Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үйде отырып оқу қалай болмақ?

06.04.2020, 9:33 659

HALYQLINE.KZ –| Бүгін IV тоқсанның бірінші сабағы басталды. Мойындау керек, бұл – білімдегі алғашқы практика. Оқушы үшін де, мұғалім үшін де. Сондықтан да бауыр еті баласы үшін ата-аналар сабақ қалай өтер екен деп уайымдап отыр. Дегенмен, оқытудың мұндай жолын көруге тура келеді. Осы ретте ата-ананы, ұстазды уайымдатқан сауалдарға жауап берсем.

АЗАННАН КЕШКЕ ДЕЙІН ТВ КӨРІП ОТЫРУ КЕРЕК ПЕ?

«Балапан» және «Еларна» қосулы болсын. Бірден айту керек, телевизиялық сабақтардың уақыты – 10 минут. Келесі 10 минут – басқа пәндікі. Кесте бар, соған сай жүреді. Бір ескеру керек, кестелер Астана уақытымен қойылған, уақыттан қалып қоймау керек.

ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТЫҢ БӘРІНЕ КІРУ КЕРЕК ПЕ?

Жоқ. Әрбір ұстаз баланы өзіне ыңғайлы платформада оқытады. Ол Daryn.online немесе Bilim.land болуы мүмкін. Әр мектеп әртүрлімен оқытып жатыр деп байбалам салудың қажеті жоқ. Таңдау құқығы бар. Мұғалім ыңғайына қарай платформаны таңдады.

WHATSAPP-ПЕН ОҚИМЫЗ БА?

Дәл қазіргі ең ыңғайлы әрі бәріне қолжетімді желі WhatsApp болғандықтан, оқушы мен ұстаздың кері байланысы WhatsApp арқылы реттеледі. Сондықтан әрбір пәнге WhatsApp группалар ашылуда. Әрине, оны реттеу мұғалімге байланысты.

БАЛАЛАРДЫ ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙДЫ?

Бұрынғыдай ұстаздар «Күнделік.кз» арқылы балаларға баға қояды. Егер жүйеге кіре алмай, әбігерге түссе, қағаз журналмен де баланың білімін бағалай алады. Яғни, осы уақыттарда мұғалім баланың сабақты игергеніне мән беруі керек.

МҰҒАЛІМНІҢ АЙЛЫҒЫ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

Қашықтан оқыту үшін мұғалім әрбір баламен жұмыс істейді. Демек, бұрынғыдай бір сыныпта отырып балаларды игергендей емес, жеке жұмыс істегендіктен, жауапкершілік екі есе. Сондықтан, айлығы тарификация бойынша төленеді. Ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ.

ШЕКТЕН ТЫС СҰРАУЛАР БОЛА МА?

Әрбір директор ұстаздардан қашықтан оқыту кезінде басы артық құжат не есеп сұрамайды. Яғни, мұғалім оқу жүктемесіне сай бағдарламаны игеріп шықса болды. Қағазбастылыққа жол берілмейді. Дегенмен, мұғалім директор үшін емес, оқушы үшін жауапты болады. Ата-анамен қарым-қатынас аса қажет. Себебі, мұғалімнің кейбір функциясын ата-ана бірлесіп атқарады.

P.S: Үй жағдайында балаға білім беру үшін мұғалімге ерекше сенім артылады. Ал, онсызда баласына сұрағанын алып беріп отырған ата-ана осы жауапты сәтте мұғалімге демеу болса, өзара түсініссе, бір тоқсанды еңсеріп шығуға болады. Әзірге бір ретке түскенше ең әуелі балаңызға, оны оқытқан ұстазға жәрдем берейік!

Абай Тағыбергеннің ФБ парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: