Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймағамбетов айтты, нәтижесі қандай?

03.03.2022, 10:20 349

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің,

Қызылорда облысының білім басқармасының

басшысы Ақзира Қасымованың,

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы

Әділхан Жөлекешовтің назарына

Әлеуметтік желідегі жеке парақшамда 21.02.2022 жылы «Жалған диплом пайдаланып…» атты тақырыпта жарияланған жазбамда Қазалы аудандық білім бөліміне қарасты кейбір мектептерде болған кемшіліктер қозғалған еді. Сол мақалама байланысты оқырмандар тара­пынан көптеген пікірлер айтылып, жазылды. Солардың ішінде Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, өзге де көптеген марапат-мадақтаулардың иегері Ибадулла Тілептің: «Ұят тір­ліктер біршама. Ауданда алды 2 жыл, соңы 2 ай 6 мектеп директорсыз. Бұл мәселені мен бірнеше рет көтердім, жауап жоқ. Ауданда бірнеше азамат-азаматша директорлыққа тест тапсырып келсе де, біреуіне імірат (сұраныс. – ред.) жоқ. Білім  басқармасы  кімді,  нені күтіп отыр?» – деген  пікірін  оқырман  назарына  ұсынсам.

Ел арасында абыройы биік Ибадулла Тілеп қозғаған жоғарыдағы мәселе көпшіліктің де таңданысын туындатып жүр. Шынымен де, білім ордасына осыншама уақыт басшы неге тағайындалмаған?! Әлде біз түсінбейтін өзгеше кедергі  бар  ма?!

«Ойды ой қозғайды». Депутат көтерген тақырып  ҚР  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің: «Бізде ротация деген түсінік те, институт та болған жоқ. Ал қазір біз оны заңға енгіздік. Әрине, ол біздің барлық әріптесімізге  бірдей  ұнамайды.  10, 15, 20 жыл бір мектепте басшы  болған  адам  басқа  білім  орда­сына  ауысқысы  келмейді. Бірақ,  бір  адамның    15 жыл бір мектепте жұмыс істеуі тиімділік мәселесіне әсер етпей қоймайтынын түсіну керек. Биыл мыңнан астам мектеп директоры ротацияға ұшырайды. Қазір «Директордың еш тиімділігі болмаса, ол басқа барған мектебінің деңгейін түсіреді» деген пікір айтылып жатыр. Мұндайда қандай да бір сұрақ туындамайды. Егер директор тиімді болмаса, онда ол аттестация арқылы жұмыстан шығады. Мұндай тәжірибе дүниежүзінде бар. Мысалы, бізде де қазақ-түрік инновациялық білім лицейлерінің директорлары әр үш жыл сайын ауысып отырады. Бұл жұмыс­тың сапасын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық сынды мәселелердің алдын алады» деген сөзін еске түсірді. (https://www.bugin.kz/23349-aymaghambetov-biyl-mynhnan-astam-mektep-direktorlary-rotatsiyagha-ushyraydy).

Орынды сөз. Бір жерде ұзақ жыл басшылықта болған адамның министр айтпақшы «басқа білім ордасына ауысқысы келмейтіні» рас болуы. Үйреніскен ұжым, таныс орта дегендей….

Бірақ…. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің: «Білім беру ұйымында лауа­зымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс» деген сөзін қаперде ұстасақ. (https://turkystan.kz/article/164948-biyl-studentterdin-shekirtakysy-tagy-da-osedi/).

Асхат Аймағамбетов көптің ойындағы сауал­ды жазбай таныды. Министр айтқан басшылардың  бір орында ұзақ жыл басшылық жасауы біздің Қазалы ауданында да баршылық. Әрі тек мектептерге ғана емес, балабақша басшыларына да тән көрініс. Олай болса, «ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынуда?» деген сұрақтың туындауы орынды.

Сонымен… Аймағамбетов айтты, нәтижесі қандай?!.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: