Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалаңашта жаңа мектеп ашылды

10.01.2026, 16:04 25

Арал ауданының орталығынан алпыс шақырым жердегі шағын ауылда 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мұнда жаңалық жиі келе бермейтіндіктен, бүгін жалаңаштықтар үшін ерекше күн. Таңнан бері мектеп маңына ауыл тұрғындары жиналып, балаларының жаңа ғимаратқа алғаш қадам басуын тамашалады. Мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент және Сенат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен “Келешек мектептері” жобасы жүзеге асуда. Ұлттық жоба аясында 217 мектеп салынды, сол мектептердің 84-і ауылдарда бой көтерді. Бүгін, міне Арал ауданының ең шалғай ауылында жаңа мектеп ашылды. “Келешек мектептерінің” стандартымен, халықаралық талаптарға сай салынған білім ордасы ауылға жеткенінің куәсі болдық. Мемлекет басшысының ұстаздарға деген қамқорлығы ерекше, соның арқасында мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі арта түсті. Бүгінде ұстаз мамандығы еліміздегі ең тартымды мамандықтардың біріне айналды, -деді Оқу-ағарту министрі.

Салтанатты жиында облыс әкімі соңғы жылдары өңірде білім саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Аймақта жаңа мектептер салынып, ескілері жөндеуден өтіп жатыр. Мақсат айқын. Балалардың қай жерде тұратынына қарамай, сапалы білім алуына жағдай жасау.

– Өздеріңізге белгілі, «Түркістан» газетіне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбында кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбатта Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты. Аймағымыздың білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн 159 млрд теңге бөлінді. 2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне табысталды. 2023 жылдан бері 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын!, -деп атап өтті аймақ басшысы.

Жаңа мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасының талаптарына сай салынған. Кең сыныптар, жарық бөлмелер, заманауи құрал-жабдықтар ауыл балалары үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндікке жол ашып отыр. Енді Жалаңашта оқитын оқушыларға қала мектебіне ұмтылудың қажеті болмайды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ауыл мектептеріне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңғы жылдары ұлттық жоба аясында ел бойынша жүздеген мектеп бой көтерді. Соның басым бөлігі ауылдық елді мекендерде салынған. Бұл өзгерістер мұғалімдердің мәртебесін арттырып, білім беру сапасына деген сенімді күшейтті. Рәсім барысында мектеп құрылысын салған мердігер мекеме қызметкерлері мен ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтылды. Ауыл ақсақалдары жаңа білім ордасына бата беріп, балаларының жолы ашық болсын деген тілегін жеткізді.

Жалаңаш ауылында бүгінде алты жүзден астам адам тұрады. Жаңа мектептің ашылуы ауыл өміріне серпін беріп отыр. Ата-аналар балаларының енді жылы, жарық, қауіпсіз жерде оқитынын айтып қуанышын жасырмады. Соңғы жылдары өңірде білім беру нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Алдағы уақытта да мектептер жөнделіп, жаңалары салынбақ. Мұның барлығы ауылдың болашағына салынған инвестиция ретінде бағаланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: