Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеке балабақшалардың жұмысымен танысты

12.02.2026, 16:55 53

HALYQLINE.KZ

Бүгінде Қазалы ауданында 51 мектепке дейінгі білім беру ұйымы болса, оның 19-ы – мемлекеттік, 16-сы – жекеменшік балабақша, ал қалған 16-сы – мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар. Аталған балабақшаларда аудан бойынша барлығы 3734 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Жыл басынан бері ауданда 2 жеке балабақша ашылған. Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан орталығында жаңадан ашылған «Ханшайым-1» және «Рахым» жеке балабақшаларына барып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Аудан басшысы алдымен жеке кәсіпкер Қуанышкүл Дәулетиярқызының «Рахым» жеке балабақшасына барды. 100 балаға арналған балабақшада бүгінде 42 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ 17 адам жұмыспен қамтылған. Ал, Жетес Ахметұлының 74 балаға арналған «Ханшайым-1» жеке балабақшасында 38 бала тәрбиеленуде. Мұнда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Балабақшаларды аралау барысында аудан әкімі тәрбиеленушілерге жасалған жағдаймен, материалдық-техникалық базамен және санитарлық талаптардың сақталуы мен балаларға берілетін ас мәзірімен танысты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы мен балабақша меңгерушілеріне мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ аудан басшысы еңбек адамын қолдау – әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі екенін айтып, ұжым қызметкерлерінің еңбек құқықтары сақталып, қызметкерлердің айлық жалақысының уақытылы әрі толық көлемде төленуін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: