Бейсенбінің таңында бірнеше БАҚ өкілі Арал-Қазалы аудандарына баспасөз турына шығуды бастадық. Мақсат — білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көру, мектептер мен балабақшалардың жай-күйімен танысу. Дегенмен, ойда эксклюзив ақпарат болса, тасада қалдырмай, аудиторияға суытпай ұсыну керек дегенді санадан шығармадым. Солай Арал кентіндегі №14 мектеп-лицейінің жаңалығына тап болдық.
Айнұр Майханова — осы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Таңғаларлығы сол, әйел заты бола тұра ол бұл жұмысын жақсы көреді. Естуімізше, басында мектепте еден жуушы болып қызмет атқарған. Кейін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын оқып шыққан соң, сол мектептің оқушыларына дене шынықтыру пәні бойынша сабақ беріп бастаған.
– Ең алғаш қысқы президенттік көпсайыстарға барып жүрдік. Содан гір тасын көтеруді бастадым. Оған басында бәрі қарсы болды. 4-5 жылдан бері осы спорт түрі қызықтырып, түгелдей осыған келдім. Өзбекстанда өткен байқаудан екі дүркін Азия чемпионы атандым. Одан бөлек әлем чемпионатында қола жүлде иелендім. Осы спорттың арқасында біраз елдің спорт саласының үздіктерімен танысып, спортсүйер қауыммен байланысымды арттыра түстім, – деді кейіпкеріміз Айнұр Майханқызы.
Азия чемпионы тек спорт саласында ғана емес, нағыз ісмер маман ретінде талай жүлдені иеленгенін байқатты. Оның қолынан шыққан қазақы әшекейлер мен киім-кешектер, ұлттық ұстынды көрсететін бірегей туындылар бір мұражайды толтырарлық екен.
– Қолөнер ісімен бала кезімнен айналысамын. Түрлі киім үлгісін пішіп, тігіп жүрдім. Өз хоббиімді мамандығыммен қатар тең дәрежеде жүргізіп келе жатырмын. Сол өнерімді оқушыларға үйретіп, қолөнер үйірмесінің жұмысын бастадық. Сонымен бірге бастауыш сынып оқушыларына «5 асық» үйірмесін өтіп жатырмын. Ал 7-сыныптың оқушы қыздарына тігін тігудің қыр-сырымен бөлісіп, әшекей-бұйым жасау, түрлі стиьлдегі киімді пішіп, тігу ісін көрсетіп жүрген жайым бар. Қазақы құндылықты бойына сіңіріп өскен қыз баласы қайда болса да өз ұлтын, дінін, білімін ұмытпайды деп ойлаймын. Сол үшін осы жұмыстар негізгі жұмысыма айналды, – деді ісмер Айнұр Майханова.
Педагогтің әріптестері ол туралы жақсы пікірде. Мектеп директоры Хадиша Орынбасарова дене шынықтыру пәні мұғалімінің осындай жетістікке жеткеніне қуанышын білдіріп, өзгелерге үлгі етеді. Һәм оның үйірмені үйретуі мен саладағы жұмысына жоғары баға берді.
Айта кеткен жөн, №14 мектеп-лицейінде 1221 оқушы білім алуда. Ондағы педагогтер саны – 105. Категориялық бөлінісі бойынша, педагог-шебер — 1, педагог-зерттеуші — 25, педагог-сарапшы — 24, ал педагог-модераторлардың үлесі 27-ні құрайды.
Ауданда осы секілді мықты мамандар көбейе берсе, көпке үлгі болғалы тұр. “Жақсылықты бөліссең, көбейеді” деген тәмсілге әрекет еттік. Әрекет түбі – берекет.
Ердәулет ҚАЛИЕВ,
Арал ауданы
Суреттер автордың Instagram парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!