Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеңілудің жолын жабырқап таптым

22.01.2020, 11:49 1454

Осыдан алты жылдай уақыт бұрын 7-9 жас шамасындағы сотқар, тентек екі ұлы бар ағамыздың үйіне қонаққа барғанмын. Алғашқыда бір қарыс сақалымнан қорқып, қасыма жоламаған екеуі аз уақтан соң көздері үйренді ме, белгісіз, мені жұлқылап ойнай бастады. Ештеңе демей ұзақ отырдым. Әбден мезі болған сәтте біреуін бір қолмен көтердім де, қарсы тұрған диванға “атып” жібердім. Төрт-бес қадам жерден ұшқан бала сол күйі диванға соғылды да, еденге жалп ете қалды. “Қатты лақтырдым-ау, қап!” деп шошып қалып, “əй, қазір жылап “консерт” қоятын болды-ау” дегенмін, қателесіппін. Оның орнына:

– Мə, ағаның күші көп екен, ə?! – деді біреуі. Оған екіншісі қарсылық танытып:

– Мықты шығар, бірақ əкемнен күшті емес, – деді.

– Иә, расында әкем мықты – деп біріншісі жақтай кетті. Дəл осы сəтте сырттағы шаруаларын бітірген Талғат ағам бөлмеге кірді. Талғат дегенің екі иығына екі жігіт мінердей кең жауырынды, алып жігіт еді. Кезінде бір ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған абадан жігіт. Қысқасы, ұлдарының мықты деп, арқа сүйейтініндей бар еді.

Кенет манағы екеуі әкелеріне жабысып, “әке, əке Бура ағамен қол күрестірші” деп жалына бастады. Біз күліп қоямыз. Бір кезде балалардың көңілін қимады ма, әлде қайта-қайта айтқан соң орындай салайын деді ме, маған қарап:

– Бура, жүр қол күрестірсек, күрестірейік, – деп бұрышта тұрған үстелге беттеді. Басты изеп, артынан ердім. Балалар “папа қол күрестірейін деп жатыр” деп асүйде жүрген жеңгемді де алып келді. Ол кезде денсаулық деген “ұрып” тұр, өз-өзіме сенімді едім. Сонымен қол күрестірдік. Жастың аты – жас. Сəл ұстасқан соң, жығып салдым. Тағы бір көрдік. Тағы жеңіп кеттім. Ауыздарын ашып, бақырайып тұрған балаларға мысқылдап бір қарадым да, диванға барып отыра кеттім. Балалардың көзінде бір мұң бар. Тіпті жеңгемнің көзінен де сол мұңның ұшқынын көрдім… Ал, ағам үн-түнсіз, шарасыз кейіпте еді…

Мен мұның дұрыс емес екенін сəл уақыттан кейін, яғни үйге жеткен соң барып бір-ақ түсіндім. “Бұл дүниеде əкемнен басқа мықты жоқ” деп имандай сенген екі баланың балалық сенімін “жер” қылыппын, аяқасты етіппін. Ағамның абыройын қос ұлының алдында айрандай төгіп, көңілдеріне күдік ұялатып кеткен екенмін. Міне, содан бері əкелі-балалы тұрған жерде, қатыны мен күйеуі тұрған жерде қол күрес, сөз күрес, т.с.с дүниелерден үнемі жеңіліп қалуға тырысатын болдым. Тіпті, өмірлік ұстанымыма айналып кетті десем де болады. Себебі, мен үшін, ондай жердегі жеңістің қуанышы, салмағы жоқ. Маған аз уақытқа ғана ғана қуаныш сыйлап, қалған кезде жан дүниемді өртей түсетін, ұмытылмас қайғы беретін жалған жеңістің керегі жоқ. Қайта оның орасан жеңіліспен пара-пар екенін түсінгендеймін…

Бурахан ДАҚАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: