Қараөзек» су қоймасын салу туралы облыс басшысына тапсырма берген болатын. «Қара­өзек» су қоймасын салуға кететін қаржыны үнемдеп, «Айдаркөл» қарсы реттегішін салуға жұмсаса, бұл арада ұтатынымыз, Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруа­шылық егістіктерді толық сумен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз, екінші Кіші Арал мен Қазалы, Арал аудандарындағы көлдерге керекті суды жеткізуге толық мүмкіншілік болар еді. Үкімет басшыларының Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жылда қайталана­тын су сұрауы, «алақан жаюы» азаяр еді.

Әлібек  САБЫРБАЕВ,

инженер-гидротехник, 

зейнеткер,  өлкетанушы.

Қызылорда  қаласы

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: