Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ораза – «пышақсыз операция»

26.04.2023, 10:13 512

Мың айдан да қайырлы Рамазан айында барша мұсылман қауымы ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Ораза – араб тілінен аударғанда «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау деген мағынаны білдіреді. Расында, Рамазан айында ораза ұстаған әрбір адамның тәнінде ғана емес, жан дүниесінде рухани жаңару, тазалану болады. Оразаны тек Рамазан айында тұту керек деген қағида жоқ.

Оразаның адам ағзасына пайдасын қазіргі медицина ғалымдары жарыса жазуда. Сол жайында тарқатып айтсақ.

2016 жылдың 3 қазанына қараған күні медицина және физиология саласындағы ғалымдарға Нобель сыйлығы берілді. Жапон ғалымы Ёсинори Осуми «Аутофогия механизмін ашқаны үшін» марапатталды. Аутофогия –ағзадағы клеткаішілік құрылымдарды жаңартатын механизм, яғни жасуша қабықтарының физиологиялық жаңаруы. Қажетсіз заттардан арылу адамға күш-қуат береді. Ал, бұл үдеріс аштық кезінде қарқынды жүреді. Үнемі тоқ жүрудің зияны орасан. Адам өз тәніне демалыс жариялап, белгілі бір уақытқа дейін қоректенуден бас тартып, ағзаны жаңалап отырса, мыңдаған аурудың алдын алады. Жапон ғалымы Ёсинори Осумидің сұхбатында «Адам тәні белгілі бір уақытқа «Аутофогия» процесінде болмаса, қатерлі ісік пен Паркинсон секілді аурулардың пайда болу ықтималдығы басым» деген. Адам тамақтанудан бас тартқан сәттен, ағза тері астындағы майлармен, қан тамырларындағы қанттармен қоректене бастайды. Сонымен қатар, ұйқы безінен инсулин бөлінуі артып, ас қорыту процесі жақсарады. Отбасылық дәрігер Бақыт Құттыбекқызы: «Ораза ұстау – мұсылмандарға парыз, әрине, денсаулығыңыз жақсы болса. Оразаға алдын ала тексерулерден өтіп, созылмалы ауруларыңыз болса емделіп, қажетті медициналық көмекті алып кіріскен жөн. Денсаулығыңызға немқұрайдылық танытпай, саналы түрде қараңыз. Тамақтану, дәрілік препараттар мен суды тұтыну үнемі қажет ететін аурулармен ауыратын болсаңыз, ораза ұстауға сізге медицина тұрғысынан тыйым салынады»  дейді.

   Шынын айтсақ, оразаның пайдасын зерттеген неміс ғалымдары оразаны екі-ақ сөзбен «Пышақсыз операция» деп атаған екен. Шынында, оразаның пайдасы жайлы тауысып айту мүмкін емес. Ораза ұстауыңыз арқылы тек ашығып жүрген жоқсыз, өз ағзаңызды қауіпті аурулардан ада етіп жүргеніңізді де есіңізге саламыз. Уақыт өткен сайын толық бір күн болмаса да, біраз уақыт ашығып, асқазанды тазартып отырғаныңыз жөн.

Карима  ЖҰМАҒАЛИ,  

студент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: