Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз туралы үзік сыр

29.09.2021, 15:50 1250

HALYQLINE.KZ

Бір танысымның Бағдат Орымбас туралы «табиғатынан ұстаз болып жаратылған жан, адамдармен тіл табысуы, оқушыларын өзіне баурап алуы, сөйлеу мәдениетін жоғары меңгеруі бәрі-бәрі бір бойынан үйлесім тапқан» дегені бар. Ел мақтаған білікті ұстазбен мереке қарсаңында тілдесудің орайы түскен еді.

Әңгіме барысында Бағдат Ақжігітқызының сонау жылдары Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың мемориалдық мұражайында қызмет еткен шағы ойыма оралды. Сол тұста пісентті де ізденімпаз жас өзінің біліктілігі, жұмысына деген асқан жауапкершілігі, елгезектігімен ортасында сыйлы атанды. Талай құнды тарихты қатпар-қатпар қылып сөресіне жинаған мұражайда қызмет жасау біліктілік пен еңбекқорлықты талап етері көпке аян. Мұндай қасиет Бағдаттың бойынан молынан табылушы еді. Талмай ізденіс көп ұзамай өз жемісін берді. Киелі мекенде Бағдаттың жұмысы жоғары бағаланып, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл дегеніңіз ұжымдастары, сала басшылары тарапынан Бағдаттың талмай-шаршамай істеген жұмысына берілген жоғары бағасы болатын. Қанға сіңген игі дағды арада өткен жылдарда шау тартпады. Керісінше өмір жолында кемелдене түсті. «Тау баласы биікті аңсайды». Десе де, Бағдаттың жан дүниесі ұстаздық жолды қалады. Ал көздеген мақсатынан бас тарту біздің кейіпкерімізге мүлде жат дағды. Осылайша күні кешегі алғыр оқушы, белсенді студент енді өзі де білім аталатын шексіз-шетсіз әлемде шәкірттер баули бастаған.

Уақыт неткен жылдам! Жел диірменше зырылдаған өмір көші тоқтаусыз сырғып жатты. Қас қағымда арада тура 38 жыл өтті. Осы аралықта Бағдат Ақжігітқызының тағылым-тәрбиесін алған қаншама шәкірттер қияға самғап ұшты. Олардың арасында көпке танымал қаншама жандар бар десеңізші. Қазіргі таңда бір-бір шаңырақтың егесі атанған сол шәкірттері өздерінің сүйікті ұстаздарын кездестірген сайын ізетпен сәлемдесіп, мәре-сәре болады. Тіпті бір сәтке өздерінің ел тізгінін ұстаған тұлғаға айналғанын ұмытып, бір кездегі сынып жетекшісінің алдында құдды мектеп оқушысындай именетінін қайтерсің?! Бәлкім, мұғалімнің мерейлі мезеті, ұстаз бақыты дегеніміздің өзі осы шығар?!

Жоғарыда атап өткеніміздей, Бағдат Орымбастың ұстаздық жолда жүргеніне 40 жылға жақындаса, соның тең жарымында Қазалы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін абыройлы атқарды. «Абырой биігінен табылды». Неткен керемет, жаныңа шуақ құятын сөз.

«Бағдат Ақжігітқызы қызмет жасаған жылдарында аудандық, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған барлық іс-шараларға белсене араласуының нәтижесінде аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институтының бірнеше рет мақтау қағаздарымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 12 жылдық білім беру орталығының Алғыс хатымен тағы басқа мадақтамалармен марапатталып, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды» дейді әріптестері.

Әріптестерінің лебізін мен де жандандыра түссем. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Үздік әдістемелік қызмет» байқауында облыста бас жүлде, республикада І орын иеленді. Методикалық қызметті ұйымдастырудағы іс-тәжірибесі облыс, республика көлемінде әріптестеріне таратылды. «Жақсының жақсылығын айт». Бағдат Орымбас тарих пәні мұғалімі ретінде оқушыларға үзбей сабақ беріп, оларды шығармашылық зерттеу жұмыстарына да баулыды. Оқушысының «Ұлы Жеңіске қосылған ұлы үлес» тақырыбындағы зерттеу жұмысы республикалық ғылыми-практикалық конференция жинағында жарияланып, алғыс хатпен марапатталды. Өзінің «Жаңа формация мұғалімінің кәсіби біліктілігін дамыту моделі» баяндамасы республикалық ББЖ КБАРИ-дың «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі әдістемелік қызмет», «Сын тұрғысынан ойлау жобасы – ынтымақтастықта оқыту технологиясы ретінде» атты баяндамасы басқа да еңбектері түрлі деңгейдегі басылымдарда жарық көрді.

Талай жылғы төгілген тер, тынымсыз еңбек, жалықпай ізденудің қорытындысы білікті ұстаз, Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Ақжігітқызына «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, облыстық білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Ең шығармашыл ұстаз» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы президенті Қ.К.Тоқаевтың Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі басқа да марапаттар болып мәуесін төкті.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: