Қазіргі таңда оқушылардың телефонға тәуелділігі үлкен мәселеге айналды. Сабақ үстінде әлеуметтік желілерге үңілу, ойын ойнау, түрлі бейнеролик көру – білім алуға кедергі келтіретін басты факторлардың бірі. Осыған байланысты Қызылорда қаласында орналасқан К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясы оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында мектеп ішінде телефон пайдалануға шектеу енгізді.
Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Оқушылар үшін қаншалықты тиімді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен және оқушылармен тілдесіп көрдік.
ТЕЛЕФОНДЫ ТАПСЫРУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
№235 мектеп-гимназиясында оқушылар таңертең мектепке кірген кезде телефонын арнайы жәшікке салады. Кіреберісте тексеру жүргізіледі, осылайша ешкім телефонды жасырын алып кіре алмайды.
Кейде оқушыларға ата-анасымен байланысу қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар мектеп әкімшілігінен рұқсат алып, қоңырау шалып, кейін телефонды қайтадан орнына қояды. Сабақ аяқталған соң ғана телефондары қайтарылады. Бұл жүйе мектептегі тәртіпті күшейтіп, оқушылардың оқу процесіне толықтай көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аягөз Сайлиханқызы бұл жүйенің маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі уақытта оқушылардың басым бөлігі мектепке келіп білім алудың орнына ұялы телефонның қызығына кіріп, түрлі әлеуметтік желіде көрсетілетін жағымды және жағымсыз ақпараттармен уақытын босқа өткізіп жатқаны баршамызға аян. Ал ұялы телефон қолданып отыратын оқушылардың білімі қандай деңгейде болатыны да белгілі. Білім ордасына келген әрбір оқушы жан-жағына алаңдамай, тек сапалы білім алуы ғана тиіс. Сондықтан мектептің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес бұл қоғам дертінің алдын алу мақсатында осы жүйені енгізуді жөн көрдік, — деді ол.
ТЕЛЕФОННАН ТЫЙЫЛУ ОҚУШЫЛАРҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?
Дәл осы сұрақты спикерге тағы да бағыттадық. Ол өзгерістерге кеңінен тоқталды.
– Иә, телефондарды жинағаннан кейін оқушылардың тәртібі біршама өзгерді. Бұрын сабақ кезінде телефонға үнемі үңіліп, алаңдаушылық байқалатын. Ал қазір сабаққа толық назар аударып, сыныптастарымен еркін әрі ашық әңгімелесіп, бір-біріне көбірек көңіл бөледі. Уақыттарын тиімді өткізумен қатар, әр оқушының сабаққа деген жауапкершілігі артып, тәртібі жақсарды, — деп қоса кетті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
«Бұл жүйені одан әрі жетілдіру жоспары бар ма?» деп тағы да сұрақ қойдық.
– Әрине, біз бұл жүйемен тоқтап қалмаймыз. Мысалы, мектеп қабырғасында оқушылар өзін телефонсыз еркін сезіну мен әлеуметтік қарым-қатынастарын жақсарту үшін түрлі қызықты іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, балаларымыздың кез келген сында ұялы телефонға емес, өз білімі мен қабілетіне сеніп, жоғары нәтижеге жету үшін бұл жүйені одан әрі жетілдіруге күш жұмсап жатырмыз, — деп нақтылай түсті А.Сайлиханқызы.
ТЕЛЕФОН КӨП ҚОЛДАНАТЫН КЕЗДЕ ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚТАР БОЛДЫ?
Ал 9 «А» сынып жетекшісі Гульфат Ахметова оқушылардың сабаққа деген ынтасы артқанын айтады. Сондықтан, «мұны әлі де жалғастыра түсу керек» деп санайды.
– Иә, телефонды тастап кету оқушылардың сабаққа деген қызығушылығына айтарлықтай әсер етті. Телефонсыз оқушылар тек сабаққа назар аударып, оған толықтай зейін қояды. Әлеуметтік желілер мен басқа да алаңдататын факторлардан арылып, оқу процесіне тереңірек бойлауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде сабақты тиімді әрі қызықты етіп өткізуге септігін тигізеді, — деді ол.
Одан соң «Телефон көп қолданатын кезде қандай қиындықтар болды?», «Бүгінгі балалардың назарын ұзақ ұстап тұру қиын ба?» деген сынды сұрақтар қойып көрдік.
– Бұрын телефон көп қолданатын кезде ең басты қиындық сабаққа деген назардың төмендеуі болды. Әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаға тәуелділік оқушылардың ойлау қабілетіне, зейініне және сабаққа деген ынтасына кері әсер етті. Үзіліс кезінде де телефоннан қол үзбеу салдарынан оқушылар бір-бірімен шынайы қарым-қатынас орнату қиынға соқты.
Қазіргі балалар үнемі жаңа технологиялармен, гаджеттермен тығыз байланыста болғандықтан, олардың назарын ұзақ ұстап тұру қиынға соғатыны жалған емес. Сондықтан, менің ойымша сабақты қызықты түрлі әдіс-тәсілді қолдана отырып өткізу мұғалімнің біліктілігі мен тәжірибесінің еншісінде деп ойлаймын, — деп сөзін қорытындылады ол.
СМАРТФОН ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП КІТАП ОҚУ МҮМКІН ЕМЕС
Содан кейін біз 11 «А» сынып оқушысы Аружан Төлегенді сөзге тарттық.
– Телефонды тапсырғанда қандай сезімде боласың?
– Телефон тапсырған кезде алғашында ыңғайсыздық сезіледі. Себебі, қазіргі таңда жасөспірімдер ғана емес, барлық жастағы адамның телефонға әуестігі артып тұр. Бірақ білікті ұстаздарымыз сабақты өте сапалы әрі қызықты етіп өткізген соң, телефонға деген тәуелділігіміз сәл де болсын жойылды.
– Бұл ереже сен үшін пайдалы ма, әлде ыңғайсыз ба?
– Бұл сұраққа ойланбастан «өте пайдалы» деп айта аламын. Мысалы, смартфон пайдалана отырып кітап оқу мүмкін емес. Себебі, қолда ұялы телефон болған кезде еріксіз әлеуметтік желілерге кіріп, қайта шығуымыз қиындық тудырады. Ал телефонсыз зейінімізді тек сабаққа қойып, мектеп қабырғасындағы түрлі іс-шараға қатысқан кезде уақытымыз тез әрі пайдалы өтетінін сезіндім.
– Телефонсыз сыныпта қарым-қатынас өзгерді ме?
– Бұл жүйе енгізілместен бұрын, үзіліс басталғанда әр оқушы бір-бір телефонды құшақтап, онлайн достарымен хат алмасып отыратын. Ал бүгінде жағдай мүлде басқаша. Қол ұстасқан құрбылар, шүйіркелескен достар мектеп дәлізінде сергіп жүреді. Сондықтан смартфонсыз өмірдің пайдалы да қызықты жақтарын сезіндірген мектеп басшылығына алғысымды білдіргім келеді.
Осылайша, телефонды шектеу жүйесі оқушылардың тек білімге зейін қоюына ғана емес, психологиялық жағдайына да оң әсерін тигізіп отырған секілді.
Білім – басты құндылық. Ал білім алу процесінде телефон тек қосымша құрал болуы тиіс, негізгі назар – білім мен тәртіпке арналуы шарт. Осыған орай, оқушылар да «Біз мектепке білім алуға келеміз» деген қағиданы есте ұстап келе жатқандай. Телефонсыз мектеп – білім алуға деген шынайы ықылас пен жауапкершіліктің көрсеткіші. Бәлкім, көп ұзамай «Телефонсыз мектеп» білім беру жүйесінің жаңа стандартына айналып қалар…
Ақниет ӨТЕГЕН,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың 4-курс студенті
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!