Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі тиімді жұмыс істеуде

09.08.2022, 12:30 459

HALYQLINE.KZ Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – экономиканы да­мы­ту­дың бірден-бір жолы. Бұл механизм мемлекет пен бизнестің өзара пайдалы ынтымақтастығын арттырып, ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартуға және қажетті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда аймағымызда білім саласы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі жақ­сы жұмыс жасап, 6 жоба жүзеге асырылуда» деп хабарлайды Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі.

Атап айтқанда бюджеттен қаржы бөлінетін 2 жоба Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында орналасқан 320 орынға арналған балабақша мен қаламыздағы СПМК-70 мөлтек ауданындағы 320 орындық балабақша тиімді қолданылуда. Ал бюджеттен қаржыландырылмайтын 4 жоба Жалағаш ауданы, Таң ауылдық округінде 90 орынға арналған балабақша мен Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 90 орындық «Рауан» инклюзивті балабақшасы және «Студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету» жобалары жұмыс істеуде.

– Таң ауылдық округіндегі 90 орынға арналған балабақша ашу жобасы 2017 жылы 10 жылдық мерзімге, Әйтеке би кентіндегі 90 орындық «Рауан» инклюзивті балабақшасын ашу жобасына 2018 жылы 10 жыл мерзімге келісімшартқа отырғызылған. Ал қаламыздың сол жақ жағалауы мен СПМК-70 мөлтек ауданындағы 320 орынға арналған балабақшалар жобасы 2019-2020 жылдары 10 жыл мерзімге келісімшарт жасалынды. Аталған жобалар жеке инвестордың қаржысы 5 жылда толық қайтарылып, балабақша ғимараты мемлекет меншігіне берілетін болады, – деді облыстық білім басқармасының эканомика және қаржы, стратегиялық даму бөлімінің басшысы Ернат Алпысбаев.

Сондай-ақ, студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. 2019 жылы «Дильмаш» ЖШС-мен Қызылорда медициналық колледж студенттеріне 330 орынға арналған жатақхана пайдалануға берілсе, ЖК «Сүйеніш» жеке кәсіпкерімен 2020 жылы М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық және С.Ысқақов атындағы құрылыс бизнес колледждері студенттеріне 400 орындық жатақхана құрылысын пайдалануға берілді. Бұл жобалар ҚР Білім және ғылым министрлігінің АҚ «Қаржы орталығы» арқылы бала санына сәйкес республикалық бюджеттен қаржыландырылуда.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында Б.Құлтекенов көшесінің бойынан 1500 орындық мектеп балаларға есігін айқара ашады. Заман талабына сай жабдықталған еңселі білім ордасы жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынуда. «Байтерек School KZ» ЖШС-нің жауапкершілігіндегі жеке білім ұясы барлық заманауи құрылғылармен жарақталып, бір мезгілде 1500 оқушыны қабылдай алады. Ең бастысы жеке мектеп болса да, білім беру ақысыз негізде жүргізілмекші. Өңірдегі үш ауысымдық оқуды азайту мақсатында Сабалақ елді мекенінен де 400 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілетін болады. Қалаға қатынап білім алып жүрген оқушылар енді жаңа технологиялармен жабдықталған сыныптарда сапалы білім алады. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынған мектеп екі ауысымда 500 оқушыға дейін қабылдайды деп жоспарланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: