Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәулет пен құрылыс саласындағы серпін

26.05.2023, 12:31 617

Соңғы уақытта қаламыздың көркі кіріп, сәулеті артып келеді. Бірнеше тұрғын үй кешені, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, тұрғындардың қажетін өтеуде. Мәселен, биыл аймақта 150 жобаның құрылысы қарқын алған. Оның ішінде дәрігерлік амбулатория да, мәдениет үйі де, «жайлы мектеп» те бар. Осы және өзге де мәліметтерді өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингтен білдік.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев облыста 174,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй ел игілігіне берілгенін және пайдалануға берілген тұрғын үй саны 2,4 пайызға, ал құрылыс көлемі 44 пайызға артқанын мәлімдеді.

  • Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 19,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға жалпы ауданы 90 мың шаршы метр болатын 1346 пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Мұнан өзге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде 27 дәрігерлік амбулаторияны салу жолға қойылды. Ал дәл қазір соның 16-сының құрылысы басталған, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, қаланың сол жағалауында бір ауысымда 100 адамды қабылдауға арналған емхана мен 300 орындық онкологиялық бөлімшесі бар көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде.  Жобаның жалпы құны 36,4 млрд теңгені құрайды.  Және осымен бірге құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық қан орталығының да құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр. Сондай-ақ қалада 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу үшін тиісті жұмыстар пысықталып жатыр.

  • Білім саласына тоқталатын болсақ, бүгінде облыстық бюджет есебінен 10 мектептің құрылысы басталды. Бұған қоса, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алдағы үш жылда 15100 орынға арналған 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, қаланың сол жағалауында дарынды балаларға арналған 300 орындық физика-математика мектеп интернатының іргетасы маусым айында қаланады, – деді Е.Төрәлиев.

Биыл облыста бірнеше мәдени нысан мен спорт орталықтарының құрылысы басталған болатын. Атап айтқанда, «Көпсалалы дене шынықтыру  және сауықтыру кешені» мен облыс көлемінде 13 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 7 мың адамға арналған жаңа стадионның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұнан өзге құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жаңа «Неке сарайы» мен мың орындық «Өнер орталығы» аймақ тұрғындарының қажетіне орай бой көтеріп жатыр. Одан бөлек, бірқатар ауданда 5 ауылдық клуб пен бір мәдениет үйінің құрылысы салынып жатыр.

Ерлан Кәрімбекұлының айтуынша, аймақтағы ірі құрылыстардың салынуына ықпал етіп жатқандардың қатарында меценаттар мен демеушілердің де үлесі зор. Өзіміз күнделікті көріп жүрген көпқабатты тұрғын үйлерді қаптап, көріктендіріп жатқан құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлер екен. Олардың бастамасымен Қызылорда қаласында 26 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылып жатыр.

Айтып-айтпай не керек, шаһарда кірпіш тиеген жүк көліктері мен құрылысқа қажетті крандардың көбейгенін көз көріп жүр. Аймақта сылағы кеппеген кешендердің, үйілген құмы көп құрылыстың жүріп жатқаны қуантады. Бірақ, кез келген іске сапа керек. Атқарылған жұмыстар соңында сыр бермесе, болды. Әйтпесе, сын айтатындардың «жұмысы қызады».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: