HALYQLINE.KZ Атақты Ғабең (Ғ.Мүсірепов): «Қазақ деген кісіңіздің өн бойы толған ақыл. Бір күнде ең кемі екі кісіге ақыл айтпай отыра алмайды, ол» – деген екен.
Ендеше қазақ болып туған соң, қазақтығымызды өлтірмеу үшін «өн бойымыздағы толған ақылды» айта отырайық. Әлқисса, бауырларым, егер білгіңіз келсе айтайын:
– Ата – даналық;
– әке – асқар тау;
– ана – қайнар бұлақ;
– апа (әпке) – тілек;
– аға – қанат;
– іні – тірек;
– бала – бақыт;
– қыз – өріс;
– нағашы – сүйеніш;
– қайын – қанағат;
– туыс – қорғаныш;
– жастық – қызық;
– азаматтық – дәурен;
– жомарттық – барлық;
– мәрттік – ерлік;
– қайырым – азаматтық;
– су – өмір;
– қазына – байлық;
– жер – тіршілік;
– жылқы – мақтан;
– түйе – салтанат;
– сиыр – қанағат,
– қой – қазына;
– байлық – мұра;
– денсаулық – байлық;
– тіл – тереңдік;
– білім – шексіз;
– ақыл – артық;
– өнер – мәңгілік;
– дін – сенім – деген екен, қазақ атамыз.
«…Дүниенің қызығы – Сіз бен Біз ғана». Басқаның бәрі алдамшы, уақытша. «Тіріде сыйласқаннан артық жақсылық жоқ» – деген қағиданы ұстанған халқымыздың салтында егер сыйлағыңыз келсе төмендегі іс-әрекеттерді жасаңыз депті. Мұнда:
– үлкенге – сәлем бер;
– қуантқанға – сүйінші бер;
– соғымнан – сыбаға бер;
– егіннен – кеусен бер;
– малдан – көгендік бер;
– балаға – базарлық бер;
– киімге – байғазы бер;
– сәбиге – көрімдік бер;
– төркіндеген қызға – қалауын бер;
– көшкенге – айрылысар көже бер;
– досқа – естелік (ескерткіш) бер;
– жетім-жесірге – қолқайыр;
– мүсәпірге – садақа;
– алғашқы қымыздан – қымызмұрындық;
– соңғы қымыздан – сіргежияр;
– дәулетіңізден – шүлен таратып бересіз;
– тойға – тойхана апар;
– құдалыққа – киіт апар;
– үйлену тойына – немеуірін апар;
– азаматқа – сыйлық;
– қуанышқа – шашу;
– асқа барсаң – сабамен қымыз, сойысқа мал;
– қазаға – аза апарасыз;
Адам болып туған соң өмірде не болмайды. Ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше, бір терінің ішінде үш арып, үш семіресің. Ең бастысы екі иығыңның үстіндегі басың аман тұрғанында қайыршылыққа дейін жетсең ол мұсылманшылыққа да, қазақтыққа да жат, жағымсыз болып саналады. Қазақ қайыр сұрамаған, қарыз сұраған. Алғанын сәті түскенде қайтарған. Егер сұрағыңыз келсе қазақ атамыз төмендегі ақылды айтыпты. Мұнда:
– Алладан – денсаулығыңызды сұраңыз;
– пайғамбардан – шапағат сұраңыз;
– данадан – өнеге, білім сұра;
– батырдан – сауға;
– аңшыдан – сыралғы;
– қарттан – хал-жайын сұра;
– ананың – мейірімін;
– жетімнің – жай-күйін;
– саудың – амандығын;
– аурудың – көңілін;
– туған-туыстың – бүтіндігін;
– олжадан – тәбәрік;
– қонақтан – бұйымтайын сұраңыз;
Жоғарыда сұрау туралы айтып өттік. Енді қалау туралы айтайын. Қалау мен сұрау екі бөлек екенін білесіздер. Егер қалағыңыз, тілегіңіз келсе, төмендегі ұғымдарды ұстанған жөн екен. Мұнда:
– азға – қанағат;
– барға – тәубе;
– тойсаң – тоба;
– ауырға – төзім;
– жақсылыққа – алғыс;
– жамандыққа – қарғыс;
– болашаққа – сенім;
– жетістікке – салауат;
– қалғанға – береке;
– басқа – амандық;
– денге – саулық тілеңіз;
Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. «Алла сақтанғанды сақтаймын» депті. Ендеше, сақтанғыңыз келсе, қазақ атамыз мынаны айтқан:
– достың күлкісінен сақтан;
– дұшпанның табасынан сақтан;
– жаманнның жаласынан сақтан;
– пәлеқордың пәлесінен сақтан;
– астың аласынан сақтан;
– ұшынған өрттен сақтан;
– дауасыз дерттен сақтан;
– тасыған судан сақтан;
– екі жүзді қудан сақтан;
– шайтанның азғыруынан сақтан;
– арақтың аздыруынан сақтан;
– аса байлықтан сақтан;
– сайқал қатыннан сақтан;
– есуас әкімнен сақтан;
– ата-анаға кінәлі болудан сақтан;
– дін алдында күнәлі болудан сақтан депті.
Егер біреуден бірдеңе алғыңыз келсе, нәпсіңізді тыйыңыз. Сіздің алатын нәрселеріңіз төмендегідей болсын:
– жұрттың – алғысын алыңыз;
– қарттың – батасын алыңыз;
– кішінің – сәлемін алыңыз;
– көптің – сенімін алыңыз. Сеніміңізді алдырмаңыз.
– тәлімдіден – тәрбие алыңыз;
– ғалымнан – ғылым-білім үйреніп алыңыз;
– жомарттан – байғазы;
– мәрттен – сүйінші;
– жерден –қуат;
– көктен – нұр алыңыз.
Егер бергіңіз келсе ше… О, онда бөлек. Өзіңізде барыңызды айналаңыздағыларға, ел-жұртыңызға, Отаныңызға, мұсылмандарға, адамзатқа барынша сарқып беріңіз. Бәрі-бәрін беріңіз. Өйткені өмірден өткен күні бәрі де қалады ғой. Жалаңаш келіп, жалаңаш кетесіз. Сондықтан тіріде бергеннің бәрі ақыретте сауап болып алдымыздан шығатынына сенуіміз керек. Бір Алланың барына қалай сенсек, жақсылықтың сауап болатынына солай сенген ләзім. Ендеше не тұрыс, егер бергіңіз келсе:
– қуансаң – елге той жасап бер;
– қорықсаң – ақсарбас ата;
– шошысаң – құдайы бер;
– ауырсаң – садақа бер;
– байысаң – шүлен бер;
– оразада – пітір бер;
– малдан – зекет бер;
– олжаңнан – тәбәрік бер;
– шөлдегенге – су бер;
– шалдыққанға – көлік бер, бер, бер, бере бер!..
Алланың ризашылығы үшін бер. Кеміп қалмайсың, кеңисің!
Түйін. Келер ұрпақ аталарымыз айтып кеткен осы өсиеттерді еске тұтса:
«Құлым бір ұлдай киінсе,
Көркемін көрген сүйінсе.
Атымтай жомарт секілді,
Атағым елге білінсе» – дегендей әлеуметтік теңдікті қалыптастыру мұратының орындалуына қозғау болар еді деп көксейміз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!