Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шөп тамыры» бағдарламасының шарапаты

27.10.2021, 10:20 598

HALYQLINE.KZ  Жапонияның «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы аймағымыздағы әлеуметтік нысандардың жұмысы жанданып жатыр. Бөлінген гранттардың көмегімен қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясы шатыры жөнделіп, №4 ІТ мектеп-лицейінде барлық есіктері мен терезелері жаңартылды. Ал №176 орта мектеп ғимараты заманауи пластик терезелерге ауыстырылды. Осы орайда жобалардың жай-жапсарымен жақынырақ таныспақ ниетпен Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, атташе Томоя Ёкоэ мен «Шөп тамыры» халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото осы нысандарға арнайы ат басын тіреді.

Жапон елшісінің жұмыс сапары №176 орта мектебінен басталды. Грант бөлінгенге дейін бұл ғимараттың терезелері ескі күйде әрі оқушылар үшін қауіпті болған. 2020 жылы «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы ұтып алынған 50 571 АҚШ долларына ғимараттың барлық терезелері ауыстырылды. Делегаттарға мектеп тарихы мен атқарылып жатырған жұмыстар жайы таныстырылды. Мұнан соң Жапония елінің өкілдері №4 ІТ мектеп-лицейінде болды. Қайтарымсыз қаржылай көмек алған бұл білім ошағы 74 983 АҚШ долларына ғимараттың барлық есік, терезелерін жаңартқан. Елші ғимарат ішін аралап, істелген жұмысқа жақсы баға берді.

Жапония елшісі Джун Ямада одан кейін қаламызда тұңғыш ашылған №1 мектеп-гимназиясына барды. Қалтай Мұхамеджанов атындағы бұл мектеп те Күншығыс елі ұсынған гранттың көмегімен жаңа кейіпке енді. 76 550 АҚШ доллар қаржыға білім ошағының шатыры жаңартылды. Көңілі толған қонақтарға басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы алғыс айтып, ризашылық сезімін білдірді.

Ақзира Бақтыбайқызы «Шөп тамыры» бағдарламасына тағы бір білім ошағы өз жобасымен қатысуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Қаламыздағы №264 мектеп-лицейі балалар тасмалы үшін грант байқауына қатыспақ. Жапон елшілігінен келгендер аталған оқу ордасын да аралап көрді. Алдағы уақытта құжат дайындау, саралау, сараптау жұмыстары күтіп тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: