Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Планшет пе, кітап па?

26.01.2023, 11:40 710

Өткен жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептегі 1-сынып оқушылары сабақты кітаппен емес, планшетпен өтуі керектігін айтып, мұның дамыған елдерде әлдеқашан іске асқан жұмыс екенін алға тартты. Оған қоса, ҚР бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласына «осындай жаңашылдық қажет» деп, кітапты планшетке алмастыру қағидасын қолдаған.  Осы ұсыныс Үкімет отырысына жолданғалы бері көптеген ата-ана, қоғам белсенділері бұл жаңалыққа түбегейлі қарсылығын білдірді. Бірақ, осы ұсынысты қолдағандар да аз болмады. 

Бағдат Мусиннің айтуынша, бастауыш сынып оқушылары сабақта пайдаланатын кітаптары үлкен әрі ауыр болғандықтан, күнұзаққа ауыр кітаптарды өзімен бірге тасып жүру қиындық туғызып, олардың омыртқа ауруларына тез шалдығуына себепкер болады екен. Ал планшетке келсек,  оқушылар кітаппен немесе планшетпен оқитынын өзі шешеді. Яғни кітаппен оқимын деген білім алушыға күштеп планшет пайдаландырып қоймайды. Ал,  планшет арқылы өзге қажет емес дүниелермен танысады десеңіз,  ол құрылғыда тек сабаққа арналған бағдарламалар ғана қолжетімді болады.  Бұл дүние Үкіметке жолданбас бұрын бірнеше рет сараланып,  арнайы мамандардан оң пікір алған.

«Адамды  атам  еткен – кітап,  адамзат  еткен – кітапхана»  деген  сөздің  астарында даналық,  мол тәлім жатыр.  Осы сөз арқылы бүтін бір ұлтты кітаппен тәрбиелеуге болады деген түсінік бар.  Жалпы, кез келген дүние­нің пайдасы­мен қатар, зиянды тұсы да болады. Техника  баланы тәрбиелейді деген сөзден кейін, көпшілік осы планшеттің пайда­сына қарағанда зияны көп дүние екенін алға тартуда.  Бірақ министрдің айтуынша, мұндай планшеттер бала денсаулығына зиянсыз,  радио­активті сәулесіз жұмыс істейтін көрінеді. Бұл арқылы баланың ерте жастан көз аурулары мен көзінің көруі нашарлау қаупінің төмен екенін жеткізді. Негізінен, кітапқа қарағанда планшет арқылы біршама мүмкіндікті пайда­лануға болады. Тіптен планшеттің суретке түсіру, дыбыс ойнату деген функциялары кітапта болмағандықтан, оқушылар осының үлкен тиімділігін іске  асырады  деп  күтілуде.

Солай делік. Бүгінгі робототехника пәні де осы планшеттің көмегімен өткізіліп келе­ді. Бала­ларға ондағы қажетті бағдарламалар үйре­ті­ліп, оның функционалдық, менталдық ой­лауына жол ашылады.  Бұл – психолог маман­дардың пікірі.  Себебі бала дамыған орта­да бой түзегенде онда алға жылжу, даму идеяларының тез іске асатыны дәлелденген екен.  Мұны оқу-ағарту  министрлігі  де  қоштап  отыр.

– Планшеттердің көмегімен балалар цифр­лы сабақтарға, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізе алады. Интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақ­тарды, тапсырмаларды, білім беру ресурс­тары және оқулықтарды офлайн пайдалану мүмкіндігі болады. Егер, қандай да бір себептермен бала планшетті қолданғысы келмесе, онда ол әдеттегідей дәстүрлі оқулықтарды және стационарлық құрылғылардан білім беру ресурс­тарына қол жеткізе алады. Яғни планшеттер оқулықтарды алмастырмайды, бұл – оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады, – деді Оқу-ағарту  вице-министрі  Айбат Ілиясов.

Елімізде бұған дейін білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырым­дамасы бекіді. Осы тұжырымдама ішіндегі білім беру жүйесін цифрлық форматқа көшіру өз кезегінде іске асырылып жатыр. Оның ішін­де алдағы уақытта 9-11-сынып бітірген түлектерге берілетін куәлік пен аттестат QR форматына ауыстырылады. Бірақ, ол – алдағы уақыттың  еншісінде.

Планшет мектеп бағдарламасына енгізілген күннің өзінде, ол денсаулыққа берер зияны  төмен, сервистік қызмет көрсету мүмкін­дігі жоғары деңгейде болады. Бұл жауапкершілік қазақстандық байланыс операторларына жүктелу ұсынылды. Одан кейін ішкі корпоративтік стандартқа сәйкес, планшеттің бағасы мен сапа­сы соңғы нұсқа бойынша таңдалады. Егер де ата-ана планшетті сатып алатын болса, оның жарамдылық мерзімі 1-4-сынып аралығында қиындықсыз пайдалана алатындығына кепілдік беріледі деп болжанған. Ал, кепілдік берілмеген техника қысқа мерзімге ауыстыруға  арналады  деп  күтілуде.

