Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылдық техникалық байқау

19.06.2025, 15:20 265

Биылғы жаздың алғашқы айында Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі, жылдағы әдетіндей, өздеріне тиесілі техника мен қару-жарақтарын жылдық техникалық байқауға шығарды. Байқауға шығарылмас бұрын қыруар жұмыс істелді. Техникаға арнайы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескірген қосалқы бөлшектері ауыстырылды.
Майлау, сырлаудан өткен бөлімнің техникасы сап түзеп, саптық алаңда ерекше салтанат құрды. Сол сияқты қару-жарақ та тиісті қызмет көрсетуден өтті.

Айтулы іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы техника және қару-жарақ бас басқармасының және Алматы қаласында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері қатысты. Байқауға осы саланың майталманы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский төрелік етті. Байқауға шығарылған техника мен қару-жарақтың сақталуы мен күтілу жағдайын, химиялық қарудан қорғану құралдарының бүтіндігін, радиобайланыс желілерінің дұрыстығын мұқият зерделеп қарады.

Бүгінгі таңда әскери бағытта қолданылатын техникалар мен қару-жарақ сынды өзге де қажеттіліктерді жазғы маусымда пайдалану үшін жоспарлы түрде тексерістен өткізіп, бақылауды ұйымдастыру міндетті түрде іске асыруға жататын тапсырмалардың біріне айналған. Өйткені, Ұлттық ұлан әскерилері үшін бейбіт өмір мен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын қажеттіліктердің жай-күйін қадағалап, бабында ұстау басты құндылықтардың санатына жатады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский: «Жылдық техникалық байқаудың мақсаты – көліктердің есебін, техникалық жағдайын тексеру, сонымен қатар қару-жарақ пен автоброньды танк техникасының жағдайы мен қызметтік-жауынгерлік жұмысқа дайындығын, оларды пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, күту ережелерінің сақталуы және парк, қойма, сақтау орындарының жағдайын тексеру. Осы аталғандардың бәрі талапқа сай болуы тиіс, себебі, әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне техника және қару-жарақтың жағдайы үлкен әсерін тигізеді», — деп, техникалық байқаудың мақсатын түсіндірді.

Ұлттық ұланда жыл сайын өткізілетін техникалық байқауға бар ынтамызбен, күш жігерімізді сарп етіп дайындалдық. Соның нәтижесінде бүгін өңірлік қолбасшылық тарапынан «өте жақсы» баға алдық. Бұның бәрі адал еңбек пен аққан тердің арқасы. Бөліміміздің әскери жүргізушілері өздеріне бекітілген көліктеріне үнемі күтім жасап, еш ақаусыз жүріп тұруын басты назарда ұстайды. Өйткені әскери техника кез-келген уақытта жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге дайын болуы шарт, — дейді 5547 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары майор Есімхан Шалабаев.

Лейтенант Жақсылық Берікұлы,

Ұлттық ұлан 5547 әскери бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: