Білім саласындағы мәселелер негізінен оқу жылымен есептеледі. Осы жылы орын алған өзгеріс ретінде 2026 жылы енгізілгелі жатқан жаңа білім стандартының жобасын айтар едім. Қазір 2016-2017 жылғы Сәрінжіпов-Сағадиев тандемінен туған сәтсіз бағдарламамен оқып жүрміз. Ал жаңа жоба қазіргіден де төмен деңгейде секілді көрінді. Онда «үш тілде білім беру» ұғымы «көп тілді білім берумен» алмастырылған. Біз қазірдің өзінде үш тіл мен екі әдебиет оқытамыз. Олардың жалпы жүктемесі сағаттың 40 пайызынан асады. Енді үш тіліміз көп тілге айналса, онда мектептерді тіл үйрету орталығы етіп өзгерте салу керек шығар. Тіл үйрену – қабілетіне және қызығушылығына қарай әр адамның жеке шаруасы. Мемлекет жұрттың тіл үйренуіне емес, базалық білім алуына жағдай жасау қажет. Көп тіл деп, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон, бәрін бұрқыратып, факультативтерді кіргізген күннің өзінде арғысы тек ақша игеру болып кетеді.
Тілден бөлек, Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы вице-президентінің сөзіне және жоғарыда айтылған құжатқа қарасақ, алгебра мен геометрия бірігіп математика болмақ, химия, физика, биология үшеуі қосақталып жаратылыстану пәні аталмақ. Ал дүниежүзі тарихы және құқық негіздері бірігіп, әлеуметтік ғылымдар пәні болады екен. Өзім химик, 15 жылдық тәжірибесі бар мұғалім ретінде қатты таңғалдым. Мұндай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды. Пәнаралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталуы тиіс. Онсыз да сапа сын көтермей жатқанда бөлек ғылымдарды біріктіріп қойсақ, арғысы не болады? Оқулық ше? Кім сабақ береді? Қанша шебер химик болса да, биологияны оқытуға деңгейі жетпейді. Дәл солай кез келген пән ұстазының сауаты өз саласымен шектеледі. Әмбебап ұстазды қайдан таба қаламыз? Осы секілді құқық пен тарихтың да екі түрлі ғылым екені белгілі.
2024 жылы басқа жаңалық болған дүние байқалмады. Сондықтан білім саласының базалық мәселелері жақын жылдары шешіледі деп күте алмаймыз.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
педагог, «Qazbilim» ұлттық лицейінің негізін қалаушы.
«Жас Алаш» газеті (26.12.2024ж)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!