Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пәндік олимпиада жүлдегерлері марапатталды

30.12.2024, 18:40 97

HALYQLINE.KZ

Бүгін Арал аудандық мәдениет үйінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аудандық олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ізденімпаз, шығармашылық белсенділігі жоғары, жеңіс тұғырына шыққан жүлдегерлерді ұлықтау мақсатында өткен танымдық іс-шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, барша аралдықты мерекемен құттықтап, білім саласындағы нәтижелі жетістіктерге тоқталды. Пәндік олимпиадалардың маңыздылығын айшықтап, жетістікке жеткен ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

– Қадірлі ұстаздар, құрметті білім додасының майталмандары! Бүгін біз білім саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі – аудандық пәндік олимпиаданың қорытынды марапаттау кешіне жиналып отырмыз. Бұл кеш – білімнің, еңбекқорлықтың, табандылықтың және шығармашылықтың жеңісі. Алдымен Өздеріңізді санаулы күндерден соң төрімізге енгелі тұрған 2025 жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін! Жетістіктеріңіз көп болсын! Жыл соңындағы қорытынды кеш осы жыл бойы маңызды бастама ретінде қолға алынып, пәндік олимпиада бойынша өрбіген сайыстардың баршасы әлемге әйгілі классик жазушы, жазу өнерінің өресі биік өр тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойымен ұштасты. Біз Әбенің 100 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде өткердік. Түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, жас буынға рухани құндылық сыйлаған барлық іс-шараның өз мәнінде өтуіне Сіздердің де қалдырған қолтаңбаларыңыз ерекше болды. Келер жылы қолға алған әрбір бастамаларыңыз сәтті жүзеге асып, зерделі де зерек, білімді де білікті маман болыңыздар! Марапаттарыңыз бен барша жетістіктеріңіз құтты болсын, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Іс-шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аудандық олимпиада жеңімпаздары марапат төрінен табылып, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Салтанатты іс-шарада «Аманат» партиясы Арал аудандық филиалының төрағасы Базарбай Шөменұлы өзінің ізгі лебізін білдіріп, білім додасында басқалардан бәсі биік өзге де қатысушыларды ынталандыру сыйлықтарымен марапаттап, үздіктерге ерекше құрмет көрсетті.

Ұстаздар қауымының көңілін шаттандырған тағылымды іс-шарада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Ж.Жақып, ардагер ұстаз, «Үміт Арал» газетінің редакторы Е.Абдулла және жас ақындардың бірі Д.Аманжолұлы Әбе болмысына арнаған арнау өлеңдерін жиналғандар назарына ұсынды.

Тағылымды іс-шара түрлі жанрдағы концерттік бағдарламамен түйінделді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: