Білім – мемлекеттің болашағы. Ал білімнің сапасы тікелей мұғалімдерге байланысты. Дегенмен, қазіргі таңда Қазақстандағы педагогтар сан алуан қиындықпен бетпе-бет келуде. Бұл олардың кәсіби және жеке өміріне ғана емес, жалпы білім беру жүйесіне де әсер етуде. Мұғалім – тек сабақ беруші ғана емес, ол оқушыға бағыт-бағдар көрсететін, болашаққа жол сілтейтін тұлға. Бірақ қоғам мұғалімдердің осындай жауапкершілігін толық түсіне бермейді. Мұғалімдердің кәсіби беделінің төмендеуі, олардың әлеуметтік жағдайының нашарлығы, білім беру жүйесіндегі артық қағазбастылық – барлығы қазіргі мұғалімдердің жұмыс сапасына әсер ететін факторлар. Олардың жұмысы көбіне көрінбейтін еңбек ретінде бағаланатыны өкінішті. Бүгінгі мақалада ұстаздардың білім беру жүйесінде кездесетін бірқатар мәселесін қозғайтын боламыз.
МҰҒАЛІМНІҢ МІНДЕТІ – БІЛІМ БЕРУ МЕ, ЕСЕП БЕРУ МЕ?
Қазіргі таңда мұғалімдердің негізгі міндеті – білім беру емес, түрлі есеп-қисап толтыру болып кеткендей. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мұғалімдердің 30%-дан астамы уақытын есеп беру, журнал жүргізу, оқу жоспарларын рәсімдеуге жұмсайды. Бұл құжаттар көбіне қағаз жүзінде емес, электрондық форматта толтырылуы тиіс болғанымен, мұғалімдер екі жақты жұмысты қатар атқарады. Осыған байланысты педагогтар өздерінің тікелей жұмысына – балаларға білім беруге аз уақыт бөледі. Бұл жүйе мұғалімнің кәсіби міндеттерін екінші орынға ығыстырып, оларды тек құжат толтырушы ретінде көруге мәжбүр етеді. Әлемдік тәжірибеде мұндай жүктемелер арнайы әкімшілік қызметкерлер арқылы жүргізіледі, ал Қазақстанда бұл үрдіс әлі де толықтай жолға қойылмаған. Сондықтан, мұғалімдер өздеріне тән емес жұмыстарға уақытын жоғалтып, оқыту сапасына қажетті көңіл бөле алмайды.
ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ МҰҒАЛІМДЕР НЕГЕ АРТТА ҚАЛУДА?
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда мұғалімдердің көпшілігі жаңа технологияларды пайдалануда қиындықтар туындағанын айтады. Ұлттық педагогикалық зерттеу институты 2019 жылы жүргізген сауалнама нәтижесінде, респонденттердің 35%-ы кәсіби дағдыларын арттыру мәселесіне байланысты үлкен кедергілерге тап болатынын айтқан. Арада 5 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Бұл жағдай, әсіресе ауылдық мектептерде айқын байқалады. Сонымен қатар, «UNESCO» жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанның мұғалімдері онлайн оқыту мен цифрлық платформаларды қолдануда әлемдік деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен тұр. Мұндай жағдай білім сапасына әсер етіп, мұғалімдердің жұмысы қиындауының бір себебі болуда. Мұны шешудің бірден-бір жолы – цифрландыруды күшейту, мұғалімдердің қағазбастылық жүктемесін азайту, қосымша әкімшілік қызметкерлерді тарту арқылы оларды өздеріне тән емес жұмыстардан босату десек, педагогтар тарапынан бұл жүйеге көзқарас қандай? Толығырақ Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің оқытушысы Ләззат Серікбекқызы тарқатсын.
– Мен үшін кәсіби дамудағы басты қиындық – ауылдық жерлерде қолжетімді ресурстардың аздығы. Біліктілікті арттыру курстары көбіне қалада өтеді немесе онлайн форматта ұсынылады. Бірақ ауыл мұғалімдері үшін интернеттің тұрақсыздығы, техникалық құралдардың жетіспеуі секілді мәселелер бар. Оның үстіне, онлайн оқытуға қажетті дағдыларды игеру де оңай емес.
«UNESCO» зерттеу нәтижелері біздің осы салада артта қалып отырғанымызды көрсетіп отыр. Қазақстан мұғалімдерінің цифрлық платформаларды қолдану деңгейі әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екені – алаңдатарлық жайт. Себебі қазіргі заманғы білім беру жүйесі технологиялармен тікелей байланысты. Егер біз заманауи әдістерді меңгермесек, оқушыларға сапалы білім беру мүмкіндігіміз шектеледі. Бұл, әсіресе, ауыл мектептерінде қатты сезіледі, өйткені мұнда мұғалімдерге әдістемелік қолдау мен заманауи оқыту құралдары аз жетеді.
Кәсіби дағдыларды дамытуға кедергі көп болғандықтан, мұғалімдер өз бетінше ізденуге мәжбүр. Бірақ бұл әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан мемлекет тарапынан мұғалімдерге, әсіресе ауыл ұстаздарына цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған нақты қолдау шаралары қажет. Егер біз мұғалімдердің біліктілігін жүйелі түрде арттырып, оларды заманауи білім беру технологияларымен толық қамтамасыз етсек, бұл оқушыларымыздың да болашағына оң әсерін тигізері сөзсіз, – дейді ауыл мұғалімі.
АУЫЛ ҰСТАЗДАРЫНЫҢ АХУАЛЫ
Ауылдық жерлерде мұғалім тапшылығы да – үлкен мәселе. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, химия, физика, математика және шет тілдері пәндерінің мұғалімдері тапшы. Бұл білім беру сапасының төмендеуіне, оқушылардың қажетті білім ала алмауына алып келуде. Әсіресе шалғай ауылдарда, қалалық типтегі елді мекендерде мамандардың жетіспеуі білім беру сапасын одан әрі нашарлатады. Ауылға барған жас мұғалімдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенімен, бұл ұзақмерзімді шешім емес. Өйткені жастардың көпшілігі әлеуметтік жағдайдың төмендігі, инфрақұрылымның жетіспеушілігі сияқты себептермен ауылда ұзақ уақыт жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан, ауылдық жерлердегі мұғалімдерге қосымша әлеуметтік көмек көрсету, жас мамандарды тарту үшін гранттар мен көтерме төлемдер жүйесін енгізу – бұл саланы дамыту үшін маңызды қадам болмақ.
Цифрландырудың жоғары деңгейі білім беру жүйесінің тиімділігін арттырады, бірақ бұл үдеріс барлық мұғалім үшін бірдей қолжетімді болмауы мүмкін. Қазіргі уақытта елімізде білім беру мекемелері арасында цифрлық теңсіздік бар. Мұғалімдердің барлығы да жаңа технологияларды толық меңгермеген. Осы орайда кәсіби даму мүмкіндіктерінің шектеулі болуы да – үлкен мәселе. Көптеген мұғалім өз білімдерін жетілдіру үшін қосымша курстарға бара алмайды, себебі олар қымбат немесе қолжетімсіз. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған курстардың көбі тек ірі қалаларда өткізіледі, бұл шалғай өңірлердегі педагогтар үшін қиындық туғызады. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби дамуы көбіне олардың жеке бастамасына байланысты болып отыр. Егер мемлекет мұғалімдерге арналған тегін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, шетелдік тәжірибені меңгеруге мүмкіндік беретін алмасу бағдарламаларын дамытса, бұл білім беру сапасын арттыруға септігін тигізері анық.
ЕҢБЕКАҚЫ ЕҢБЕККЕ САЙ БАҒАЛАНА МА?
Тағы бір өзекті мәселе – мұғалімдердің жалақысы. Мұғалім мамандығы бұрын беделді саналатын. Алайда бүгінгі таңда олардың еңбекақысы қоғамның өмір сүру деңгейіне сай келе бермейді. 2023 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-350 мың теңге аралығында, бұл басқа салалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Білім және ғылым министрлігі 2023 жылы жасаған ресми есепте мұғалімдердің жалақысы қаладағы ұстаздарға да ауыртпалық түсіреді деп көрсетілген. Айта кету керек, көптеген мұғалім пәтер жалдап тұрады, ал Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда баспана мәселесі өте күрделі. Мұғалімдердің жалақысы өз өмір сүру деңгейіне сай келмеген жағдайда, бұл тек олардың кәсіби мотивациясына ғана емес, қоғамдағы педагогтардың беделіне де теріс әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жалақының көтерілуіне қарамастан, инфляция деңгейінің жоғары болуы бұл өсімді жоққа шығарып отыр. Мұғалімнің айлығына пәтер жалдау, тұрмыстық қажеттіліктер, балалардың шығындары сияқты күнделікті тұрмыстық мәселелерді қосқанда, қаржылық қиындықтар туындайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, дамыған елдерде мұғалімдердің жалақысы жоғары, оларға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл – тек қаржылық мәселе ғана емес, жалпы мамандықтың беделіне әсер ететін фактор. Егер мемлекет мұғалімдердің жалақысын инфляция деңгейіне сәйкестендіріп, біліктілігі мен тәжірибесіне қарай қосымша әлеуметтік жеңілдіктер енгізсе, бұл білім беру саласындағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Оқушылардың тәртіп мәселелері мен мұғалімге деген құрметтің төмендеуі де – бүгінгі таңдағы күрделі проблемалардың бірі. Соңғы жылдары мұғалімдерге деген құрмет төмендегені байқалады. Кейбір жағдайда оқушылар тарапынан агрессия, мұғалімнің беделін түсіру әрекеттері болуда. 2024 жылдың қаңтар айында Түркістан облысында мұғалімдер мен оқушылар арасында жанжал туындап, бұл мәселенің өзектілігін көрсетті. Бұл жағдай білім беру жүйесінде тәрбие жұмысының әлсіздігін, ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарамауын, сондай-ақ оқушылардың моральдық-этикалық құндылықтарының өзгеруін көрсетеді. Бүгінде қоғамда мұғалімдерге қатысты көзқарас әртүрлі. Кейбір ата-ана мұғалімді тек білім беруші ретінде ғана емес, баланың барлық мәселесіне жауапты тұлға ретінде қарастырады. Осыған байланысты мұғалімдер оқушылардың ата-аналармен жиі түсініспеушілікке тап болады.
СЕМЕЙДЕГІ САЛҒЫРТТЫҚТАН САБАҚ АЛДЫҚ ПА?
Ата-ана мен оқытушы арасындағы бедел, түсіністікті былай қойғанда, соңғы тараған оқыс оқиға баршаға мәлім. Еске салайық, өткен жылдың 21 желтоқсанында Семей қаласындағы №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев қалалық жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Ол басынан қатты соққы алып, жансақтау бөліміне түскен болатын. Екі күннен кейін ғана есін жиып, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалаған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, мұғалімдердің кәсіби міндетінен тыс жұмыстарға тартылуы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелерін қайта көтеруге түрткі болған еді. Оқиға болғаннан кейін Абай облыстық білім басқармасы Семей қаласының үш мектебінен мұғалімдер жаңажылдық шыршаны безендіру жұмыстарына тартылғанын мәлімдеді. Яғни, мектеп әкімшілігі ұстаздарды өздеріне тән емес жұмыстарға жұмсаған. Министрліктің бұл жағдайға қатысты реакциясы да көп күттірмеді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынғанын еске салып:
– Бұл – барлық мектеп басшылығы үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Мұндай заңсыздық қайталанбауы керек. Кінәлілер жауапкершілікке тартылады, – деп мәлімдеген болатын.
Бұдан қандай қорытынды шығардық?
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаменті арнайы комиссия құрып, тексеру нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсін толық дәлелдеді. Мұғалімнің бұл жұмысқа тартылуы – еңбек заңнамасының тікелей бұзылуы екені анықталды. Бұл жағдайдан бері бірнеше ай өтті. Алайда, білім беру мекемелерінде мұғалімдерге тән емес жұмыстар жүктеу, оларды мерекелік іс-шараларға дайындыққа мәжбүрлеу сияқты мәселелер түбегейлі шешілді ме? Бұл сұрақ әлі де өзекті.
Семейдегі оқиға еліміздегі барлық білім беру мекемелері үшін сабақ болуы тиіс. Мұғалім – білім беруші, ол тек өз міндетін атқаруы керек. Мектептердегі мерекелік дайындық, техникалық жұмыстар арнайы мамандардың жауапкершілігінде болғанда ғана, осындай оқыс оқиғалардың алдын алуға болады.
Ең бастысы, бұл жағдайды ұмыт қалдырмай, қайталануына жол бермеу – білім саласындағы басты міндеттердің бірі болып қала беруі керек.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы мұғалімдер көптеген қиындыққа тап болып отырғанын айқын көруге болады. Ұстаздардың ұсынысын ескерсек, бұл мәселелерді шешу үшін кешенді мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, қоғам тарапынан мұғалімдерге деген құрмет артуы тиіс дейді. «Қазақстан психологиялық қауымдастығының» зерттеулері бойынша мұғалімдердің 60%-дан астамы кәсіби күйзеліс пен психологиялық ауыртпалықтар сезінетінін атап өткен. Бұл денсаулық мәселелері білім беру сапасына да кері әсерін тигізуде. Мұғалімдер мәселесі Қазақстанның білім беру жүйесінің маңызды элементі ретінде жан-жақты талқылануы керек. Оларға құрмет пен қолдау көрсету, кәсіби дамуын қамтамасыз ету, жұмыс жүктемесін азайту – бұл білім беру саласының тиімділігі мен дамуындағы негізгі қадамдар. Сонымен қатар, цифрландыруды күшейту, оқыту әдістерін жетілдіру және мұғалімдердің психологиялық денсаулығына мән беру арқылы Қазақстандағы мұғалімдер мәселелері шешілуі мүмкін.
ТҮЙІН. Мұғалім – ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға, сондықтан олардың мәртебесін көтеру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болуы қажет.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!