Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясы ашылды

07.12.2022, 11:00 610

HALYQLINE.KZ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында техника ғылымдарының кандидаты, профессор Анипа Тапалованың 70 жылдық мерейтойына орай «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясы ашылды. Сондай-ақ, университет Ғылыми кеңесінің салтанатты мәжілісі өтті.

Салтанатты шарада Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды.

– Анипа Сейдалықызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, Сыр өңірінің жоғары білімі мен ғылымына өзіндік үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз, ізденімпаз ғалым.  Профессор ұсынысымен «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясының ашылуы білім алушылардың жарқын болашағына жасалған ізгілікті қадам.

Анипа Сейдалызы – 12 ғылыми және оқу-әдістемелік  құралдың авторы. Ғалым 1990 жылдан университетте аға оқытушы,  доцент қызметін, 2008 жылдан бастап академиялық профессор қызметін атқарып келеді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Профессор студенттер мен магистранттарға «Химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы», «Аналитикалық химия», «Химиялық технология», «Зат құрылысы», «Күрделі есептер шығару» пәндерінен дәріс беріп, оқытудың жаңа технологияларын оқу процесіне енгізуде.

– Анипа Сейдалықызы – әрбір шәкіртінің сапалы маман, өнегелі тұлға болып қалыптасуы үшін барын салатын ұстаз. Химияны үйретіп қана қоймай, ауылынан жырақта жүрген студенттерге аналық мейірімін төгіп, қамқорлық танытатын. Бүгінде Анипа Сейдалықызынан білім алған мамандар елге тек жақсы атпен танылып, биіктерден көрінуде.

Біз студент кезімізде теориялық тұрғыда білім алғанымызбен, практикалық жағынан мүмкіндіктеріміз шектеулі болды. Бүгін міне, ұстаз ұрпақтарының демеушілігімен «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясы ашылды. Мұндай зертханада білім алған студенттер болашақта жаңа ғылыми зерттеулермен айналысып, ел игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін, – деді химия ғылымдарының кандидаты, профессор-зерттеуші Нұрбол Аппазов.

Ғалым «Сандық анализ практикумы», «Бейорганикалық химия. Есептер мен жаттығулар», «Жалпы және бейорганикалық химия практикумы», «Элементтер химиясы. Есептер мен жаттығулар» атты оқу құралдары және «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы», «Аналитикалық химия», «Минералды шикізаттарды өңдеу технологиясы», «Химиядан есептер шығару әдістемесі» т.б. оқу-әдістемелік кешендерінің авторы.

2003 жылдан бастап мұнайлы аймақтардың химиялық экологиясын зерттеу жолында ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Анипа Сейдалықызы 3 аспиранттың және 10 магистранттың «Мұнаймен ластанған топырақты химиялық тазарту» бағытындағы ғылыми жұмыстарының консультанты болған. Магистранттар мен студенттердің, мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Салтанатты шарада оқу орнының стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін ғалымның ұлы  Жайсаң Сыздықов  «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды.

Айта кету керек, ғылыми кеңеске облыстық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шаменов, университеттің құрметті ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисенов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Ардагерлер Кеңесінің төрағасы,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмаділ Шілдебаев, Ресей Федерациясы Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Новосибирск геология және минералогия институтының жетекші ғылыми қызметкері, Токио университетінің құрметті профессоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Сергей Кривоногов, Қызылорда  облыстық  Білім  және ғылым  қызметкерлері  кәсіподақ  комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева қатысты.


      Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: