Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданында қосымша оқу ғимараты ел игілігіне табысталды

31.12.2024, 8:25 130

HALYQLINE.KZ

Шиелі кентінде орналасқан №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназия жанындағы қосымша оқу ғимараты ұстаздар мен шәкірттер игілігіне берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы бойынша «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында «Мектептегі орын тапшылығын жою – өте маңызды міндет. Адам капиталы – ең басты байлық. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді деп жоспарланып отыр.

Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Оның бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет» деген болатын.

Осы талап үдесінен шығу үшін Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында, облыс әкімінің бастамасымен Сыр өңірінде соңғы жылдары байыпты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асты.

Бүгін міне, облыстық бюджеттің 625,6 млн теңге қаржысына салынған №252 мектеп-гимназия жанындағы 375 орындық қосымша оқу ғимаратының ашылу салтанатына жиналдық.

Аймақ басшысының бастамасымен оқушыларға жайлы жағдай жасау үшін үш ауысымдық оқытуға көшуі мүмкін мектептердің сыйымдылық қуаттылығын арттыру қолға алынды. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру басты мақсат болып қала бермек.

Ғасырдан астам тарихы бар, іргелі оқу ордасы еліміздің, аймағымыздың өркендеуіне қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп, қанат қақтыратынына сенім мол», – деді филиал төрағасы.

Еске салайық, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынды. Сондай-ақ, өңірде «Жайлы мектептердің» құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Салтанатты ашылу рәсімінде Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобаға тоқталып, оқушылардың қолайлы ортада білім алуы үшін аймақ басшысының көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: