Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мерзімді басылымға деген махаббатым оянды»

17.11.2022, 17:40 628

Алдыңғы буын қайда тартса, кейінгі буын соның ізін басары анық. Жастарға оң ізді жалғауда аға буынның айтары маңызды һәм қажет екені рас. Осыған орай бүгін облыстық мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы әрі HALYQLINE.KZ ақпарат агенттігінің редакторы Рыскелді Жахман және газет тілшісі, үш стипендия иегері Азамат Абимолда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Журналист» үйірмесінің және көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжінің студенттерімен еркін түрде кездесу өткізіп,  ашық пікірлесті.

Алдымен кездесуге келген студенттерге Рыскелді Сәрсенұлы «Халық» газетінің тарихынан қысқаша ой шертіп, әрі қарай әңгімесін медиа саласын таңдаған болашақ журналистерге қажетті қағидаларды түсіндіріп, бағдар берумен жалғасын тапты.

  • Жалпы, журналист мықты жаза алудан бұрын коммуникацияны да жақсылап пайдалану керек. Өйткені қоғаммен байланыс жасаудағы журналистің шеберлігі оның дүниеге келетін мақаласына зор ықпал тигізетіні жасырын емес. Сондықтан, бұл саланы таңдауда жоғары жетістікке жетемін десеңіздер, жазу өнері мен жұртшылықпен байланысты қатар алып жүргеніңіз дұрыс. Мейлі, қандай ортада, қандай жерде болсын. Себебі бұл мамандықтың  да басты ерекшелігі – көп жерде, көп ортада ақпарат жинау және тарату. Әрі журналистің тіл білуі де мамандығында маңызды рөл атқарады. Осы арқылы өзге де тілдегі БАҚ-тың мәліметтерімен танысып, әлем әлеуетін таразылап отыруға болады, – деді Рыскелді Жахман.

Ал Азамат Абимолда студент бола жүріп, мамандығы бойынша «Халық» газетінде тілші болып жұмыс істейді. Мұнымен қоса, теориялық және практикалық білімінің арқасында Президенттік, бір реттік Корей елшілігінің және Елбасы қорының грантын жеңіп алған. Студенттердің көбісі мұндай мүмкіндіккке қалай ие болуға болатынын сұрап, сұрағын жаудырды.

  • Негізі Президенттік стипендия – 1-2-курсты GPA балдық көрсеткіші бойынша толық 5-ке бітірген жағдайда берілетін республикадағы үздік шәкіртақылардың бірі. Сондықтан, бағыма орай осы стипендияның иегері атандым. Ал Елбаы қорының стипендиясы үшін  студенттің ғылыми-шығармашылық әлеуеті өздері ұсынған талаптарға сай болуы керек. Әрі Корей елшілігінің бір реттік стипениясын иелену үшін сол тілде шағын эссе жазып, кәріс тілінің белгіленген деңгейін аяқтау міндетті болды. Мен осы талаптарға сай келіп, қазір үш бірдей степендияға ие болдым. Тіл білген тілегіне жетеді деген – осы. Сіздер де сабақтан бөлек, бос уақытты тіл үйренуге жұмсауға кеңес беремін. Бірақ, қарымды қаламгер Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Азамат Саматұлы тіл үйренудің артықшылығын айтты.

Студенттер үшін бұл кездесу расында қызықты әрі пайдалы болғаны рас. Жүздесу барысында көптеген сұрақ қойылып, ұтымды жауап берілді. Әрі мерзімді басылымдағы ескеру қажет деректер қозғалғанда көбі қойындәптеріне түртіп алып, маңызын жіті түсінгенін байқадық. Кездесуде бірнеше сауал қойып, тұшымды жауап ала білген «Журналист» үйірмесінің мүшесі Мерей Көшербай: «Баспаның басқалардан беделі биік, біреу-міреу айналыса салатын сала еместігіне тағы көзім жетті. Жұмыс арасындағы болған қателіктер жайлы сұрағанымда, қателіктің көп орын алмайтындығын, газет қателікті көп кешірмейтіндігін алға тартты. Бұл жауаптан соң, менің мерзімді баспасөзге деген махаббатым одан сайын ашылды. Келесі өндірістік практикамды осы газет редакциясында өткізгім келеді. Тек практикамды ғана емес, мамандығым бойынша жұмыстың да алғашқы қайнар көзі осы редакция болғанын қалар едім», – деген пікір білдірді.

Еркін форматта өткен кездесуден кейін барлық студент қонақтармен суретке түсіп, ақжарма лебізін білдіріп жатты.

Пікірлер:
  • Халық газеті – жан-жақты жаңашылдықтың жаршысы бола білген облысымыздағы алдыңғы қатарлы басылымдардың бірі әрі бірегейі

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: