Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады

25.08.2022, 16:30 655

HALYQLINE.KZ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тамамдады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.

Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің  ауқымды жобасын жалғастырды. Идеяның өзі жас ұстаздардың «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден кейін туған.  Елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті.

– Технология мен экономиканың қарқынды дамуы білім саласына қуатты серпін береді.  Бүгінгі таңда мұғалімдердің заман талабына сай болуы бұрынғыдан да маңызды.  Мұғалім – қашанда сұранысқа ие мамандық, сондықтан оның даму траекториясы жеке, бірақ әрқашан әлемдік білім беру тенденцияларына сай болуы керек, – деп педагогтердің кәсіби дамуы мен мамандықтың логикалық эволюциясының ерекше маңыздылығын Күләш Шәмшидинова атап өтті.

TEDTalk-те форумға қатысушылар мотивациялық спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды,  жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі.

 «WikiBilim» қоғамдық қорының негізін қалаушы және басшысы, сұранысқа ие Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры, интернеттің қазақтілді сегментін өзгерткен Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде:

– Әкемнің ұлттық валютаны алғаш рет үйге әкелгені есімде, біз еліміздің бірінші Конституциясын жетік білдік, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосуды армандадық. Мен бір кездері дипломатиялық мансап, журналистика, кәсіпкерлікті армандадым, осы армандарым орындалды. Бүгінде елімізде жастардың табысты болуына барлық жағдай жасалған. Мен диплом бойынша мұғалім емеспін, алайда білім беру жүйесінде жұмыс істеу – менің өмірлік таңдауым. Мұғалім әрбір адам үшін ата-анадан кейін өте маңызды тұлға, ал мектеп – әр елдегі ең маңызды институт.

«Астана» телеарнасының жұлдызды хабарларында танылған журналист, «Ретро FM», «Европа плюс», «Орда FM» радиосының жүргізушісі, актриса Майра Төлепберген білімі мен мамандығы бойынша екі ұстаздың қызы ретінде ұстаздық мамандықтың тек жүрек қалауымен таңдалатынына сенімді.

Танымал актер, отандық және шетелдік блокбастерлердің басты кейіпкері, «Параолимпиец» және «Нулевой пациент» фильмдеріндегі рөлдерімен танылған Асқар Ілиясов та ұстаздың ұлы. Баланы жақсы көргенде ғана кәсіпте жетістікке жететініне сенімді Асқар ұстаздарды оқушыдан алшақ тұратын қатал ересек емес, баламен әркез бала болуға шықырды.

«Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев NIS күшімен құрылатын жас педагогтердің қауымдастығы олардың әлеуетін кеңейту үшін үлкен кәсіби алаң екенін атап өтті. Өкінішке орай, бүгінгі таңда елімізде жас педагогтермен тікелей жұмыс істейтін, ең алдымен, озық тәжірибелермен алмасуға көмектесетін ұйым жоқ. «Мен жастар – бұл еліміздің болашағы да, бүгіні де деп айтар едім», – дейді ол.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.

– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.

Форум қатысушыларымен«галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов,«Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келіп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.  

Жеке шеберлік сабақтар өткізген Дамир Сұлтанов, Гүлдана Бұхарбаева, Темірбек Сағындықов және өзге де жас мамандар форумның нағыз каһармандарына айналды. Олар өз әріптестерін сабақты ұйымдастырудағы және жеке кәсіби дамудағы атауының өзі маңыздылығын айқындайтын – цифрлы мұғалім, сабақ форсайты, педагогикалық ангажемент, дифференция және оқытудағы лайфхактар креативті кейстермен таң қалдырды.

Рудный қаласының №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлдана Бұхарбаева педагогикалық ангажемент шеберлік сабағында білім ордасында құрылған театр жайында баяндап берді. Гүлдана креативті тәсілдердің қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамытып, пәнге деген қызығушылықты арттыратынына сенімді.

Алматылық математика пәні мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзінше, бүгінгі таңда әр мұғалім цифрлы болуы керек, бұл – сән емес, қажеттілік. Темірбек өзінің шеберлік сабағында әріптестермен пікір алмасты:

– Әлемде табысты мұғалімге қойылатын басты жеті талап бар, олардың үшіншісі – цифрлы сауаттылық және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу.

Тik-Тоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және балалардың математикаға деген қызығушылығын қолдаған Темірбектің үлгісі барлық жас мұғалімдерді шабыттандырды.

Қызылордадағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп мұғалімі Жамиля Сайлауова тарих пәніне оқушылардың қызығушылығын арттыруда жеке лайфхакпен бөлісті.  Ол сабақ барысында «Tarihi battle» әдісін қолдану арқылы оқушылардың тақырыпты толыққанды меңгеруіне мүмкіндік беріп, сыни ойлау мен шешендік дағдыларын дамытады.   

Өскемендік Алена Рахимованың бүгінгі мектептегі ең өзекті басымдығы – бағалауға арналған шеберлік сабағы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Ол топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті.

– Форум еліміздің түпкір-түпкірінен жас педагогтарды біріктіріп, оқытуды дамыту мен жақсарту бағытында үлкен тәжірибелік алаңға айналды. Үздік педагогтармен сөйлесу арқылы білім беру үдерісінде туындаған сауалдарыма жауап алдым. Және де әріптестерімнің  берген кеңестері алдағы жұмысымда үлкен көмек құралы болатыны сөзсіз, – деді  Қызылордадағы NIS мұғалімі Әділжан Науан.

Мексикадан жас педагогтер форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елінде мұғалімнің табысының басты критерийі оның мамандығына деген адалдығы деген жеке сенімімен бөлісті.

Семей қаласындағы Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына кіріп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздарының мерекелік көңіл күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсысы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді.

Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Форумның жабылу салтанатында ақтаулық Сымбат Амалова, Ақтөбе облысы Темір ауданынан Әйгерім Болатбекқызы, жамбылдық жас маман Шолпан Ақшалова, Қостанайдың Рудный қаласынан келген Гүлдана Бұхарбаева және Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының ұстазы Мағжан Жұмабай жиынның басты кейіпкерлеріне айналды. Олар Instagram-да үздік пост жазып, тақырыптық конкурстың жеңімпаздары атанды. Күләш Ноғатайқызы оларға «Lesson Study box» әдістемелік материалдар мен ресурстар кешенін табыстады.

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: