Қазіргі таңда Қазалыда «Гандболдан «Ұшқыр доп» Ұлттық лигасы 9-11-сынып (қыздар) оқушылары арасында өткізілген республикалық жарыста Мейрамбек Жұмашов басшылық жасайтын №276 орта мектептің Жұбатқан Нұркен жаттықтыратын командасы жүлделі ІІ орынды иеленіпті» деген сүйінші хабар желдей есіп жүр. Жерлестеріміздің жеңісіне бөркімізді аспанға атып қуандық. «Жақсылық бөліссең көбейеді». Ал байрақты бәсекеде топ жарған гандболшы қыздарымызды Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев «карантин талаптарын сақтай отырып, арнайы қабылдайды екен» дегенді естігенде масаттанып қалғанбыз.
Олай болмағанда ше?! Соңғы жылдар мұғдарында ауыр кеселдің зардабы көпшіліктің көңілін құлазытып, көкейге үрей ұялатқанын несіне жасырамыз? Міне, осындай кезеңде шалғайдағы ауданның спортшылары ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жетістікке жетсе, неге мақтанбасқа?! Мұхтар Әуесұлының бұл жетістікке мән беріп, ілтипат жасауға ұмтылуы әкімнің парасаты мен қарапайым дағдысын аңғартып тұрғандай. Ал жылы пейіл, ізетті ықылас кез келген адамның жігерін жанып, алға ұмтылдыратыны тағы рас.
Аталмыш білім ордасын ел ішінде жалпақ тілде «арғы беттегі жаңа мектеп» деп те атайды. Мұның себебі мектептің теміржолдың арғы бетінде орналасуында жатқандай. «Жаңа» дегенге келсек, осынау білім ордасының іргетасы 2017 жылы кент тұрғындарының өтінішімен қаланған болатын. Келесі жылы 300 орындық талапқа сай жабдықталған мектеп үйі пайдалануға берілді. Білім күніне орай өткізілген ««Сыңғырла, күміс қоңырау» атты салтанатты жиында сол тұста облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серік Қожаниязов пен сол кездегі Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев мектеп директоры М.Жұмашовқа білім ордасының кілтін табыстаған еді.
Білім ордасының ашылуында Қызылорда облысы әкімі мен Қазалы ауданы әкімі және аудандық білім бөлімі интерактивті тақталар сыйға тартты. Сондай-ақ, мектептің оқу-әдістемелік кеңесі жанынан жаңартылған білім мазмұны бойынша І-ІІІ деңгей оқыған мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу мақсатында «Сенім көкжиегі» атты қауымдастық құрылып, пән мұғалімдерінен жасақталған 5 әдістемелік бірлестікке 5 интерактивті тақта қолдануға берілді.
Пайдалануға берілгеніне санаулы уақыт өткеніне қарамастан мектеп ұжымы біршама белестерді бағындырып үлгерді. Баршасы жұдырықша жұмылған ауызбіршіліктің жемісі.
– Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Мұғалім – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін жан. Мектебімізде 47 педагог, оның ішінде 2 магистр маманы жұмыс істеп келеді. Басым көпшілігі – жас мамандар. Алғашқы оқу жылында жоғарғы және педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы мамандары 29 пайызды құраса, бүгінгі таңда 44,4 пайызға жетті. Мұның өзі тыңғылықты жұмыс істеудің, дұрыс бағыт-бағдар берудің, оқу-әдістемелік жұмысқа ұйымдастыра білудің арқасы деп білемін. Небары бірнеше жылдық тарихы бар білім ордамызды жетілдіру, алдыңғы мектептердің бірі де бірегейі ету, білім алып жатқан оқушыларымызды түрлі білім додаларына баулу, жан-жақты етіп тәрбиелеу ұстаздың қолында деп ойлаймын, – дейді №276 орта мектептің директоры Мейрамбек Жұмашов.
Мейрамбек Мырзағалиұлының сөзіне қосарымыз, мектеп ұжымы өздерінің алғашқы оқу жылын 316 оқушымен бастаса, қазіргі таңда 391 оқушымен толығыпты. Осы оқушылардың 151-і әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыдан құралған. Пандемияға байланысты 64 оқушы ыстық тамақпен қамтылып, 49 отбасыға қайтарымды негізде электронды құрылғы берілді дейді біздегі анықтамада.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Осынау білім ордасындағы тарих пәнінің мұғалімі Бағдат Орымбас Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың, математика пәнінің мұғалімі Айдана Алшоразова Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, «Абай әлемі» бағыты бойынша буктрейлер сайысында ағылшын пәнінің мұғалімі Әнел Әбдіраш І орын, бастауыш сынып мұғалімі Ақсұлу Құрман ІІІ орын иеленген. Іргелі ұжымда жоғары жетістікке жеткен өзге де білікті ұстаздар мен дарынды шәкірттер баршылық. Егер олардың есімдерін санамаласақ, ақ парақ беті толар еді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мектепте түрлі деңгейдегі білім бәсекелері мен өнер, спорт сайыстарында дара шыққандар көптеп саналады. Біз өнер мен білімді, спортты терең меңгергендердің бір бөлігін ғана оқырман назарына ұсындық.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!