Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұстаздың қадірі қашқан жерде – ұлттың болашағы бұлыңғыр» — министр

12.02.2026, 9:55 29

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздармен, білім саласының ардагерлері мен IT саласы өкілдерімен кездесу өткізіп, саладағы бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде педагогтердің еңбек құқығы, басқару мәдениеті, инфрақұрылым және цифрландыру бағытындағы түйткілдер көтерілді. Бұл туралы Democrat.kz порталының жазды, деп хабарлайды halyqline.kz порталы.

Министр алдымен жергілікті жерлердегі басқару жүйесінде орын алып отырған олқылықтарға тоқталып, педагогке қысым көрсетуге, заңсыз шеттетуге жол берілмейтінін қадап айтты.

«Ұстаздың қадірі қашқан жерде – ұлттың болашағы бұлыңғыр. Біз мектеп директорларын тек менеджер емес, ұжымның рухани темірқазығы ретінде көреміз. Педагогтің құқығын аяққа таптайтын кез келген бюрократиялық кедергі мен жергілікті жердегі қысымға негізделген басқару әдістеріне министрлік тарапынан тосқауыл қойылады. Әрбір заңсыз шеттетілген маман бойынша тексеру жүргізіліп, әділеттілік қалпына келтіріледі. Біз үшін әр мұғалімнің тағдыры – мемлекеттік маңызы бар мәселе», – деді министр.

Кездесу барысында өңірлердегі білім инфрақұрылымын дамыту, қосымша білім беру орталықтарын ашу және шағын қалаларда балалардың шығармашылығын қолдайтын кеңістіктер құру мәселелері де көтерілді. Министр бұл бағыттағы бастамалар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін педагогтердің біліктілігін арттыру, арнайы курстар ұйымдастыру және осы бағыттағы әдістемелік қолдауды күшейту қажеттігі айтылды. Министрлік бұл ұсыныстардың жаңа «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде қарастырылып жатқанын хабарлады.

IT саласы өкілдері білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу, цифрлық сервистер арқылы мұғалімдердің жүктемесін азайту мәселесін көтерді. Министр бұл ұсыныстарды қолдап, олардың барлығы тиісті құрылымдар тарапынан зерделенетінін айтты.

Кездесу қорытындысында білім саласындағы басқару мәдениетін өзгерту, ұстаз мәртебесін нақты іспен қорғау және педагогтердің құқығын бұзатын кез келген әрекетке жедел әрекет ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Коллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: