Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі алғашқы қоңырау салтанатына қатысты

01.09.2023, 10:00 223

HALYQLINE.KZ

Бүгін 1 қыркүйек – Білім күні. Биыл қаламызда 7 600 жас өрен мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Барлық баланың жүрегіне шуақ төгетін шырайлы мерекеде шаһар басшысы Асылбек Шаменов Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейіне барып, оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында толағай табыстар тіледі, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

«Сіздерден сапалы білім, саналы тәрбие алып өскен бәсекеге қабілетті балаларымыз Тәуелсіз еліміздің, Сыр өңірінің атын әлемге таныта берсін. Жаңа Қазақстанның шамшырағын жағатын жас ұрпақтың жолы ашық, мақсаты айқын, қадамы нық болсын. Әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін!», – деген қала әкімі Асылбек Шаменов білім саласындағы соңғы жетістіктер мен ауқымды жобаларға тоқталды.

Соңғы бір жыл ішінде қаладағы білім саласына бағытталған қаржы көлемі 57 млрд 360 млн теңгеге жетті. Соның нәтижесінде саладағы ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда.

Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» идеясы білім саласындағы ең ауқымды ұлттық жобаға айналды. Өңірде осы бағдарлама шеңберінде 21 заманауи мектеп салынатын болса, оның 8-і қалада бой көтереді. Биыл 5 мектептің іргетасы қаланбақ.

Сондай-ақ, шаһарда «Білімді қолдау қоры» есебінен құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайын» салу жоспарланды.

Сөз барысында қала әкімі «Біз болашақ ұрпаққа жол сілтейтін педагог еңбегін лайықты бағалап келеміз. Президент тапсырмасы аясында соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артты. Ал, бүгіннен бастап балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30 пайызға ұлғаятын болды. Биыл бала тасымалы мәселесі де шешімін тапты. Енді жаңа үлгідегі 7 автобус ауылдық жерлерден қатынайтын оқушылардың игілігіне қызмет етеді» деп, жағымды жаңалықтармен бөлісті.

Ерекше атап өткеніміз жөн, өткен оқу жылында үш ауысымдық мектеп деп танылған Абай атындағы, №3, №264 және №101 мектептердің жанынан қосымша ғимарат құрылыстары жүргізілген болатын. Жаңа оқу жылы қарсаңында аталмыш білім ордасымен бірге Абай атындағы мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Қалған мектептердің қосымша ғимарат құрылыстары жақын күндері аяқталады.

Сауатты да саламатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім әрқашан да маңызды сала болып қала бермек. Осы мақсатты ел Президентінің, Үкіметтің қолдауы негізінде білім саласы ауқымды өзгерістерге қадам баса бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: