Төсек – екеуіңізге ортақ. Демек, оның үстіндегі шаруа да некелі жандарға теңдей. «Мынаны мен, ананы сен» дейтіндей, ол үй шаруасы емес.
«Қырыққа келгенде қылық шығармаса да», соның арғы-бергі жағын көрсетіп қалатын еркектерді түсінуге арналады бұл мақала.
40 жас – еркектер үшін өзін сынап көретін уақыт. «Мен әлі де жарап тұрмын» деп санағанмен уақыт бәрібір өз дегенін алмай қоймайды. Осы кезде еркектердің психологиясында да, ағзасында да азды-көпті өзгерістер болатынын әйелдер де білгені жөн. Бәрі де «бұрынғыдай бола бермейтінін» түсінсе, арада төсекке бола кикілжің мен реніш тумайды.
Сонда не өзгереді?
Әңгімеміз төсек айналасында болғандықтан ең алдымен көрпе астындағы шаруаның жаңа үйленген кездегідей болмайтынын атап өту керек. Еркектік қабілеті максималды сызықты «ұрып» тұратын 21-25 жас емес бұл. Тіпті, 25 жастан соң еркек бойындағы тестостеронның төмендей бастайтынын әйел түгілі еркектер де есінен шығарып алып жатады.
Жоғарыда аталған жаста еркектердің көбісі жыныстық қатынастың сапасына емес, санына ғана көңіл аударады екен мамандардың зерттеуінше. Тек 30 жасқа аяқ басқанда барып еркектердің ойына төсек шаруасын «сапалы» атқару керек екендігі орала бастайды. Дегенмен, бір түнде бірнеше рет тояттауды әдет етіп қалғанын қоя қоймайды.
Ал 40-қа келгенде…
Тап 40-тан болмаса да, 35-тен асқан соң еркектердің бойында төсекке деген жауапкершілік ояна бастайтын көрінеді. «Осы мен әйеліме қажеттіні беріп жүрмін бе? Оны тояттандыра алдым ба?» деген сұрақ санада жылт ете қалып, таңертең әйелінің қабағына қарағыштап қалуы жиілей бастайды.
Одан бөлек, тұрмыстық қажеттіліктерді атқару, бала-шаға, әйелдің көңілі де еркектің «күндіз-түні төсекті» ойлауын тежеп, демалуға тарта бастайды. Рас, ол да шаршайды ғой. Туыстарын да ойлайтын кез келді, бұрынғыдай жас емес. Оған басқалар да «ақыл тоқтатты ғой» деп қарай бастайды. Ақылдасуға шақырады, кеңес сұрайды дегендей… Осының барлығын сезіне бастағанда еркек өз бойындағы еркектік күшін тежеп ұстай бастайды. Тіпті төсекте жатқанда да бұрынғыдай апыр-топыр емес, «менің осыным дұрыс па өзі?» деген оймен әрекет ете бастайтын көрінеді.
Осы сәтте әйелдерге бір кеңес: күйеуіңіз бұрынғыдай ақ жайманың үстіне алып ұрмай сақтана, асықпай шаруасын бастайтын болса, ойын бөтенге жорымаңыз. Бұл оларға «ақыл» кіре бастағанының белгісі. Бас салып «басқа жерден тойып келген» деп, өзіңізді де, оны қинап қоймаңыз. Еркін қимылды өзіңізге алар шақ келді.
Бұрынғыдай таң атқанша көңіл көтеретін сәттер азаяды. Әсіресе, жұмыс күндері емеурін танытып, қол жүгіртуі азайса, демек шаршап жүргені. Ол кез өткен, ендігі жерде тек демалыс кездері ғана баяғы сәттерді бір қайталауға болады.
Енді қалай болады?
Міне, енді әйелдер қауымына сыналар шақ келді. Себебі, 40-қа таяған еркектер қараңғы бөлмеде, ештеңеге қарамай өзінің тән тоятын алу үшін әрекет етсе, енді олар көз тоятына да назар аудара бастайды. Яғни, әйелінің омырауы, бөксесі мен беліне, жалпы сымбатына қарап тояттанатын «қылық» шығарады.
Осы себепті, еріңіз «қылық шығарып қыр асып кетпесін» десеңіз, сымбатыңызға көңіл бөліп, ішкікиімдерге дейін көргенде көз тартатындарын таңдауыңызға тура келеді. Ауыр айтпай-ақ қояйық, десек те «кім көріп жатыр» деп қарайтын ескілерінен арылғаныңыз мақұл. Әйтпесе, «әйелім кім боп кеткен?» деген ойға қалуы мүмкін күйеуіңіз.
40-қа келген еркектің қалауы қандай болады?
Басында да айтып өттік, бұл жасқа келгенде еркек жыныстық қатынастың сапасына көбірек көңіл аударады. Олар үшін қызба сезім, асығыс қимыл ендігі қызық емес. Асықпай бастап, сезімнің ұшар биігіне жеткенде қалай аяқталатынын байқап көргісі келеді. Тіпті, әйелдің бірінші тоят тапқанын көру қызық әрі маңызды болуы мүмкін. Әрине, ондайда «өтірік ләззат алған» жанның күйін кеше алмайсыз. Себебі, еркектер бұл жағына келгенде пысық, бәрін сезеді, біледі. Құмарлықтың бар кереметін сезіну үшін әйелдің дайындығы қаншалықты екеніне дейін мән беріп қарайды.
Бұрынғыдай «өтіп бара жатып» құшып кету сияқты әдетінен арылған, бәрін жіті бақылайды. Сондықтан, күйеуіңіз 40-қа таяй бастаса, төсекке ол емес, өзіңіз дайын болуыңыз керек. Сырттай да, іштей де дайындығыңыз үйлесіп, санаңыз тұрмыстық түйткілдерден таза, бір сәтке болса да бала-шағаны ойламай, көрпе астында барынша еркін болғаныңыз мақұл. Әйтпеген жағдайда сапасы жоғары «төсекті» басқа жақтан іздеп кетті деп өкпелеуіңіз бекер болмақ.
Төсек – екеуіңізге ортақ. Демек, оның үстіндегі шаруа да некелі жандарға теңдей. «Мынаны мен, ананы сен» дейтіндей, ол үй шаруасы емес.
Ж.БАЙТҰРЫМ.
Дереккөз: ERNUR.
Суреттер ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!