«Планшет пе, кітап па?» деген сауал қойылған­да бұқараның пікірі екіге бөлінеді. Бірі мұның тиімді жағы көп екенін алға тарт­са, бірі бала тірідей әліппені ұстап, кітапты парақтап  ғана  зор  білімге  ие болатынын айта­ды.  Сол себепті, ата-аналар мен қоғам белсенділерінен пікір  алған  едік.

Айнұр  Үзенова, ата-ана:

– Бүгінгі баланың санасы техниканы тез меңгеруге қауқарлы. Себебі, жағдай баяғыдай емес, сәби жатырда жатқаннан бастап, анасы телефон пайдалану арқылы, іштегі балаға техника өз әсерін тигізеді. Бұны – бір делік. Қазақта «заманына қарай адамы» деген сөз бар. Яғни заман нені талап етсе, адамзат осы нәрсені өз өмірінде үстемдік етуіне мүмкіндік беру керек. Ол техникалардың жаңаруы мен жаңғыруы болсын, ол адамзат өмірі цифрлық дүниелерге тәуелді болуы болсын. Заман ағысына қарсы жүзбей, сонымен бірге әрекет етсек, оны жемісін жейтініміз айқын. Ал, планшет пен кітап мәселесіне келсек, балалардың дамуына планшеттің көмегі көп болады деп ойлаймын. Оның үстіне бұл ұсыныс түбегейлі кітап жойылып кетеді дегенді білдірмейді, керісінше, кітап пен планшеттің рөлі қатар жүреді. Оның үстіне баланың қай форматта оқитынын ата-ана мен баланың өзі шешу мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы уақытта бұл бір пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

Гүлмира  Бекмағамбетова, мұғалім:

– Бастауыш  сынып  оқушыларына  білім беріп,  тәрбиелеп  келе  жатқаныма  10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде оларды тек дәстүрлі кітаппен оқыту форматында жүзеге асырдық.  Енді планшетпен оқыту тәсілін пайдаланып көргенді  дұрыс  деп есептеймін. Бұл әдіс  дамыған мемлекеттерде бұған дейін қолданылып, өз нәтижесін берген. Планшетпен оқыту арқылы олардың мүмкіндігін арттырып, жаңа идеялық тапсырмаларға жол ашылады деп ойлаймын. Сондықтан, бұл бастама қолданысқа енсе, оқушылардың ғылым- білімге ізденісі артатыны сөзсіз. Әрине, ол үшін ауылдық жердегі интернет желісінің қолжетімді болуы маңызды. Ал бастама жаңа жетістіктерге  бастайтыны  айқын.

Сәуле  Әбілдаханқызы, журналист:

– Оқулықты, кітапты планшетке ауыстыруға қарсымын! Қай жағынан алып қарасаң да, бұл мүлде дұрыс емес! Күндіз-түні планшетке, соткаға үңілу баланың денсаулығына өте зиян. Онсыз да баланы гаджеттен айыру қиын. Кітап оқыту қиын…

Мысалы, бастауыш сыныптан орыс тілін, ағылшын тілін мүлде алып тастаңдар. Тек қазақ тілі оқытылсын. Музыка пәніне оқулық, кітап арқалаудың не керегі бар? Дінтану емес, Мәдениет сабағын оқытыңдар т.с.с. Онсыз да аты-жөнін қатесіз жаза алмайтын сауатсыз жастар көбейді. Оқулықты жойсаңдар, сауатты  болашақты жоясыңдар, – деп  жазды  Facebook әлеуметтік  желісінде.

Әлемжелідегі  жазбаға «Болашақта  кітап  деген қалатын секілді. Белін қайыстырып арқалап жүргенше, ішіне қаншама ақпарат сыйып кететін планшет дұрыс секілді, өз ойым» – деп, Ғабит Сазантегі есімді пайдаланушы пікір қалдырды. Мұнан бөлек, «Ештеңе кітапқа жетпейді, бірақ қазіргі кітап­тардың көлемін айта алмаймын, оны шағын етіп шығаруға не кедергі?! Өзіміз сондай кітаптармен өстік» деген пікірлер жазылды. Бұл арқылы  планшетпен оқыту әдісін  қолдайтындарының  пікірі  әлі  де  бір  жөнге  келмеге­нін  байқаймыз.

ТҮЙІН. Айтылған ұсыныс жерде қалмайды. Сол секілді қозғалған мәселелер де жерде қалмай,  жұмыс аясында оң шешімін тапса игі. Бұқара биліктің бұйрығына қарсы шықпайды. Тек атқарылатын жұмыс елмен бірге ақылдасып, жүзеге асуы тиіс. Бұл – біздің емес, халықтың талабы. Кітап орнын алмастырмайтын планшет қолданысқа ену үшін ұсыныс беруші министрлік бұған дейінгі жұмысты екі есе атқарады. Оның бірі интернет мәселесі болса, ендігісі – 1-сынып  оқушыларының планшетпен толық қамтамасыз етілуі. Бұл өз  кезегінде ешбір мәселесіз жүзеге асса жақсы. Заман көшіне ілесеміз деп, сапасыз жұмыстың  салдары  таяқ  болып  тимесін. Хош. Ендігісі  уақыт  еншісінде.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: