Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Ұстазым-ұлағатым!» атты Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға сала басшылары, облыс педагогтері, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы ұстаздарды мерекемен құттықтап, білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деп атап өтті.
Шәкірттеріне заманауи білім мен өнегелі тәрбие беріп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше.
Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші.
Биыл білім саласының жалпы бюджеті 262,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,8 % артты.
Жыл басынан бері 10 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймағымызда 12 300 орынға арналған 21 мектеп құрылысы жоспарланып, биыл 10-ы салынуда. Ұстаздар мерекесі қарсаңында республикамыздағы алғашқы 900 орындық жайлы мектеп Қызылорда қаласының сол жағалауынан пайдалануға берілгеніне өздеріңіз куә болдыңыздар.
Әділетті, жаңа, жасампаз Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда, қадірлі ұстаздар!
Шәкірттеріңізбен бірге шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер!» , – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада білім саласында қажырлы еңбек етіп, жетістіктерге жеткен бірқатар ұстаздар Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, министрліктің және Қызылорда облысы әкімінің «Алғысымен» марапатталды.
Жақында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жан-жақты дамыту мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынған 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы ел игілігіне табысталды. Онда соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттер қарастырылған.
Спорт,қолөнер және қолданбалы өнер, музыка-хореография, техникалық- шығармашылық,әлеуметтік ғылымдар негізінде 50-ге жуық үйірме өз жұмысын бастады.
Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи үлгідегі үстел теннисі орталығы қолданысқа берілді. Жаңа спорт кешенінде 16 үстел теннисі, 350 орындық көрермендер және жаттығу залы бар.
Жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы физика-математика мектеп-интернаты, жеке инвесторлар есебінен Арал ауданы, Ақшатау ауылында 60 орындық, Тоқабай ауылында 100 орындық мектептер, 2 мектеп жанынан қосымша ғимарат, Жаңақорған ауданында 1 қосымша білім беру ұйымы пайдалануға берілмек.
Сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимаратының құрылысы қарқынды жүруде. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан Инновациялық- шығармашылық академиясының құрылысы басталды. Әлемдік қауымдастықтан ойып орын аламыз десек, жастарымыз білімді, озық ойлы, интеллектуалды болуы керек.
Мемлекет басшысының басты талабы – заманауи білім беру ошақтарын көбейту, мұғалім мен оқушыға барынша жағдай жасау. Бұл ретте, жаңа құрылыс нысандарынан бөлек, тозығы жеткен мектептерді де жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде.
Биылдың өзінде 3,1 млрд теңгеге 8 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы 2 мектепке 375 орындық қосымша құрылыс, жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қаласындағы №4 мектепке 300 орындық оқу корпусы мен 100 орындық асхана, Қармақшы ауданында №284 мектеп-интернатына спорт залы, Жаңақорған ауданында №255 мектепке спорт залы мен 20 орындық асхана салынды.
Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Облыс аумағындағы мектептердің барлығы 100% бейнебақылау камерасымен қамтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!