«Адамзат – ақылымен адамзат» дейді дана халқымыз. Бірақ та, қазір ақылды тек адам емес, машина да меңгере бастаған заман енді. Бір кездері қиял-ғажайып фильмдер мен ғылыми-фантастикалық әдебиеттен көріп-оқитын дүниелер енді біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғандай. Ол ақпарат іздеп беруден бастап, мәтін жазуға, күрделі есептерді шешуге, оны қойшы, тіпті сурет салуға да қауқарлы. Әрине, адамзат жасанды интеллектінің (ЖИ) көмегімен біраз жұмысын жеңілдетті. Оның жасыратыны жоқ. Десе де, осы ЖИ-дің кесірінен өздігімізше ойлаудан, жалпы шығармашылық қабілеттен ада бола бастағанымызды біртіндеп байқамай келе жатқан сияқтымыз. Расын айту керек, ЖИ енді қолданысқа енген кездердегі «нейрожүйе адамзаттың санасын билейді», «олар үстемдік етуі мүмкін» дейтін «ақылға қонымсыз» тұжырым жасап, түймедейді түйедей етуден аулақпыз. Дегенмен де, әр нәрсенің өз лимиті болатынын естен шығарып жатқан да сияқтымыз. Сондағы басты мәселе ЖИ-дің білім беру жүйесіне енуі, сондай-ақ оқушылар мен студенттердің берілген тапсырмаларды «ChatGPT», «DeepSeek» секілді платформалар арқылы орындап, өз-өзін алдап баға алуы, болмаса дипломдық жұмыс қорғап, ғылыми жоба әзірлеп, қызыл-көк дипломды қолға ұстауында болып отыр. Және де жасанды сананың қазақ қоғамына әсері қандай? Басшылық, мәжіліс спикерлері бұл мәселеге қандай көзқараспен қарайды? Бұған да кейінірек тоқталамыз.
ЖАСАНДЫ САНА. ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?
Жасанды сананың ең үлкен артықшылықтарының бірі – оның еңбек өнімділігін арттыруы. Өндірістік процестерден бастап, бизнес шешімдеріне дейін ол жылдамдық пен дәлдікті қамтамасыз ете алады. Мысалы, ірі корпорациялар жасанды интеллектіні логистикада, қаржы нарығында және клиенттерге қызмет көрсету саласында кеңінен қолданады. Goldman Sachs секілді инвестициялық банктерде күрделі қаржылық талдауларды бұрын бірнеше күн бойы адам жасайтын болса, қазір ЖИ үшін оларды секундтар ішінде орындау сөз емес. Сонымен қатар, Tesla сияқты автомобиль өндірушілер жүргізушісіз көліктерді дамыту арқылы тасымалдау саласын түбегейлі өзгертуге тырысуда.
Медицинада да жасанды сананың маңызы зор. Мәселен, IBM Watson жүйесі қатерлі ісік диагнозын қоюда онколог-дәрігерлерден гөрі дәлірек болжам жасай алатыны дәлелденген. ЖИ көмегімен медициналық зерттеулерде жаңа дәрілерді тестілеу уақыты қысқарып, емдеу тәсілдері жедел түрде дамып жатыр. Робот-хирургтар аса дәлдікпен операция жасап, адам мүмкіндігі жетпейтін хирургиялық әрекеттерді орындауда. Бұл адам өмірін құтқаруға және денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға үлкен үлес қосып жатыр десек болады.
Алайда, жасанды сананың тигізер зияны да жоқ емес. Оның ең үлкен қаупі – жұмыс орындарының қысқаруы. Бүгінгі таңда өндірістік кәсіпорындар, логистикалық компаниялар және банктер көптеген қызметті автоматтандыруда. Бұл адамдарды жұмыстан босатуға әкеліп соқтыруда. Оксфорд университетінің зерттеуі бойынша алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47%-ын автоматтандыру мүмкіндігі бар. Бұл, әсіресе, төмен білікті жұмысшылар мен кеңсе қызметкерлеріне үлкен қауіп төндіреді.
Жасанды сананың тағы бір алаңдататын тұсы – дербес мәліметтердің қауіпсіздігі. Цифрлық дәуірде адамдардың жеке ақпараты түрлі жүйе арқылы жиналып, өңделіп жатыр. Facebook пен Google сияқты компаниялар пайдаланушылар туралы ауқымды мәліметтерді жасанды интеллект көмегімен талдап, оны бизнес мақсаттарында қолданады. Бірақ бұл мәліметтердің қаншалықты қорғалғаны – үлкен мәселе. Соңғы жылдары хакерлік шабуылдар көбейіп, ірі компаниялардың мәліметтер базасы бұзылып жатқанын көзіміз көріп отыр. Шынымен алаңдатарлық жайт.
Этикалық мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Жасанды сана адам өміріне қатысты маңызды шешімдер қабылдауға қабілетті ме? Мысалы, жүргізушісіз көлік апатқа ұшыраған жағдайда, ол жолаушыларды ма, әлде жаяу жүргіншілерді құтқаруды таңдай ма? Мұндай моральдық дилеммалар ЖИ арқылы әлі де шешілмеген. Сол сияқты, әскери мақсатта қолданылатын жасанды интеллект жүйелері соғыс жүргізу әдістерін түбегейлі өзгертіп, адамдарды шешім қабылдау процесінен тыс қалдыруы мүмкін дейді сарапшылар.
Жасанды сананың қоғамға тигізер әсерін екіжақтыға баладық. Қорыта айтқанда, ол бізге үлкен мүмкіндіктер сыйлап қана қоймай, жаңа қауіптер де тудырады деген тұжырым жасауға болады. Сондықтан оны бақылаусыз дамыту орнына, этикалық шектеулер мен заңнамалық нормалар енгізу қажет. Әлем елдері жасанды интеллектінің дамуын реттеу мәселесін талқылап, оның салдарын алдын ала болжауға тырысып жатыр. Дегенмен, бұл технологияның бағыты дұрыс анықталмаса, ол тек прогресті емес, сонымен қатар жаңа әлеуметтік теңсіздіктер мен қауіп-қатерлерді де алып келуі мүмкін.
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ САНА
Жасанды интеллект Қазақстанның цифрлық экономикасын ілгерілетіп, әртүрлі салада тиімділікті арттырудың негізгі қозғаушы күшіне айналды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды жүйеге көшіріліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 92,9%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер елдегі цифрландыру үдерісінің қарқынды жүріп жатқанын және ЖИ-дің мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету сапасын жақсартудағы маңызын айқын көрсетеді.
Өндіріс пен өнеркәсіпте жасанды интеллектінің енгізілуі өндірістік автоматтандыру деңгейін арттырып, шығындарды қысқартуға септігін тигізуде. Ауыл шаруашылығында ЖИ технологиялары суару жүйелерін тиімді басқару, өнімділік болжамдарын жасау және аграрлық сектордағы процестерді оңтайландыру үшін қолданылуда. Қаржы саласында ол тәуекелдерді болжау, алаяқтықпен күресу және клиенттерге қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында кеңінен пайдаланылып келеді. Ал медицинада жасанды интеллект ауруларды ерте кезеңде анықтау, диагностикалық дәлдікті арттыру және емдеу сапасын жақсарту ісінде маңызды рөл атқаруда.
Astana Hub халықаралық технологиялық паркі қазақстандық IT-стартаптардың дамуына серпін беріп, бүгінде 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктіріп отыр. Олардың жиынтық табысы 1,2 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 31 есе өскен. Бұған қоса, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы деректерді басқару, инфрақұрылымды жетілдіру және адами капиталды дамыту мәселелерін қамтып, елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жасанды интеллектіні көлік және логистика саласында пайдалану тасымалдау кестелерін оңтайландырып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуде. IT-қызметтерді экспорттау арқылы Қазақстан цифрлық экономикасын дамытуда жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамалар экономиканың әртүрлі саласына серпін беріп, елдегі технологиялық прогрестің жылдамдауына ықпал етуде.
Жалпы, жасанды интеллект Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге айтарлықтай үлес қосуда. Алайда, елдің бұл технологиядағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін деректерге қолжетімділікті кеңейту, цифрлық инфрақұрылымды күшейту және адами капиталды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы қажет. Мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық арасындағы тығыз ынтымақтастық Қазақстанды Орталық Азиядағы технологиялық көшбасшы елге айналдыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту жолында біраз жоба жүзеге асып жатыр. Әсіресе университеттерде ЖИ мамандарын даярлау жұмысы тыңғылықты жүруде. Бұл туралы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айнұр Ахмедиярова:
– Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары да жасанды интеллектіні дамытуда маңызды рөл атқарады. Назарбаев Университеті жасанды интеллект және смарт-жүйелер институты (ISSAI) арқылы ғылыми зерттеулер жүргізіп, KazLLM сияқты ауқымды жобаларды іске асыруда алдыңғы қатарда тұр. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жасанды интеллект зертханаларын ашып, студенттерге деректер талдауы, машиналық оқыту және нейрондық желілер бағытында білім беруде көшбасшы болып табылады. Сәтбаев Университеті инженерлік және техникалық бағыттағы зерттеулерді дамытып, жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жобаларды қолдауға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті (IITU) жасанды интеллект мамандарын даярлау бойынша заманауи бағдарламаларды енгізіп, кадр тапшылығын жоюға айтарлықтай үлес қосуда.
Осы университеттердің зертханалары мен орталықтарында жасанды интеллектінің түрлі саладағы қолданылуы зерттеліп, студенттерге практикалық машықтар беріледі. Ғылыми жобалар мен стартаптар қолдау тауып, университеттер жасанды интеллект технологияларын коммерцияландыруға және халықаралық серіктестікті нығайтуға белсенді атсалысуда. Бұл жоғары оқу орындарының және жетекші ғалымдардың бірлескен жұмысы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін арттырып, оны халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ете алады, – дейді.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ. МӘЖІЛІС СПИКЕРЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанда жасанды интеллектіні заңнамалық реттеу мәселесі алғаш рет ашық әрі қызу талқыға түсті. 3 наурыз күні Мәжілісте ұсынылған заң жобасы түрлі пікірталас туғызды. Бірі оны уақытылы әрі қажетті құжат деп есептесе, енді бірі ЖИ-дің дамуынан қауіптенетінін жасырмады.
Депутат Екатерина Смышляева ұсынған заң жобасының негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні реттейтін ашық құқықтық база құру. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын әлемде бұл технологияға заңнамалық тұрғыдан назар аудару қажеттілігі туындамаған еді, алайда қазіргі технологиялық жарыс бұл мәселені күн тәртібіне қойды. Авторлық құқық, қауіпсіздік, инвестициялық тұрақтылық секілді сұрақтар бұрын-соңды болмаған өзектілікке ие болып отыр.
Заң жобасы ЖИ-дің қоғамдағы орнын анықтап, оны дұрыс пайдалануға бағытталғанымен, депутаттардың кейбірі технологиялық прогрестің қарқынына алаңдаушылық білдірді. Депутат Анас Баққожаев өзінің ЖИ-ден қорқатынын ашық айтып, оның интеллектуалдық деградацияға әкелетінін меңзеді. Оның пікірінше, адам ойланбайтын, шығармашылықпен айналыспайтын жағдайға жетуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік органдардағы кейбір шенеуніктердің ChatGPT-ге жүгінуі олардың жалқаулығын көрсетеді деп, бұл құралдың артында кім тұрғанын және деректердің қауіпсіздігіне кім кепілдік беретінін сұрады.
Бұл пікірге цифрлық даму министрлігі мен ҰҚК өкілдері сабырлы жауап қайтарды. Олар ЖИ-ді мемлекеттік қызметте тек көмекші құрал ретінде қарастыру көзделіп отырғанын, ал тәуекелдермен үкіметтік деңгейде бірлесе жұмыс істейтінін айтты.
Депутат Дәулет Мұқаев ЖИ-дің жастар арасындағы білім алу процесіне ықпалы туралы алаңдаушылық білдірді. Оның ойынша, оқушылар мен студенттер тапсырмаларын ChatGPT-ге жүктеп, өздері ойланбайтын жағдайға жетеді. Осыған байланысты ол мектептерде ЖИ-ді қолдануға шектеу қоюды ұсынды. Алайда заң жобасының авторлары білім беру стандарттарын бейімдеу арқылы бұл мәселені шешуге болатынын айтты.
Заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп жатқан тұста әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Кейбір қолданушылар депутаттардың ЖИ-ден қорқуымен келіспей, оны дұрыс қолдана білу маңызды екенін алға тартты. Тіпті ChatGPT-дің өзі бұл мәселеге «ЖИ – жай ғана құрал, оны ақылмен қолдануға да, қолданғысы келмегендерге таңдау еркіндігін беруге де болады» деген тұжырым айтты.
Жасанды интеллектінің дамуын реттеу қажеттілігі сөзсіз, алайда Қазақстанның бұл процесте қандай стратегияны ұстанатыны әлі де ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Елдің технологиялық көшбасшы болуға деген ұмтылысы мен оны шектегісі келетін пікірлер арасындағы тепе-теңдік қалай сақталады? Бұл сұраққа заң жобасының нақты мазмұны мен болашақтағы шешімдер жауап бермек.
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Бүгінде жасанды интеллектіні білім алушылардың қолдануы оқыту жүйесіне тың өзгеріс әкелді. Оқушылар мен студенттер бұрын мәтіндерді өздері жазып, есептерді қолмен шешіп, зерттеулерді өз бетімен жүргізсе, қазір көпшілігі бұл процестерді ChatGPT немесе басқа да ЖИ құралдарына артып қойып, дайын нәтижені ғана қабылдауға бейімделіп барады. Бір қарағанда, бұл уақытты үнемдеудің тиімді тәсілі секілді көрінуі мүмкін. Алайда, мәселенің тереңіне үңілсек, мұндай жеңілдік оқушылардың өз бетінше ойлау, саралау, талдау қабілеттерін әлсіретіп жатқанын байқаймыз.
Педагогтер ЖИ-ді пайдаланған оқушыларды анықтаудың қиындығын айтып жүр. Себебі мұндай мәтіндерде айқын қателіктер жоқ, құрылымы дұрыс, сөйлемдері сауатты. Бірақ мұғалімдер үшін бір маңызды белгі бар – оқушының немесе студенттің бұрынғы жазу стилі. ЖИ қолданған адамның мәтіні бірден өзгереді: ол күрделенеді, бірақ көбіне жасанды әрі эмоциясыз болып келеді. Мұндай материалдарда жеке көзқарас, нақты тәжірибе немесе белгілі бір тақырыпқа қатысты оқушының бұрынғы ойлары көрінбейді. Ал егер мұғалім сұрақ қойса, ЖИ арқылы дайындалған жауапты толық ашып түсіндіру қиынға соғады.
Психология тұрғысынан алғанда да бұл – маңызды мәселе. Адамның есте сақтау қабілеті, логикалық ойлау жүйесі, шығармашылық қабілеті үнемі жаттығуды қажет етеді. ЖИ-ге тым қатты сүйенген студенттің бұл қабілеттері әлсіреп, біртіндеп «қолданыстан шығады». Ол дайын материалды көшіруге, оны өзінікі ретінде қабылдауға үйренеді. Бұл дегеніміз – жауапкершілікті төмендету. Бір тапсырманы осылай орындаған соң, келесіде де жеңіл жол іздейді. Сөйтіп, адам өз бетімен ойлаудан, жаңа идеяларды зерттеуден, пікірталасқа түсу қабілетінен айырылады. Осы тұрғыда Astana IT университетінің студенті, компютерлік ғылымдар саласы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Әлібек Тілеубергеновпен тілдескен едік. Ол өзінің басынан өткен жағдайларды мысалға келтіре отыра, жасанды санаға сене бермеу керектігін айтады.
– Жасанды интеллект (ЖИ) қазіргі таңда білім беру жүйесіне белсенді еніп, студенттердің оқу үрдісін жеңілдетуде. Алайда оның артықшылықтарымен қатар, бірқатар олқы тұстары да бар. Өз тәжірибемнен кейбір мәселемен бөліскім келеді.
Біріншіден, ЖИ-дың артық сенімге ие болуы – үлкен проблема. Көп студент тапсырмаларды орындау кезінде ChatGPT сияқты құралдарға сүйеніп, өз ойлау қабілеттерін шетке ысырып қояды. Мысалы, менің топтастарымның бірі бағдарламалау бойынша есепті ЖИ-ға шешкізгенімен, оны өзі түсінбегендіктен, емтихан кезінде дәл сондай сұраққа жауап бере алмады. Бұл студенттердің өздігінен ойлау, мәселені талдау қабілеттерін әлсіретеді.
Екіншіден, ЖИ-дың берген ақпараттарының дәлдігі әрдайым жоғары емес. Өткен семестрде мен машиналық оқыту бойынша курстық жұмыс жаздым. Зерттеуімнің бір бөлігінде ЖИ-дан көмек алып, оған алгоритмдердің салыстырмалы сипаттамасын сұрадым. Бірақ кейіннен өзім тексергенде, кейбір деректің ескіргенін немесе дұрыс еместігін байқадым. Егер студент тек ЖИ-ға сеніп, деректерді қайта тексермесе, ол жалған немесе қате ақпаратты таратып, қателесуі мүмкін.
Үшіншіден, академиялық адалдық мәселесі бар. Кейбір студент реферат, эссе немесе код жазуда ЖИ-ды 100% пайдаланып, өз еңбектерін шығармашылық тұрғыдан дамытпайды. Бұл ұзақ мерзімді перспективада олардың кәсіби дағдыларының әлсіреуіне алып келеді. Мысалы, өткен жылы менің бір топтасым дипломдық жұмысының кей бөлімін ЖИ арқылы жазып, тексеру кезінде плагиатқа тап болды. Оның нәтижесінде жұмысты қайта жазуға мәжбүр болды.
Түйіндей келе, ЖИ – мықты құрал, бірақ оны дұрыс пайдалану маңызды. Ол көмекші құрал болуы керек, ал негізгі білім алу, талдау, зерттеу – студенттің өз міндеті. Академиялық орта ЖИ-ды білімге интеграциялау жолдарын жетілдіріп, оны жауапкершілікпен пайдалануға үйреткені жөн.
Бірақ жасанды интеллектінің білімге пайдасы да жоқ емес. Оны дұрыс пайдалана білсе, ол көмекші құралға айнала алады. Мысалы, қиын тақырыпты түсіндіру үшін қосымша ақпарат іздеуде, тіл үйренуде немесе шығармашылық идеяларды дамытуда ЖИ пайдалы болмақ. Оны ойлануға итермелейтін, бағыт беретін құрал ретінде қолданған жөн. Мәселе – ЖИ-ды білім алудың орнына, білім алудан қашудың құралына айналдырмауда. Бастысы – ойлану процесін тоқтатпау. Жасанды интеллект ойламаған адамның орнын баса алмайды, бірақ ойланатын адамның мүмкіндігін арттыра алады, – дейді ол.
ТҮЙІН. Жасанды интеллектіге басымдық беріп, жаңа технология ретінде дамытқымыз келсе, алдымен оның этикалық, әлеуметтік және құқықтық қырларын мұқият зерттеп, анализ жасау керек секілді. Жасанды сананы тиімді пайдалану – мемлекеттің ғана емес, әрбір адамзаттың жауапкершілігі. Технология бізді алмастыру үшін емес, біздің мүмкіндіктерімізді арттыру үшін жұмыс істеуі керек деген қорытындыға келдік. Технологияның қарқынына ілесеміз деп, адамдық болмысымыздан айырылып қалмасақ болғаны.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!