Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлағатты ұстаз келбеті

29.01.2026, 6:20 32

HALYQLINE.KZ

Ұстаз – әрбір шәкірттің жүрегіне білім мен адамгершілік нәрін егетін аяулы тұлға. Халқымыз ұстаздан тәрбие алуды ана өнегесімен тең қойып, бұл ұғымды ерекше қадірлеген. Өмірдің күрделі құбылыстарын терең түсінуге баулып, парасат биігіне шығуға да ықпал ететін – осы ғазиз жандар. Ұстаз өз бойындағы асыл қасиеттерін шәкірт санасына сіңіру арқылы оларды үлкен өмір белестеріне дайындайды. Оның ерен еңбегі – адамдық пен білімнің салтанат құруының кепілі. Жаны таза, жүрегі жылулыққа толы, парасатты болмысы мен ірі тұлғасы үйлескен осындай ұлағатты ұстаздардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің иегері Сара Бахтиярқызы биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Хакім Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қағидасын өмірлік ұстанымына айналдырған ол еңбек өтілінің қырық сегіз жылын шәкірт тәрбиесіне, ғылым жолына арнады. Бүгінде аяулы ұстаздың алдын көрген шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, ұстаз салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Уақыт атты шексіз кеңістік үшін қырық сегіз жыл қас қағым сәт болғанымен, мазмұнды ғұмыр кешкен жан үшін бұл – үлкен белес. Сара Бахтиярқызының саналы тірлігіне көз жүгіртсек, әрбір ісі мен болмыс-бітімі өз мамандығына деген айнымас адалдықпен және қажырлы еңбекпен өрілгенін көреміз.

Өнегелі ұстаз 1956 жылы 1 ақпанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылында дүниеге келген. Бала күнінен көргенін көңіліне түйіп, санасына тоқи білген тәрбиелі бойжеткен «журналист» боламын деген ойын ұштай түседі. Бұндай шешімге келуіне әкесі Бахтиярдың сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі барлық газет-журналға жазылып, үйге алдырып тұруы себепші болса керек. Тіпті апайымыздың институтқа қабылданғанға дейін, отызға жуық түрлі жанрдағы жазбалары мен өлеңдері жарық көрген болатын. 

Асқақ арманның жетелеуімен жас талапкер №50 Абай орта мектебін үздік бітіріп, 1974 жылы Н.В.Гоголь атындағы институтқа оқуға түседі. Тіл мен әдебиет факультетінде білім алады. Институт қабырғасында оқу тобының белсенді студенті қатарынан табылып, Әуелбек Қоңыратбаев, Әли Байжолов, Нұрлыбек Жүнісов, Нұртай Нұржанов, Медеуәлі Бимағанбетов, Әнес Жақып, Ибрагим Мұхаметжанов пен Айнаш Шәмшатова сынды жанашыр ұстаздардың берген білімін бойына сіңіріп, қамқорлығын көреді.

Таудай талап иесі институты үздік аяқтайды. 1978-1992 жылдары мектепте мұғалімдік қызмет атқарған ұстаз ғылыммен айналысуды ұлы мұратына балайды. Сөйтіп, 1993 жылдан бастап Ыбырай Жақаев атындағы политехникалық институтта аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, институттың тәрбие ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарады. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика БББ-ның доценті.

Сара Бахтиярқызын өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиеті – жас буынның тілінде сөйлеп, солардың бар жақсылығына шынайы қуана алатындығы. Өңірімізге белгілі азамат, ғалым Қылышбай Алдабергенұлы басшылық жасайтын институттың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарып жүрген жылдары апайдың басшылығымен, ректордың қолдауымен алғаш КВН өтеді. «Тұлпар» атты команданың жоғары деңгейде өнер көрсетуі, сахнада айтылған әрбір қалжың, әрбір ән мен биге дейін мән беріліп, жүйелі жасалған дайындықтың Сара Бахтиярқызының басы-қасында жүруі өзіне тапсырылған жауапкершілікке немқұрайды қарамайтындығын көрсетсе керек. Политехникалық институт университет болып қайта құрылғаннан кейін Сара апайымыз «Сырғалым» атты қыз-келіншектер клубын құрып, түрлі танымдық кеш, болашақ аналарға арналған кеңес, дөңгелек үстел мен сайыстар ұйымдастырады.

Міне, осындай тынымсыз тіршілік аясында жүріп Сара Бахтиярқызы ғалым Балтабай Әбдіғазиұлының жетекшілігімен 2003 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы көркемдік-стильдік ізденістер» (Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлейұлы шығармашылығы негізінде) атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.

Нағыз ғалым – ізденістің адамы. Зерттеу нысаны нәтиже беріп, ой-тұжырымдары қағазға түскен сайын жаңа белестерге ұмтылатыны да заңдылық. Ғылымның қиын да қызықты жолына біржола бет бұрған Сара Бахтиярқызының қаламынан бүгінде салмақты туындылар дүниеге келді. Оның зерттеушілік аясының кеңдігін «Балалар әдебиеті», «ХХ ғасыр поэзиясындағы көркемдік-стильдік ізденістер» атты іргелі еңбектерінен анық көруге болады. Заман талабына сай әзірленген «Ақпараттық оқыту технологиясы негізінде заң терминдерін оқыту жолдары» атты оқу құралы мен көптеген оқу-әдістемелік еңбектері – ұстаздың әдістеме мен теорияны ұштастыра білген кәсіби шеберлігінің жемісі.

Сонымен қатар ғалым өзінің негізгі зерттеу бағытына орай Абайдың дүниетанымындағы адам мәселесі, оның ұлттың ұлы тұлғасы екендігі, Абай және Алаш, Абай мен Мағжан, Бернияз Күлейұлы шығармаларындағы үндестік, Абай мен Пушкиннің арасындағы әдеби байланыс, Абайтанудағы ақтаңдақтар, қазақ фольклорындағы антикалық сарындар, халық ауыз әдебиетін зерттеушілер жайында халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндама оқып, 70-тен астам мақаласы шетелдік, отандық ғылыми басылымдарда жарияланды.

Сара Бахтиярқызы – парасат биігі мен ақкөңіл болмыстың символы. Оның тұлғалық ерекшелігі – жүрегінің кеңдігі мен шындықтың бетіне тура қарай алатын қайсарлығында. Ол – адамның атақ-даңқы мен лауазымы емес, ар-ұяты мен сөзінің түзулігін бағалайтын жан. «Бетің бар, жүзің бар» демей, кемшілікті дөп басып айта алатын турашылдығы – екіжүзділік пен жасандылыққа жаны қас адалдығының көрінісі. «Ашыққан қарын тойынар, ашылған етек жабылар, бірақ рухани ашығудың орнын толтыру – өте күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс» екендігін үнемі есінде ұстап, осы бір қағиданы жастардың санасына сіңіруді өзінің басты миссиясы санайды. Өз ісінің шебері – жалаң білімнің емес, жанды тәрбиенің ұстазы. Ол шәкіртінің санасына білім құйып қана қоймай, сонымен бірге оның адамдық қасиетін, рухани мықтылығын қалыптайтын маман.

Білікті маман облыстық, қалалық, университет пен факультеттік іс-шараларға да белсене үлес қосады. Қашан көрсең, айналасына әдебиетті жанындай сүйетін шәкірттерін үйіріп алып, кеңес беруден бір шаршамайтын ұстаздың еңбегі де елеусіз қалған емес. Тәжірибелі ұстаз – Қазақстан Республикасы Үкіметінің ведомстволық наградасы «Ахмет Байтұрсынұлы», «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медальдарының, «Қорқыт Ата атындағы алтын медальдің», «Үздік түлек», «Үздік ұстаз», «Үздік оқытушы» төсбелгілерінің иегері. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитетінің Алғыс хатымен, Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», облыстық білім басқармасының, университет ректорының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Сүйікті ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұлағатты ұстаздың отының басында қашанда береке мен пәтуалы бірлік орын тепкен. Сонау 1977 жылы 4-курста оқып жүрген кезде Оңдаш ағамызбен құрған шаңырақта Руслан есімді ұл, Құралай атты қыз дүниеге келеді. Руслан Ресей елінде білім алып, мұнай-газ саласының инженері мамандығын иеленеді. Құралай Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің халықаралық қатынастар факультетін, кейін Қазақ гуманитарлық заң академиясын үздік бітіріп, өз саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүр. Алла өзі берген пендесін өзі құшағына алатыны өмір заңы ғой, 2010 жылы Оңдаш ағамыз қызы Құралайын ұзатқаннан кейін дүниеден озды. Жатқан жері жайлы болғай!

Міне, бүгінгі күні әлпештеген ұлы мен қызынан тараған немерелері ақ әжесінің аналық мейірімін қандырып, жарасымды жанұя тіршілігін ұйыта түскендей. Ақылды да байсалды, сабырлы да салмақты апайымыздың қасынан біздің де шыққымыз келмейді. Жақсы жанның қасында шуағына жылына жүріп көп нәрсені үйрендік, сабақ берудің әдістемесі жағынан шыңдалдық, өмір мектебінен сабақ алдық.

Апайдың өмірдің қандай жағдайына болмасын, берер кеңесі, айтар ақылы дайын жүреді. Ешкімді жатсынбайды, бәріне әрдайым қамқор бола біледі. «Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы». Апайымыз сонысымен биік, сонысымен елден ерекше. Барлық мұсылман баласын тең көретін қадірлі ұстаздың жүріп өткен жолының ізінен ерген жас ұрпаққа, жас маманға, «көрсем, білсем, үйренсем» деген барша адамзат баласына берері де, үйретері де көп.

Құрметті Сара Бахтиярқызы, бүгінгі мерейлі белесіңізде өзіңізге таусылмас рухани қуат, мөлдір бұлақтай таза көңіл және мықты денсаулық тілейміз. Сіз – ақиқаттың ақ туын жықпаған, жас ұрпақтың бойына имандылық пен ұлттық рухты сіңіріп жүрген асыл ұстазсыз. Әр күніңіз шуақты, әр ісіңіз берекелі болып, абырой биігінен көріне беріңіз!

Күлдірсін  САРЫШОВА,

ф.ғ.к., Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: