Еліміздің білім беру саласында еңбек ететіндердің 73,8 пайызы – әйелдер. Мұндай дерек ranking.kz порталындағы мәліметте келтірілген.
Портал мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша, білім саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 154,6 мың теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 40,6 пайызға, инфляцияны ескергендегі шынайы өсімі 32,6 пайызға жетіп отыр.
Мектепке дейінгі білім саласы қызметкерлері бұл секторда ең төменгі жалақы алады. Олардың орташа жалақысы – 90,3 мың теңге. Инфляцияны қоса алғанда өткен жылдан бергі өсім – 21,5 пайыз.
Бастауыш білім беру сегменті қызметкерлері – 137,74 мың теңге, орта білім қызметкерлері – 171,8 мың, жоғары білім қызметкерлері 190,9 мың жеңге жалақы алады. Ал қосымша білім беру қызметі саласы қызметкерлерінің жалақысы 157,8 мың теңгеге, білім берудің өзге сегменттері қызметкерлерінің жалақысы 133,75 мың теңгеге жетті.
«Осы жылдан бастап педагогтерді аттестаттау жүйесі жетілдіріліп, біліктілік санаты үшін шекті баллға қойылатын талап күшейтілді. Білім беру ұйымдары басшылары үшін алғаш рет аттестатция енгізілді. Оның нәтижесінде лауазымдық жалақыға 30-дан 100 пайызға дейін үстеме қосылу арқылы санат беріледі. Басшылардың жалақылары алғаш рет жұмыс нәтижесіне байланысты сараланады» делінген портал ақпаратында.
Өңірлер шегінде білім беру саласындағы ең жоғары жалақы елордада тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы мұғалімдерінің жалақысы – 260,3 мың теңге. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 32,5 пайыз жоғары. Елорда ұстаздарының жалақысы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 1,7 есе асып түседі. Екінші және үшінші орында – Алматы (181,3 мың, өсім 27,5 пайыз) және Алматы облысы (158,5 мың, өсім 49,5 пайыз) тұр. Ең төменгі жалақыны Батыс Қазақстан облысының білім саласы қызметкерлері алады. Олардың жалақысы – 134,6 мың теңге. Бір жылдағы өсімі – 43,1 пайыз.
2020 жылдың 1-тоқсанындағы деректерге сәйкес білім саласында 1,1 млн адам жұмыспен қамтылған, жылдық өсім – 1,8 пайыз. Білім саласында жұмыс істейтіндердің 26,2 пайызы ғана – ер адамдар, ал қалған 73,8 пайызы – әйелдер. Секторда жұмыспен қамтылғандардың 98,5 пайызы – жалдамалы қызметкерлер.
Ult.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!