Сыр топырағында дүниеге келіп, иісі қазақтың қасиет жырын, өсиет өлеңін, құнды әдебиетін дәріптеген шалқар шабыт иесі Махмұтбай Әміреұлының 80 жылдық мерейтойына орай бүгін А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Жыр жайсаңы» атты шығармашылық кеш өтті.
Кешке облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, мерейтой иесіне Құттықтау табыстап, құрмет көрсетті. Кешті Айтыстың Ақтаңгері, Жүрсіннің жүйрігі атанған белгілі ақын, Сыр елінің мақтанышы Ниязов Мұхтар Мәуленұлы жүргізді. Кеш барысында жастар театрының әртістері ақын өлеңдерінен топтама оқыса, өнегеге толы өмір жолында жан-жақты қырынан таныла білген тарлан тұлғаның жыр-толғауларын белгілі жырау Майра Сарсенбаева мен Жәнібек Жақсан орындады.
Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Есімсейітова Қаршыға Құрмашқызы, «Сыр Медиа» ЖШС директоры Аманжол Сақыпұлы, облыстық Ардагерлер Кеңесінің өкілі Мақсұт Әбдуәлиұлы сөз сөйлеп, ақынға деген ыстық ықыласын білдірді.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ақын мерейтойына арналған «Асқар таудай тұлғалы ақын» атты кітап көрмесін ұйымдастырылды. Көрмеге кітапхана қорында жинақталған 90-ға жуық әдебиеттер мен мерзімді басылымдар бетінде жарияланған фото-материалдар қойылды. Онда Махмұтбай Әміреұлының өмір жолы, еңбекке араласқан жылдары, қоғамдық қызметі қамтылды.
Бүгінде ақынның өлеңдері жыр сүйер жастардың сүйікті шығармаларына айналса, әнге арқау болар сөздері ән өнерінің көгінде қалықтауда. Сырбаз Сырдың бойын тербеген, Сыр даласының ғажайып бейнесін көркем суреттеген «Қызылорда Вальсі», «Шалқиды ән», лирикаға толы «Қимаймын» әндері ақынның шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылар.
Сырдың бас қаласының сән-салтанатын айшықтап, абыройын асқақтататын жырлар мен өміршең өлеңдердің иесі, Сыр бойының тұғырлы ақыны Махмұтбай Әміреұлының шығармашылығы қазақ даласына киелі мұра болып қала бермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!