Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үздік оқытушы – 2024» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті

13.06.2024, 10:25 178

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2024» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді авторлық бағдарлама арқылы оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушыларды анықтау, қолдау және олардың авторлық әдістемелерін кеңінен тарату.

Іс-шараның алғысөзін алған Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов тіл саясатын жүргізу бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушылары өзара бақ сынасып қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, ересектерге мемлекеттік тілден сабақ берудің сапасын арттырудың оңтайлы әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Қатысушылар «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану», «Сұрақ-жауап», «Жағдаят» тапсырмаларын орындау секілді үш кезең бойынша сынға түсті.

«Үздік оқытушы» байқауына қатысушылардың еңбегіне Ұлттық құндылықтар академиясының Қызылорда облысы бойынша төрағасы Орманова Мария Айтбайқызы, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынтасова Гүлзат Бурабайқызы және І.Қабылов атындағы №12 ақпараттық технология мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ибрагимова Гүлмира Паттеқызы қазылық етіп, сараптама жасады.

Байқау нәтижесі бойынша Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Үміт Абат III орын, ал Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Н.Есаманова II орын иемденді. Қазылар алқасының шешімімен байқауда сабақ берудің үздік әдісін көрсетіп, үш кезең бойынша да жоғары ұпай жинаған Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Жұбатқан Таңжанов I орынға лайық деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Жеңімпаздар мен өзге қатысушыларға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Дипломы мен арнайы сыйлықтары табысталды.

Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: