«Тәрбие – тәртіптің құлы» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақталған ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, балалардың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Ал тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, іскер, бойында игі қасиеттер қалыптасқан адам тәрбиелеу. Жалпы, оқушылардың өмірінде мектептегі тәрбиенің рөлі зор. Мектептегі басты тұлға ұстаздың міндеті – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, оларды тәлім-тәрбиемен сусындату.
Қазіргі білім беру кеңістігінде сынып жетекшісі – оқушы мен қоғамды байланыстыратын маңызды тұлға. Оның негізгі міндеті тек білім берумен шектелмей, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру саналады.
Сынып жетекшісінің тәрбие саласындағы еңбегі күнделікті, үздіксіз жүргізіледі. Әрбір тәрбие сағаты, жеке әңгіме, ата-анамен байланыс – оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл – көзге көріне бермейтін, алайда нәтижесі зор еңбек.
Сынып жетекшісі – мектеп пен ата-ана арасындағы алтын көпір. Ол баланың мінез-құлқын, психологиялық ахуалын ескере отырып, отбасымен тығыз қарым-қатынас орнатады. Бұл бірлескен жұмыс оқушының дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал етеді. Оқушы үшін жанын беретін сынып жетекшілері шаршамай, дендері сау болып, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспін.
Мектеп тәжірибесінде бүгінгі күні тәрбие жоспарының түрі көп. Олардың ішінде сынып өміріне тиімдісі де, тиімсізі де бар. Кеңестік дәуірде тәрбие жұмысының мазмұны коммунистик тәрбиенің салаларына негізделген (ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, дене, т.б.). Бүгінгі күнде олай емес. Жеке адам әрекет үстінде қалыптасып, дамитындығы бізге мәлім. Олай болса, тәрбиенің мазмұны оқушылар ұжымы мен жеке тұлғаның қалыптасуындағы, олардың сан алуан әрекеттің түрлерімен байланысты.
Қорытындылай келе, тәрбие саласындағы сынып жетекшілердің еңбегі – қоғамның болашағына салынған берік негіз. Олардың үздіксіз еңбегі саналы азамат, әрбиелі ұрпақ қалыптастыруға қызмет етеді.
Гүлжахан Қожахметова,
№85 мектептің тәрбие ісі меңгерушісі.
Қармақшы ауданы
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!