Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа оқу жылына дайындық

19.08.2025, 21:14 198

Бүгін басқарма басшысы Асқарбек Есжановтың төрағалығымен қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорларының қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – жаңа оқу жылына дайындық барысы.

Алдымен басқарма басшысы мектептердің оқу жылына толық дайын болуын тапсырды. Әсіресе күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуы, сынып кабинеттерінің талапқа сай жасақталуы қатаң бақылауда болады.

Сонымен бірге, 1-сыныпқа қабылдау үдерісінің заң талаптарына сәйкес жүргізілуі және барлық оқушылардың оқулықтармен толық қамтамасыз етілуі міндеттелді. Бұл – жаңа оқу жылына қойылып отырған негізгі талаптардың бірі.

Асқарбек Темірбекұлы жаңа оқу жылындағы басты басымдық – балалардың қауіпсіздігі екенін ерекше атап өтті. Әрбір мектеп бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Жиында педагог мәртебесін көтеру мәселесі де қозғалды. Барлық білім беру ұйымдарының басшыларына «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын бұлжытпай орындап, ұстаздардың құқықтары мен абыройын қорғау қатаң тапсырылды.

Айта кетейік, биылғы мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысқан 6 867 түлектің 4 960-ы грант иегері атанып, 72,9 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – түлектердің білім сапасының артып келе жатқанын көрсететін маңызды нәтиже.

Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны да артады. Биыл облыс бойынша 17 423 бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды деп жоспарлануда.

Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 2,1 млрд теңгеге 6 мектеп реновациядан өтіп, жаңа кейіпке енді. Сонымен бірге 448 млн теңгеге мектептердің жабдықтары жаңартылды.

Сонымен қатар, 1,6 млрд теңгеге 56 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар балалардың қолайлы әрі сапалы білім алуына жағдай жасайды.

Жаңа оқу жылын аймақ бірнеше ірі білім нысандарымен қарсы алмақ. Алдағы күндері Арал ауданы Сексеуіл кентінде 300 орындық, Қызылорда қаласының Арай мөлтек ауданында 1500 орындық және Қызылжарма ауылында 600 орындық «Келешек мектептері» ашылады.

Бұл мектептер заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына кең мүмкіндік береді. Жаңа білім ошақтарының ашылуы үш ауысым мәселесін азайтып, орын тапшылығын шешуге бағытталған.

Кадр мәселесіне де ерекше тоқталды. Басқарма басшысы мектеп директорлары мен орынбасарларының бос лауазымдарына конкурс ашық әрі әділ өтуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ педагогикалық жүктемені бөлу кезінде заңдылықтың қатаң сақталуы қажет екені ескертілді.

Қаржылық тәртіпті сақтау да басты талаптардың бірі болып отыр. Аудиторлық тексерулер барысында анықталған артық жалақы аудару, мемлекеттік сатып алу кезіндегі заң бұзушылықтар қайталанбауы үшін бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы балаларға биыл 46 228 теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетілетіні айтылды.

Жиын соңында жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмыстарының басымдығы айқындалды. Барлық мектептерде «Адал Азамат» бағдарламасы енгізіліп, оқушылардың ұлттық құндылықтарға негізделген, отансүйгіш әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына жағдай жасалмақ.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: