Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

35 жыл күткен жолдан 27 кемшілік анықталған

07.07.2020, 17:48 1328

Осыдан тура 3 жыл бұрын Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылының тұрғындары редакциямызға хат жазған. Онда «Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытындағы жолдың жайсыздығын айтып, шағынған еді. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген 33 шақырым жол Жаңақұрылыс пен Қаратерең ауылының тұрғындарын әбден мезі еткен. Бұл жолдың 13 шақырымы Қазалы, қалғаны Арал ауданының теңгерімінде. Теңгерімінде дейміз-ау, 22 шақырым жолдың аудан балансына өткені кеше ғана. Сол тұста ««Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» бағытындағы автожолдың Арал ауданына қарасты бөлігінің ауданның коммуналдық меншігіне өтуіне ықпал ету үшін Қазалы ауданының әкіміне хат жолданып, тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл жолдар теңгерімге алынған соң бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін автомобиль жолдарының тізбесіне енген. Бұл аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрақты бақылауында»,- деп еді Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы А.Тасқынбаев. Ақыры ел тілегі орындалып, 22 шақырым жол аудан балансына алынды да, 2019 жылдың тамызында асфальт төселе бастаған. Бүгінде «Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» трассасының 9 шақырымы ғана асфальттанған. Алайда ауыл жұрты 35 жыл күткен жол ойдағыдай емес екен.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы жүргізген тексеруде тасжолдың 9 шақырымынан 27 сынама алынып, барлығынан өрескел кемшіліктер анықталған. Ресми органның мәліметіне сүйенсек, салынған жолдың қалыңдығы жоба бойынша 6 сантиметр болуы тиіс. Алайда оны тексеру барысында жолдың небәрі 3-4 сантиметр екені анықталған. Тағы бір өкініштісі, асфальт құрамының сапасы да өте төмен болып шықты. Мамандардың айтуынша, мамыр айында жол құрылысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге мердігерге міндеттелген. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас».

– «Жолды қайта қалпына келтірдік» деген ақпаратқа байланысты тексеру жүргіздік. Нәтижесінде ешқандай жөндеу шаралары жүргізілмегендігі анықталды. Асфальт қалыңдығы талапқа сай емес, – дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Ержан Усманов «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында.

Ал мердігер мекеме өкілі Нұрлан Аманбаев болса «мемлекеттік актіге дейін кеткен кемшілікті қайта қалыпқа келтіреміз» деп отыр.

Әу баста жаңақұрлыстықтар жол құрылысы басталғанда асфальтың тым жұқа екендігін байқаған. Алайда қолда құзырет болмаған соң мердігер мекеменің шаруасына араласа алмаған.

Бұл жолды тек біздің ауыл ғана емес, қаратереңдік ағайын да ұзақ күтті. Кеше жолдың сапасыз салынғанын есітіп, 35 жыл күткен қуанышымыз су сепкендей басылды. Жол – тіршілік көзі. Жергілікті билік осы мәселеге назар аударып, халықтың арман-тілегін орындаса, – дейді Жаңақұрылыс ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев.

Айтпақшы, осы жол құрылысы басталғанда жаңақұрылыстық жұрт жергілікті БАҚ арқылы сүйінші сұраған-ды. Сонда компанияның жол салушылардың бригадирі Бексұлтан Тәттібаев «Аға, біз бұл жұмысқа үйренгенбіз, әрине сіз сұрағандай жолдың сапасына қатты мән береміз, ертең сұрауы бар жауапты жұмыс. Халықтың реніші емес, алғысын алуымыз керек» деген екен.

ТҮЙІН. Осы тұста Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдәевтің «сөз бен істің арасы қанша шақырым?» деген жалпы сауалы қылаң береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: