Жаңа оқу жылында аймағымыздың мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) оқушылардың саны артты. 2021-2022 оқу жылында инклюзивті сыныптарда 1000 мыңнан астам ерекше бала оқыса, биылдың өзінде олардың саны 2000 мыңға жуықтады. Бұл мектептерде ерекше жағдай жасау және жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың арқасында мүмкін болып отыр.
-Ерекше балалардың білім беру мекемесіне кедергісіз кіруі үшін пандустар, тактильді жолдар, арнайы тұтқалар және басқа да құрылғылар орнатылды. Мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілген, олар ерекше балалардың білім беру ұйымдарына бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар мемлекеттік стандартта оқу жоспарлары мен бағдарламаларының вариативтілігі мен икемділігі қамтамасыз етілген. Олар ерекше білім беруді қажет ететін баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.
Сондай-ақ, «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді. Оларға әртүрлі экономикалық (аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан балалар), әлеуметтік себептермен (мигранттар, кандастар және т.б.), соның ішінде денсаулығына байланысты оқуда қиындықтарға тап болған балалар жатады.
Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз ету кіреді. Қабылдау ережелерін бұзғаны және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуда арнайы жағдай жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі күшейтілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!