Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жеңіл жүрісті» жігіттер

28.11.2020, 18:00 2351

HALYQLINE.KZ Қолымда сенімді дереккөзден алынған Қызылордадағы жезтабан жігіттердің телефон нөмірі. Материалымызға «тұздық» болып отырған «жеңіл жүрісті» еркектер туралы толығырақ білмек ниетте оларға қоңырау шала бастадық.

– Алло, тыңдап тұрмын. (Телефон тұтқасының арғы жағына­н жас жігіттің жағымды дауысы естілді).

– Сәлеметсіз бе? Сіз жыныстық қатынас қызметін көрсетесі­з бе? (қапелімде сөз таппай қалған мен түйеден түскендей етіп, сұрақты да қоя салыппын!).

– Иә. Айта беріңіз.

– Сізбен осы жөнінде толығырақ сөйлессек деп едім?

– Сен өзі 18-ге толғансың ба?

– Иә.

– Онда бәрін біледі екенсің ғой, несіне сұрап тұрсың? Одан да айт, қайда барайын, сен «квартира» аласың ба, әлде мен ала берейін бе?

– Бірінші ақшасын келісіп алмадық па?

– Кездесейік. О жағын сосын келісе береміз.

Осымен әңгіме тамам. Қысқа қайырды. Қыз-келіншектерге жыныстық қызмет көрсететін жігітпен ұялы телефон арқылы өткен диалог еді бұл. Қайта хабарласпадым. Ақпарат, әрине, ауадай қажет. Алайда ол айтып отырған жалдамалы пәтерге барсам, жарытып дерек ала алмайтыным өз алдына, басқа бір сұмдықтың болары айқын еді. Ендеше «ұрыста тұрыс жоқ», келесі жігітке қоңырау шалдым. Екі-үшеуімен байланысу мүмкін болмады. Ал келесісі алдыңғыдай емес, бір орын белгілеп, жолығуға, сонда барлық сұрақтарға жауап беруге рұқсатын берді. Әлбетте, журналист ретінде емес, кезекті «клиенті» ретінде. Кездесетін жер барынша бізге қолайлы болсын деп адам көп жиналатын қоғамдық орындарды ұсындық.

– Орталық алаңда жолықсақ қалай қарайсыз?

– «Площадта» ма? Оның қай жағында?

– Отыратын  орындықтарда!

– Енді қалғаны «скамейкада» отырып кездесу еді! – деп ішек-сілесі қата күлді ол.

Хош. Сонымен жоспарды іске асыру үшін тағы бір әріптесім көмек қолын созды. Екеуміз айтатын сөзіміз бен сауалымызды ақылдасып болған соң жігіттің өзі ұсынған мақсатты жерге бет алдық. Бағытымыз – қаланың қақ ортасындағы кішігірім дәмхана. Оның өзінде дәмхананың адам көп отыратын үстелі емес, көптің көзі түсе бермейтін арнайы бөлме – «кабинкада» күтіңдер деген талабын жеткізді. Келістік. Жол үсті. Үнсіз келеміз. Онсыз да қамшыдай қысқа өміріміздің аз уақытын жезтабан жігіттермен кездесуге арнайтынымызды кім білген?! Тіпті, олардың бар екені түсімізге кіруі де беймәлім. Мүмкін, жоқ шығар? Журналистке тән қызығушылықпен «жезтабандардың» қандай адам екенін көруге асықсақ, енді бір ой «үйге қайтайық» деп кері тартқылап келеді. «Бойы ұзын, сымбатты, келбеті келіскен жігіт шығар?» деймін әріптесіме. Құдды бір болашақ жарын көруге ынтыққан қыздай. «Барған соң көрерміз» деп сабырға шақырды ол.

Межелі жерге жеткен соң есікті имене ашып ішке кірдік. Ондағы жамағаттан жырақтау жерге жайғасып отырмыз. Даяшы тағам тізімі жазылған кітапшаны беріп кетті. Шай мен тәттілер алып, оларды күтіп отырмыз. Бәлкім, келмей қалатын шығар? Құрған “тұзағымыз” бос  қалмас па екен?! Біздің боймызды үрей билеп отыр, ал ол қандай сезіммен келе жатыр? Телефон нөміріне қоңырау шалдық, тұтқаны көтермейді. Кешігіп жатыр. Тек шай ішкенімізге мәз болып қайтып кетпесек болғаны. Сөйтіп отырғанда күткен жігітіміз келіп, бізбен сәлемдесті де жанындағы досын шақыруға қайтадан сыртқа шығып кетті.  Сеніміміз нығайып келеді. Десек те санамыз сан-сақта. Бізге ойын, ал оған тойым керек. Тура мысық пен тышқан дерсіз. Ішкі дүниеміз бір-бірімен арпалысып жатқандай. Көңіл мен көз бір-біріне дес бермей тұр. Қайда кетіп қалды, тағы да… Қап-ай, ә! Түрін онша аңдай алмадым. Ал амандасқанда аппақ қолының жұмсақтығы «мен» деген қыздарыңды шаң қаптырады екен.

Досын ертіп келген соң дәмхана «кабинкасының» төріне шығарып, шай ұсындық. Қасықты қантсауытқа апармастан олардың алғашқы сұрағы «журналист емессіңдер ме?» болды. «Тілші емеспіз, ал тілші болсақ ше?» деген әріптесімнің сөзін ести сала жаңа ғана келген «батырларымыз» қайтуға оқталды. Жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген біз жемтігінен айырылып қалмауға ұмтылған сілеусіндер секілді жылдам әрекетке көштік. Күшпен емес, айламен. Журналистке үш қайнасақ сорпамыз қосылмайтынын айтып, «жалынып-жалпайып» райынан қайтардық. Телефонымызды өшіріп қойғанда ғана сөйлесетіндігін ескертті. «Біз қайдан білеміз, мүмкін осының ішіне байқатпай камера орнатып қойған шығарсыздар?» дейді. Телефонды сөндірдік. Енді тездетіп көкейді тескен сауалдың жауабын алуымыз керек. Қарғыс атқыр, қалай сұрайтыныңды да білмейді екенсің!

– Мұндай «жұмыс» барысында қаншама әйелдерге барасыз. Ауру тасымалдамайсыз ба?

– Жоқ, тұрақты түрде 6 ай сайын толық тексеруден өтіп тұрамын. (Телефон арқылы сөйлескенімізде ешқандай да ауру жұқтырмайтындығын айтып ақталған-ды. «Сүйіспеймін, әрі «жұмыс» істеп жатқанда мүшеқап пайдаланамын ғой» деп).

– Ал қанша уақыттан бері айналысасыздар мұнымен? – деп әріптесім екінші «қауіпті» сұрақтың төбесін қылтитқанда жігіт ыршып түсті.

– Оны қайтесіз? Сіздерге керегі  менің  тазалығым, денсаулығым  мен  қояр бағам емес пе?  Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын, – деп әжептәуір ашуланды  жігіт.

Құнын төлесе болды, ханымдарды «ләззатқа батыратын» жігіт бізге «жасым  23-те»  дегенімен,  30-дың о жақ, бұ жағындағы азамат секілді көрінді. Сөз жоқ, жас кезінде сұлу жігіт болғаны көрініп тұр. Қою қара шашына үйлескен үлкен, дөңгелек қара көзі мен ұзын кірпігі кез келген арудың арманындағы жігіт деуге әбден лайық. Оған аппақ екендігін қосыңыз. Үстіндегі киімінен қылау таппайсыз. Күнделікті жүріп-тұруға ыңғайлы спорттық үлгіде киініп келіпті. Алайда осынша әдемі әрі сымбатты жігіт жымия  сөйлессе де,  әзіл айтқан  болып күлсе де, өте суық көрінді. Кез келген адамда өзіне тартып тұратын жылылықты бұл кісіден байқай  алмадым. Көзіндегі «оты»  таусылуға шақ қалғандай. Әрбір адамда белгілі бір  мөлшерде ұят болады. Сәйкесінше, ұят жүрген  жерде иман қатар жүреді. Ал  иманды  пенденің жүзінен  нұры  төгіліп тұрады емес пе? Өкініштісі,  мұны  да аңғармағандығым. Бәлкім, ол ұятын әлдеқашан  «жерлеген» шығар? Жезтабан  жігіттің көңіл  түкпіріне өтіп, жүрегіндегіні көретін қасиетім  жоқ. Бірақ сыртқы кейпінен  аңдағанымыз – осы.

«Кейіпкеріміз» әріптесім екеумізді аңдып отыр. Есіме жылан мен бақаның арбасуы түсе кетті. Аузымыздан шыққан әрбір сөзге ден қойып, әңгіме барысындағы іс-әрекетіміздің астарынан әлденені іздеп отырғандай. Досы бізбен бірге отыр деген аты болмаса, «әлемі» бөлек. Асықпай-аптықпай лимон қосылған шайды сораптай ішіп, алысқа көз тастайды. Қақ алдында өтіп жатқан «айқасты» көңіл көзі көрмесе керек. Немесе бізге сеніп, күдіктенген жоқ. Жезтабан досына түсіністікпен қарайтын сыңайлы. Әйтпесе, екеуі әлдеқашан бір-бірін танымастай болып кетер ме еді?! Сонан соңғы әрі ең маңызды  сұраққа  көштік.

– Сағатына қанша аласыз?

– …

– ???

– Сіздердің өздеріңізге керек пе әлде отбасылық жұпқа ма?

– Түсінбедік? Сіз еркекке де қызмет көрсетесіз бе?

– Жоға. Кейбір уақытта «семейный» кісілер де шақырады мені. Ондай кезде мен тек массаж ғана жасаймын. Сол үйдің отағасына да,  әйеліне де. Массаж жасап жатқанда күйеуі өзі белгі береді маған ымдап «шыға бер» деп. Сосын бөлмеден шығып кетемін, олар өздері жеке қалады.

– Сосын?

– Сосын әрі қарай не істейтіні мені қызықтырмайды. Мен өз жұмысымды бітіремін де оған лайықты ақымды алып қайтамын.

– Айтыңызшы, әйелдерге жыныстық қызмет көрсетуге қанша сұрайсыз?

– Сайттан көрген жоқсыздар ма, қанша деп тұр екен?

– 10 мың теңге бола ма?

–  Болады, – деп жымиды ол. – Қатып қалған баға жоқ қой!

Сұмдық-ай! Осы сөзді де естідім-ау! «Быламық ішем деген асым ба еді?!» деп байғұс құлағым мені қарғап-сілеп жатқандай. Тілімді жұтып қойғандаймын. Тап бір көз майын тауысып жасаған туындысын базарға шығарған кәнігі ұста секілді. Еш қымсынбай, ұялмай саудаласып отыр. Ашу-ыза әлде жиіркеніштен бе, түріне қарағым келмейді. Тұрып кетуге тағы болмайды.

– Жыныстық  қатынасқа ғана иә, 10 мың теңге?

– Иә.

– Одан бөлек қандай қызмет көрсетесіз?

–  Массаж  жасаймын. Оның екі түрі бар: «интимный», «расслабляющий».

– 10 мың теңгеден түспейсіз бе?

– Жоқ, сендерге не керек? Мен сендерге түсіндіріп айттым ғой. Келіспесеңдер өздерің біліңдер, сендерсіз-ақ «клиенттерім» жетеді!

Бұлқан-талқан болған түрінен «жұмысының» ақысына саудаласамыз деп намысына тиіп алғанымызды ұқтық. «Төртеудің» диалогында рухани үйлеспеушілік те, саналық қақтығыс та болды. Біздің тараптан қойылған әр сауал сайын олар да бақылауды күшейте түскендей. Жезтабан жігіт бізден «қызметтің» кімге екенін сұрағанда, аңтарылып қалған біз еріксіз «ертегі» құрастырдық. Жасы 40-тар шамасындағы өте беделді апамыздың «тапсырмасы» бойынша онымен кездесіп, келісім жасағымыз келетінін айтқанда сәл ойланып қалғаны рас. «Бізге жас қыздардың хабарласуы сирек кездесетін оқиға. Әсіресе, 40 жастан асқан ауқатты әйелдерге осы «қызметті» жиі көрсетеміз. Тіпті өз «клиенттеріміз де бар». «Айтпақшы, сіздерді Рая (кейіпкер есімі өзгертілген – ред.) жіберген жоқ па?», – деп сұрады жігіт. «Жоқ, ол кісінің қоғамдағы «статусы» өте жоғары» дейміз біз де қайтпай. «Сонымен, ол кісі мені қайда күтеді? Өз үйінде ме әлде «квартира» ала ма? Кей «тұтынушылар» өз үйіне шақыра салады ғой осы: «тыныш, мына бөлмеде балам ұйықтап жатыр. Анау есігі ашық тұрған бөлмеге өтіп кет» деп ескертіп қоятындары да бар» деді жеңіл жүріске салынған жігіт. Содан қажеттіліктен туындаған «қиял тәтеміз» кейін бір хабарын беретінін айтып зорға құтылдық.

Әрі қарай онсыз да тиіп-қашып сөйлесіп отырған әңгіменің мәні кетті. Мұны байқаған жезтабан жігіт орнынан атып тұрды да «хабарын айтарсыңдар»  деп есікті сыртынан тарс жапты. Досы да оның соңынан жөнелді…

Дәмхана «кабинкасының» іші күңгірттеніп кеткендей. Әріптесімнің өңі қуарып отыр. Он бес минуттың ішінде осыған дейінгі бүкіл қуанышымызды күштеп тартып алып кеткендей екеуі. Біреумен ұрсысып, төбелессек те мұнша көңіліміз құлазымас! Жиіркеніш әлде ашу ма, бұл сезімнен  қалай  құтыларымды  білмей  далмын. Қасымдағы  әріптесім  де дәл менің халімді  сезініп  отырғанына сенімдімін. Бір уақыттан соң қайтуға жиналдық. Жолда келе жатып  екеуміздің де басымыз  ауырып, тұла бойымызды  жағымсыз энергия  қысты да тұрды. Кісі қайтыс болған қаралы үйге барсақ та мұндай ауырлықты кешпеген едік…

ТҮЙІН.  Әлеуметтік  желідегі мәліметтерге  сүйенсек,  жігіттер  жезөкшеліг­і  – Алматыда  бар  кәсіп. бұл “мамандықтың” ең  маңыздысы – дене, жыныс мүшесінің өлшемі, ұзындығы.  Ал  олардың  табысы­  сағатына 15 000  теңгені  құрайды.

Өзіміз  көріп-білгеніміздей  жыныстық  қатынастың  коммерциялық  нарығы Ақмешітке де келіп жетіпті. Демек Қызылордада «тауардың» бұл түріне сұраныс бар деген сөз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ақшасын төлесеңіз­, әйелдерді төсек «қызығына батыратын» жігіттердің емін-еркін «бизнесін­  дөңгелентіп»  жүргенін  қалай  түсінеміз? «Ұлтыңды  сақтаймын  десең, қызыңды  тәрбиеле. Рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деген намысқо­й ­ қазақ. Бұдан  білеріміз, болашағымыздың  жауапкершілік  жүгін  рухы өр, намысы биік ер-азаматтар ғана көтере алады. Алайда арзан жолмен ақша табуды кәсіп қылған «зинақор жігіттерді» сөз еткенде, кемел келешек жайлы ойлаудың  өзі  қорқынышты. Ал  намыс  атаулының  елеусіз  бір  бұрышта «жылап  қалғаны» өз  алдына  бөлек  әңгіме, бөлек  трагедия…

ТОЛҚЫН,

Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз

«Халық» газетінің мұрағатынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: