Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандағы жаңашылдық

28.04.2022, 10:20 772

HALYQLINE.KZ

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіндегі өткір проблемалардың бірі – мектеп тапшылығын азайтып, 2025 жылға дейін мың мектеп салуға тапсырма берген болатын. Осы мәселе аясында еліміздің барлық облыстарында қарқынды жұмыс істеліп жатқаны байқалады. Жаңақорған ауданында облыстық білім басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында жаңашыл жобаларға куә болып, бірқатар білім нысанының қазіргі тыныс-тіршілігі мен өзгерісіне көз жеткіздік.

Ең алдымен Жаңақорған ауданына қарасты 1500-дей тұрғыны бар Жайылма ауылындағы 350-ден аса оқушы қамтылған №195 мектеп-гимназиясының ішкі-сыртқы жағдайымен танысып, білім нәрімен сусындап жатқан үздік оқушылардың білім дәрежесін сараладық. Атап айтатын болсақ, «Дебат және Біз» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылып, аудандық «Ұшқыр ой алаңы» және «Алтын ғасыр» оқушылар дебат клубының ашылуы салтанатты түрде өткізіліп, қызыл лентаны аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов қиды. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының қолынан шыққан роботтар жүйесі мен балалар жылына арналып жасалған көрмеден таныстырылым жасалды. Мектепте Білім және  ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың тапсырмасы аясында бекітілген төрт жоба бойынша тиімді жұмыс атқарылып келеді. Соның ішінде іс-шарада оқушылар «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша кітаптарға талдау жасап, «Мектеп театры» жобасы бойынша 3-сынып оқушылары қойылым қойып, қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Ауданымызда түрлі тақырыпта дебат сайыстары ұйымдастырылып, оқушыларымыз осы жолда шыңдалып келеді. Шәкірттеріміз облыстық, республикалық деңгейдегі дебаттардан жоғары нәтиже көрсетуде. Осы тұрғыда мектепте «Алтын ғасыр» дебат клубын құрып отырмыз. Бұл ашылып жатқан дебат сыныбында оқушылар көп сайыстарға дайындалып, машықтанатын болады, – деді Болат Мақсұтұлы.

Келесі бағытымыз ауданда орналасқан 60 жылдық тарихы бар Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі болды. Колледждің өзгеріске енуі мен заманауи технологияға сай техникалармен жабдықталғаны өте қуанарлық жағдай болып отыр. Бұл оқу орнына 500 млн 303 мың теңге қаржы бөлініп, толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, түбегейлі өзгеріске енген. Екінші рет жаңадан бой көтерген оқу ғимаратында 500-ден аса студент 24 мамандық бойынша ілім алады. Сонымен қатар, 110 оқушыға арналған жатақхана мен 200 орынды асханасы түгелдей жаңартудан өткен. Жаңарған білім ордасы студенттердің қызығушылығын арттырып, практикалық тұрғыда білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Екі жыл бұрын ашылған «Тау-кен» мамандығы бойынша Қытайдың «Kingka Mining Construction» компаниясымен студенттердің біліктілігін арттырып, жұмыспен қамту жүйесіне айрықша үлес қосу үшін 2021 жылдың желтоқсанында колледж директоры Жомарт Шауенов екіжақты меморандумға отырған. Келісілген шарт аясында колледждегі «Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу» мамандығының студенттері «Шалқия» кен орнында өндірістік практикадан өтіп, толықтай жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен бірге, түлектер оқуды аяқтағаннан кейін Қытай мемлекетіне барып, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда, оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы өте түйіткілді мәселе екені анық. Ал осындай түйіннің шешімін Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің директоры Жомарт Абибуллаұлы тауып, студенттердің қамын ойлауда. Аудандағы жасөспірімдерді түгел оқумен қамтып отырған оқу орнына жаңақорғандықтар дән риза. Бүгінгі күні колледж студенттері өз саласы бойынша аудандық, облыстық жарыстардан үздік көрініп келеді. Келісімшарт жасасқан кәсіпкерлермен ұйымдасып студенттерге арнап спортпен шынығу залын және машина жүргізіп үйренуге арналған электронды автокөлік және оқу үшін арнайы планшеттерімен қамтыған. Автомеханиканың қыр-сырын үйрететін электронды құрылғылардың арқасында студенттерге сертификат беріледі. Сол анықтама арқылы жолда жүруге арналған құжатты жылдам ала алады. Қазіргі кезде оқу орнында 17 қытай азаматы білім алуда. Десе де, облысымыздың әр өңірінен келіп оқитын оқушылар саны аз көрінеді.

Біздің оқу орны білікті мамандарды даярлап, «Шалқия» кен орнына жұмысқа жіберетін боламыз. Бізге келген студент заманға сай үлгідегі кабинеттерде оқып, сапалы білім алып, жұмысқа тыңғылықты қалыптасады. Қытай мемлекетімен жасаған меморандум арқасында компанияның тапсырысымен тігін шеберханасында ақылы түрде жұмыс киімі мен қажетті жабдықтарын да тігеміз. Жоғарғы оқу орындарында теориялық біліммен қатар практиканы да ұштастырған маңыздырақ, – деді колледж директоры Жомарт Абибуллаұлы.

  Осындай бағытта аудан орталығында орналасқан Жұмаділла Өскенбайұлы атындағы дарынды балалар жеке мектебінің жұмысымен таныстық. Ашылғанына бір жыл ғана уақыт болған дарынды балалар мектебінде 51 жоғары санаттағы мұғалім 282 бастауыш сынып балаларына білім беруде. Білім шеңберінде жан-жақты қалыптасып келе жатқан оқушылардың бір жыл ішінде жеткен жетістіктері біршама. Мектепте сабақтан тыс уақытта балаларға арналған үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар ән, би, шахмат, таэквондо, ментальды арифметика, баскетбол секілді үйірмелерге барып, шығармашылықтарын шыңдай түседі.

– Келесі жаңа оқу жылына деп қарқынды дайындық жүргізудеміз. Қыркүйек айында 1-сыныпқа 100 оқушы қабылдау жоспарлануда. Одан кейін мектепті кеңейтіп, жоғарғы сыныптарын ашу да көзделіп отыр, – деді мектеп құрылтайшысы Елдос Жұмаділлаұлы.

   Айта кететін болсақ, ауданда 4 жекеменшік мектеп жұмыс істеуде. Яғни, жеке мектептердің көбеюі мен өркендеуіне ерекше мән берілуде деуге болады. Бұдан бөлек ауданда 3 мектеп пен 1 балабақшаның құрылысы жүруде. Ауданда бала санының өсімі жоғарылаған. Соған орай мектепке дейінгі білім беру нысандарын көбейту мақсатты түрде жүзеге асуда. Бұл – екпінді дамыған бастаманың жалғасы.

Сонымен қатар, М.Қаратаев атындағы №51 орта мектебінің базасындағы инклюзивті ресурстық орталық қызметімен таныс болдық. 2021 жылы ашылған инклюзивті орталықта білікті мамандар, яғни логопед, дефектолог, олегофрен және психолог ерекше балалар үшін қызмет атқарады. Бүгінде бұл мектепте 26 оқушыға арнайы тәсілдер арқылы сабақ өтіледі. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық жаңа үлгідегі технологиялармен жабдықталып, балалардың тез бейімделуіне көмектесетін басқа да құрылғылар бар. Мектеп басшысы Жеңіс Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі заманауи ем-тәсілдердің арқасында балалардың ой-өрісін тез дамытуға болады. Мұнда жас буындардың арт-терапиямен де айналысуға мүмкіндігі бар. Сатып алынған жабдықтардың арқасында балалардың денсаулығы біршама жақсарған. Бүгінгі күні Жаңақорған ауданы бойынша 612 ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олардың ішінде 104 бала мектепте оқыса, 63 бала арнайы ерекшелігі бар оқушыларға арналған сыныпта, 155 бала үйден оқытылуда.

Қорытындылай келе, Жаңақорған ауданында осындай қолдаудың көрсетілгеніне қуаныштымыз. Себебі бірқатар өзекті мәселенің түйіні тарқатылуда. Салынып жатқан жаңа оқу ордаларының құрылысы ойдағыдай аяқталып, халықты ерек қуанышқа бөлесін деп тілек білдіргіміз келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: