HALYQLINE.KZ Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен өткен «Мың бала» Ұлттық Зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын қабылдап, озат оқушыларды жеңісімен құттықтады.
Шарада шаһар басшысы жастардың сапалы білім алуы, ғылыммен айналысуы бүгінгі күннің басты талабы екеніне тоқталып, зияткер балғындарға болашағымыз баянды болуы үшін білімдерін одан әрі шыңдап, ел үшін қызмет ететіндігіне зор сенім білдіретіндігін жетікізді.
Ұлттық олимпиадада үздік шыққан оқушының бірі – Ақниет Қуаныш. Ақниет бұған дейін Қызылөзек ауылдық округіндегі №39 орта мектепте білім алған. Білім бәйгесіндегі жеңісі арқылы биылдан бастап қаладағы дарынды балаларға арналған №4 Дарын мектебінде білімін шыңдауға мүмкіндік алды. Жиында өз қуанышымен бөліскен олимпиада жеңімпазы мұндай жетістікке жетуіне себепкер болған өз ұстаздарына алғысын білдірді.
Айта кетейік, Республикалық «Мың бала» Ұлттық Зияткерлік олимпиадасына еліміздегі 5-6-сынып оқитын барлық оқушы қатысып, бақ сынады. Аталған білім бәйгесінде Қызылорда қаласына қарасты ауылдық елді мекендерде орналасқан 13 мектептің білім алушылары да сынға түсті. Оқушылар олимпиадасының ақтық кезеңіне қызылордалық 31 оқушы жолдама алып, оның ішінде 7-еуі білімімен дараланып, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың үшеуі Елбасы медалімен марапатталып, жетеуі де қаламыздағы Білім иновация лицейі, Н.Назарбаев зияткерлік мектебі, дарынды балаларға арналған №4 Дарын мектебіне конкурсыз жолдама алды. Қазіргі таңда екі оқушы өз білімін аталған білім ұяларында шыңдап жатса, қалған бес оқушы мұндай мүмкіндікке 6-сыныпты аяқтаған соң ие болмақ.
Жиын соңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаламызда білім мен ғылымды жандандыруда жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып, жылда қаламызда жаңа білім ошақтары пайдалануға беріліп, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуда үлкен жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын, мұның барлығы жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына бағытталған келелі істер екенін атап өтіп, білім додасында дараланып, жеңімпаз атанған 7 оқушыға ноутбук беріп, дипломдар табыстады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!