Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәрбиеде бірде-бір қателік жібермегеніміз абзал

10.12.2020, 10:00 581

«Ұстаздың  орны  патшадан да бөлек. Өйткені, патшаның өзі  ұстаздың  алдына отырып дәріс алады» деп шығыс­ ғұламалары айтқандай, мұғалімдердің мәртебесі, ұрпақ тәрбиесі, жалпы, ұлттық идеология туралы қазақтың ұлы тұлғаларының еңбектерін зерттей келе, көптен толғанд­ырып  жүрген ойларымды жеткізіп, қара қазақ­тың­  қамы,  ертеңгі ұрпақтың келешегі үшін ата-ана  ретінд­е  ұсыныстарыммен бөліссем деген ниетпен осы  мақала­ны  жаздым.

Мамандық атаулының төресі – мұғалім. Бір жылғы еңбектің нәтижесін егінші көреді, көп жылғы еңбектің нәтижесін тек мұғалім көре­ді. Мұғалім – білім нәрін егетін адам ғана емес, тәрбие беруші адам. Мұғалім бірінші «адам» болуды үйретеді. Содан­ соң ғана білім береді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Ең алғаш қолымызға қалам ұстатқан ұстаздарымыз, аналары­мыздай  асылдарымыз  бәрі­міздің жадымызда емес пе? Тілінен бал тамған ақын да, көк күм­безін  бағындырған ғарышкер де, ұлан-ғайыр жерімізді қорғаған  батыр да тек  ұс­тазға бас иеді емес пе? Мұғалім  кеше  қандай  болып  еді?

МҰҒАЛІМ – КЕШЕ…

Кеңес дәуірі кезінде мұғалімнің мәртебесі зор болуын­ың себебі, сол замандағы идеология мен тәртіп­тің мықтылығында деп ой­лай­мын. Ата-аналар мұға­лімге «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейтін. Мұғалімді патшадай сыйлайтын оқушы қанша ескерту естісе де, мұғалімнің бетіне қарап қарсы сөйлемейтін, әке-шешес­іне де мүлдем шағымданбайтын. Әке-шешесі бала­ның балалығын білсе, мұғалімнің сөзін сөйлейтін. «Баланың балалығын тыйдым дегенше, ержеткендегі даналығын тыйдым» дегендей, баланың қай заманда да шалалығы болған. Оған «Менің атым – Қожа» кинофильмі дәлел. Алайда Кеңес дәуірінің білім методикасының нәтижесінде біз әлемде ең алғаш ғарышқа адам ұшыр­ғанымызды ұмытпайық.

МҰҒАЛІМ – БҮГІН…

Мұғалім заман талабымен жаңашыл методика мен ағылшын тілін меңгере отырып ұстаздық қызметін ат­қарады. Ата-аналардан қорқады, баладан именеді. Отқа салса, жанбайды, суға салса, батпайды. Әлемдік білім беру стандартын игереміз деп жүгіріп жүрген жайы бар. Зам­ан көшімен ілгері жүріп келе­міз. Атқарылған еңбектердің рақымы – Елбасы сая­сатымен білікті маманның білімі бағаланып, жо­ғары жалақыға жетуі. Елбасы саясатына, еңбектерінің еленгеніне ұстаздар қауымы дән риза. Ұстаз баланы ғана емес, ұлтты тәрбиелейтінін ескерсек, ұлылардың пікірі­нен  ғибрат  алайық.

Айтыңызшы, әлемнің Аристотельден кейінгі екін­ші ұстазы Әл-Фараби бабамыз мұхиттың ар жағындағы елдер­ жапырақ жастанып жүргенде, жетпіс тіл меңгергенін қалай мойындамаймыз?

Әл-Фараби: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырық­қа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шә­кіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталық пен табандылық қажет. Өйт­кені, ұстаз тамшымен тас тесет­ін су тәрізді» деген.

Менің ұсынысым: Дәрі­герлер Гиппократқа ант берсе,­ ұстаздардың Әл-Фарабиге не Ы.Алтынсаринге ант бергені қажет сияқты. Бұл ұстаздардың жауапкер­шілігін мың есе арттырады деп ойлаймын.

Өзгенің методикасын таңсық қылмай, өзіміздің менталитетімізге сай, Алтынсарин методикасын неге жаңғыртпасқа? «Мұғалім бала­ға «2» қойса, балаға ұрыспасын, оқыта алмаған өзіне ұрыссын. Өйткені, бұл «2» – мұғалімнің өзінің өткен сабағының бағасы, егер ол сабақты қызықты өтсе, бала жақсы дайындалып келер еді» деген Алтынсарин мүл­дем әріп танымайтын қазақтың баласына 3 айдың ішінде орыс  тілін  үйреткені барша­ға мәлім. Олай болса, Алтын­сарин методикасымен қазақ тілін үйретсек, мүлдем қателеспейтін шығармыз.

Ахмет Байтұрсынов: «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші, баланың та­би­ғатын, көңіл-сарайын тани­тын адам болуы керек» дейді.

Қазақ елі қазақ қалпымен қалу керек. Ұлттық тіл, дәс­түр, діл мен дін бірінші орында тұруы қажет деп ұрандаған ұлыларымыздың бірі «Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан Жұмабаев жаст­арды тәрбиелейтін ата-ана, мектеп және орта екенін жақсы білген. Жастардың болашағы үшін талмай қызмет жасаған ақынның «Педагогика» оқулығында, педа­гогика ғылымын алғаш ғылыми жүйелеп, «Тәрбие­нің 4 түрі: дене тәрбиесі, жан тәрбиесі, сұлулық тәр­биесі, құлық тәрбиесі» деп саралап түсіндіреді. «Жапония елінде бала 11 жасына дейін барлық білімді жапон тілінде алатын болған. 11 жасқа толған соң, өзге тілді игеретін болған. Өйткені, бала ана тілінде ойлап­ сөйлеу қажет» деген тұжырым  жасаған.

«Мәңгілік ел» боламыз десек, ұстаздар қауымы Қазақстанның дамуы үшін қызмет жасайтын патриот, жаны да, қаны да, рухы да қазақ азаматтарды тәрбиелеп шығарсын. Бұл – тек бір адамның пікірі, мүмкін мен қателескен болсам, кешірім сұраймын. Алайда болашақ ұрпақты тәрбиелеуде бірде-бір қателік жібермегеніміз абзал.

Анар  ҚАРАЖАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: